Бір топ ата-ана Тшановтың тыныштығын бұзды

Автор: Azattyq Rýhy

Бүгін бір топ ата-ана Алматыдағы Республикалық спорт колледжі ғимаратының алдына келіп, оқу орны директорының жұмыстан кетуін талап етті

Шағымданушылардың айтуынша, колледжде тәлім алып жатқан балалары үш жылдан бері жаттықтырушылардан қысым көріп келеді. Оқу орнындағы ішкі жағдайдың күрделенуінен оқушылар мен студенттер бұл күндері сабаққа баруды да доғарған.

Бұған дейін колледжде жас таэквондошыларды тәрбиелеп келген Төлеген Тілеумұратов есімді жаттықтырушы 2 қыркүйектен бастап қызметінен шеттетіліп, орнына басқа жаттықтырушылар келген. Алайда, оқушылардың ата-аналары жаттықтырушының жұмысынан заңсыз шеттетілгенін айтып, оны қызметіне қайтаруды талап етіп отыр. Тәрбиеші Т.Тілеумұратов «Azattyq Rýhy» тілшісіне берген сұхбатында бұрынғы қызметіне қайта оралуға қарсы еместігін айтты.  

Фото: жаттықтырушы Төлеген Тілеумұратов

Қызметінен шеттетілген қызметкердің орнына келген жаңа жаттықтырушылар бұл балалармен бұрын да жұмыс істеген. Алайда, интернатта жатып, колледжде білім алушылар «қайта оралған» жаттықтырушылардың бұған дейін өздерін ұрып-соққанын, әлімжеттік көрсеткенін айтып, ендігіде олармен бірге жаттыға алмаймыз деп отыр. Балалардың аналары бұл мәселенің үш жылдан бері оң шешім таппағанын айтады. 

«Директордың өзі бізге «Қайда барсаң, онда бар! Мен құрметті адаммын. Не істесеңдер оны істеңдер!» деп отыр. Үш жылдан бері осы кісіден қысым көріп келе жатырмыз. Балаларымызға жаттықтырушылар тарапынан әлімжеттік жасалды, ұрды, соқты. Ал, ол бапкерлерге ештеңе де болған жоқ, осында әлі жүр», - дейді шағымданушы ата-аналардың бірі Сымбат Әбдірахманова.

Колледж директорымен сөйлеспек болған бір топ ата-ана мен балаларын күзетші ғимаратқа кіргізген жоқ. Естеріңізге сала кетейік, Алматыдағы «Республикалық спорт колледжінің» директоры - Амалбек Тшанов. Ол бұл қызметті 2008 жылдан бері атқарып келеді.  

Коллледж директоры мен жаттықтырушылары айналасында басталған шуға байланысты мәселені анықтау үшін Спорт және дене шынықтыру істері комитеті басшысының атына хат жолдадық. Ресми жауапты алдағы уақытта сайтымыздан оқитын боласыздар.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы