«Жасанды кептіру жұмыстары жүріп жатыр»: тұрғындар Кіші Талдыкөлдің тағдырына алаңдаулы

Автор: Azattyq Rýhy

Белсенділер Кіші Талдыкөлді жартылай болса да сақтап қалу керек дейді

Елордалық табиғат жанашырлары Кіші Талдыкөлдің тағдырына алаңдаулы. Олардың айтуынша, бүгінгі таңда табиғи су қоймасын жасанды кептіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.

Бұл жағдай өз кезегінде жергілікті фаунаның тыныс-тіршілігіне кері әсерін тигізеді дейді Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қауымдастығының өкілдері. Кіші Талдыкөлде жүргізіліп жатқан құрылыс, қазба және де мынадай су сорғылау жұмыстары заңсыз дейді табиғат жанашырлары. Өйткені көпшіліктің рұқсаты жоқ. Мәселен, Сығанақ көшесі жағындағы ауданында көпқабатты үйлер мен балаларға арналған ойын-сауық орталықтары салынып жатса, келесі тұсында сауда үйі болады дейді куәгерлер.

«Былтыр қараша айынан бері көлге топырақ төгу жұмыстары басталды. Жасанды жерге коттедж және таунхаус қалашығы салынып жатыр. Мердігер мекеме белгісіз. Ешкім ештеңе айтпайды. Ал су сору құрылғысын 12 маусымда байқадық. Менің ойымша, мотопомпа тек түсте емес, түнгі уақытта да қосулы тұрады. Мұндағы аң-құстар дырылдаған дыбысынан үркіп, қайда тығыларын білмей жатыр. Қазір олардың ұялайтын кезеңі. Су деңгейі жасанды төмендетілген соң «Кіші Талдыкөл өздігінен кеуіп жатыр» деп құрылыс жұмыстарын әрі қарай жалғастыра бермек ойы бар бұлардың», - дейді Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының ғылыми қызметкері Руслан Оразалиев.

Айтылған түйткіл жайлы таяуда ғана қала әкімі Алтай Көлгінов пікір білдірген еді.

«Дәл ортасында құрылыс жүріп жатқан жоқ. Оның бірнеше нүктесі бар. Соны бөлу керек шатасып кетпес үшін. Үлкен Талдыкөлдің суы азайып келіп жатыр. Осыдан 4-5 жыл бұрын 57 млн текше метр болған. Қазір соның бергі жағында кіші өзендер бар. Ол су нысандары өзен де, көл де емес. Оған кәріз желілерінен су келіп жатыр», - деді Алтай Көлгінов.

Белсенділердің айтуынша, Кіші Талдыкөлдің суы Үлкен көлдегі судан әлдеқайда таза. Мұны қауымдастықтың ғылыми қызметкерлері де растап отыр. Әйтпесе, көл бетіне құс қонбас еді. Осыған байланысты Кіші Талдыкөлді жартылай болса да сақтап қалу керек дейді белсенділер.