$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Каспий құбыр консорциумы 1 айға тоқтады: Қазақстан бюджетіне келетін шығын көлемі қанша

Қазақстан үшін тығырықтан шығудың ұзақмерзімді әрі тиімді жолы – мұнай тасымалдауда баламалы бағыттар іздеу

Каспий құбыр консорциумы 1 айға тоқтады: Қазақстан бюджетіне келетін шығын көлемі қанша
Коллаж: Azattyq Ruhy

Биылғы сәуір-мамыр айларында Каспий құбыр консорциумы айлақтардағы апаттардан кейін терминалға «Ростехнадзор» инспекциясы келіп, бірнеше тәртіпбұзушылықты анықтады. Іс жүзінде Каспий құбыр консорциумы наурыздан бастап 100% толықтай жұмыс істеген жоқ. Бастапқыда дауыл салдарынан консорциумы мүлдем жұмыс істемеді, кейін 30%-ға, одан соң Энергетика министрлігінің мәлімдемесімен 50%-ға ғана іске қосылды. Енді күні кеше консорциум терминалы арқылы мұнай экспорты бір айға тоқтатылатыны туралы мәлімет шықты. Шектеуді Новороссийскінің Приморск аудандық соты енгізді. Ростехнадзор сотта құбырдың жұмысын үш айға тоқтата тұруды сұраған. Ал Консорциумда бұл үкіммен келіспейтіндерін мәлімдеп, Краснодар өлкесінің Новороссийск сотына өтініш жіберді.

Егер іс жүзінде Каспий құбыр консорциумы жұмысы 1 айға тоқтайтын болса, Қазақстан экономикасына қандай залал келетінін Azattyq Ruhy тілшісі анықтап көрген еді.

Сарапшы, экономист Мақсат Халықтың айтуынша, 1 айда Қазақстан бюджеті 500 млн доллар көлемінде «зиян» көруі мүмкін.

«Наурыз айында апат орын алды деген ақпарат шыққан кезде, есептелген шығын көлемі ˗ 300 млн доллар. Сол кезде құбырдың біраз бөлігі жұмыс істеп тұрған еді. Бұл жолы мәселе құбыр жұмысының мүлдем тоқтап қалуында болып отыр. Меніңше, шығын көлемі 500 млн доллармен шектелмейді. Оның залалы орасан болғалы тұр. Себебі, Теңіз бен Қарашығанақтағы мұнай бұрғылау процесі тереңінен жүргізіледі. Бұл фаза тоқтайтын болса, жер бетіне келіп тұрған мұнайдан айырылып қаламыз. Сондықтан мұнай өндіру орындарында өндірісті тоқтатуға мүлде жол беруге болмайды», - дейді сарпшы.

Оның айтуынша, өндіріс тоқтамаған жағдайда 1 айлық мұнайды сақтайтын қойма болуы керек. Ондай мұнай сақтайтын орын бізде жоқ.

«Бізде мұнай мен газ сатудан түскен салық есебінен бюджеттің 50 пайызы құралып отыр. Демек, біраз бюджеттік кірістен айырыламыз, бұған қоса экспорт әлеуетіміз де нашарлайды. Егер біздің мұнайымыз Еуропаға уақытында жетпейтін болса, онда баламалы логистикалық тізбектерді іздеуіміз керек. Мысалы, Баку 20 млн баррельге дейін қабылдай алады, бірақ оған тиісті техникалар қажет болады. Оның барлығы біз үшін шығын болғалы тұр. Оның үстіне, бәрібір Каспий құбыр консорциумының орнын толықтай алмастыра алмаймыз. Қалай болған күнде де жұмысты тоқтатпаған дұрыс», - дейді М. Халық.

Консорциумдағы экологиялық мәселелерге қатысты дау өткен жылдың тамыз айында басталды. Ол кезде Новороссийскідегі апатта мұнай төгілді. «Роспотребнадзордың» өтініші бойынша сот Каспий құбыр консорциумын 5 миллиард рубльден астам шығынды өтеуге міндеттеді. Компания бұл соманы бір апта бұрын ғана төлеп бітірді.

Мұнай сервистік компаниялар одағының төрағасы Рашид Жақсылықовтың айтуынша, консорциум жұмысының тоқтауынан Қазақстан бюджетіне келетін залал көлемі ˗ 300 млрд теңге (шамамен 1 миллиард доллар).

«Қазақстан осы айда бюджетке түсетін салық түсімдерінің 50%-ын, экспорттық түсімдердің 70%-ын жоғалтады. Долларды мұнай-газ саласы қамтамасыз етіп отыр, егер бір айдың ішінде ел бюджетіне шетел валютасы құйылмаса, теңге одан да құлдырайды. Қазір жағдай тұрақты емес. Новороссийск қаласының Приморск аудандық сотының 5 шілдедегі шешімімен ҚІЖК-ні 30 күнге жабудың себептері экологиялық бұзушылық емес деп ойлаймын. Барлығы саяси жоспар», - дейді Р. Жақсылықов.

Оның айтуынша, әлемдік нарыққа мұнай өндіру көлемінің 1,5-1,8%-ы Қазақстанға тиесілі. Қазақстандық «қара алтынның» үлесі Италияда жалпы мұнай көлемінің 30%-ын, Германияда – 30%, Нидерландыда – 24%, Франция мен Голландияда – 15%-ын құрайды.

«Еуропа үшін Қазақстан мұнайының тапшылығы айтарлықтай соққы болайын деп тұр. Өйткені олар ресейлік мұнайға эмбарго қояды, сондықтан бұл елдерде көмірсутегінің тапшылығы байқалады. Бұл мәселені шешудің уақыт жағынан тиімді жолы – Ресеймен келісімге келіп, Каспий құбыр консорциумының жұмысын жалғастыру. Бірақ саяси тұрғыдан өзімізді жоғалтып алуымыз мүмкін. Бұл жерде өте сақ болу керек. Үкімет әрбір қадамды есептеуі тиіс», - дейді сарапшы.

Р. Жақсылықовтың айтуынша, Қазақстан үшін тығырықтан шығудың ұзақмерзімді әрі тиімді жолы – мұнай тасымалдауда баламалы бағыттар іздеу.

«Әрине, біз мұнай-газ саласындағы коммуникация мен логистиканы әртараптандыруды күшейтуіміз керек. Еуропаға Ақтау – Баку – Тифлис – Джейхан арқылы, шығысқа Қытай арқылы жете аламыз. Бізге ешқандай инвестор тартпай-ақ, Қазақстан мұнайын Еуропаға жеткізу үшін өзіміздің логистикалық схемамызды құруымыз керек. Мұнайды Грузия арқылы жөнелтетін болсақ, тасымалдау барреліне 9 долларға қымбаттайды, бірақ бізде басқа балама болмай тұр», - дейді ол.

Нарық заңы бойынша сатып алушы болса, сатушы табылады. Осы ретте, Еуропа КҚК арқылы мұнай тасымалдауға рұқсат берілгенін күтіп отырмайды, басқа жеткізушілер табылады. Ал Қазақстан ең ірі мұнай импорттаушыларынан айырылып қалуы мүмкін.

Серіктес жаңалықтары