Ұлтуар, Ұлжан, Ұлбала: бойжеткендер арасында есімін ауыстыру үрдісі қалыптасып барады

Автор: Айжан Бақдаулетқызы

Ислам діні есім ауыстыруға қалай қарайды?

Елімізде соңғы жылдары Ұлтуар, Ұлдана, Ұлбала секілді «ұл» сөзі бар бойжеткендер арасында атын ауыстыру жиіледі. Мұның себебі неде? Бұдан бөлек қазақы ұғымға жат, арабша есімдер де көбейген. Сол сияқты қазір адамдардың да есімі жиі қайталанады, мысалға бір сыныпта Әлихан есімді екі ұл, Айша есімді үш қыз отыруы мүмкін. Azattyq Ruhy тілшісі осы үш мәселеге қатысты мамандардың пікіріне жүгініп, проблеманы жан-жақты анықтап көрді.

 «ҚАНША ДӘСТҮР ДЕСЕК ТЕ, ҚАЗІР ОДАН БАС ТАРТУ КЕРЕК»

30 жастағы Алматы тұрғыны Ұлтуар осыдан екі ай бұрын әжесі қойған есімін өзгертіп, Айша деген есімді алған. Атын ауыстыруды 16 жасынан бастап қалаған ол нақты шешімді псиохотерпевтің сеанстарынан кейін қабылдағанын айтты.

«Мен үйдегі төртінші қызбын, менен кейін екі інім бар. Ата-әжем Тараздың тумалары, анам төрт қыз қатарынан дүниеге әкелген соң, әжем осылай ырымдап қойған екен. Алдымдағы әпкемнің есімі Үміт (күліп). Біреулер «соны да сөз етіп, есімін ауыстырғаны несі» деп сынап жатыр қазір. Бірақ бұл есімге қатысты менде балалық травмалар көп. Мектепте сыныптас ұлдар «қызтуар», «ұлтумас» деп мазақ ететін. Мен қайда барсам да өзімнің есімімді айтудан қысылатынмын. Әкем менің ұл болғанымды қатты қалаған, әлі күнге дейін «осы қызым ұл болғанда ғой» деп сол кездегі арманын айтып отырады. Осының кесірінен де болар мен бүгінге дейін өзімнің тәнімді, есімімді қабылдамай келдім. Мінезім еркекшора болды, себебі мектепке барғанша әкем шашымды ұлдардыкіндей қысқартып, костюм-шалбар кигізетін. Алғашқы қоңырауға мен ұлдар сияқты киініп барғанмын.

Қазір қарап отырсам, әкем мен әжемнің көңілінен шығамын деп өзімнің арман-мақсаттарыммен емес, өзгелердің қалауымен жүрген екенмін. Ұлтуар деген есімім маған үнемі сүйкімсіз болып естілетін. Сыныпта Айару, Дана, Тоғжан, Құралай деген қыздардың есіміне іштей қызығатынмын. Оның үстіне мен орыс сыныбында оқыдым, сыныптағылар да, ұстаздарым да есімімнің мағынасын сұрайтын. Әкем мен әжем менің ұл болғанымды қалағанын, менен кейін үйде ұл баланың дүниеге келгенін қалағаннан осындай есім қойғанын айтқанда, бәрі таңғалатын. Айта берсем есіміме байланысты хикаялар көп. Әкем мен әжемнің қалауы – менің қалауым емес. Егер есіміңіз өзіңізге ұнамаса, өзгертуге толықтай құқылысыз», – деді кейіпкеріміз.

Кейіпкеріміздің айтуынша, есімін ауыстырғаннан кейін бойында өзіне деген сенімділік пайда болып, ішкі комплекстерінен арыла бастаған.

«Мүмкін бұл өз өзімді алдаусыратқаным шығар. Бірақ есімімді өзгерткелі бойымда өзіме деген сенімділігім артты. Қазір танымайтын адамның алдында есімімнің мағынасын түсіндіріп ақталмаймын. Әкеме деген ренішімді де жеңіп келемін. Үйдегілер шешіміме құрметпен қарады. Бірақ бәрібір Ұлтуар деп айтып қояды, уақыт керек деп ойлаймын. Жалпы перзентіңнің ұл болуына деген қалауды қызыңның есіміне теліп қоюға болмайды. Қанша дәстүр десек те, қазір одан бас тарту керек. Бәрі де бір Алланың қалауымен деп сенеміз де, осындай екінші біреуге зияны тиетін наным-сенімдер арқылы екінші баланың психикасын құртамыз. Мен өзімнің балаларыма есім берген кезде мұндай дискриминацияға жол бермеймін», - деді алматылық тұрғын.

«ҚЫЗДАР ТАРИХИ САНАМЕН САНАСУЫ КЕРЕК»

Azattyq Ruhy тілшісі қазіргі қазақ антропонимикасындағы өзгерістер мен ерекшеліктер жөнінде сарапшылардан сұрап көрді. 1998 жылдан бастап қазақ есімдерін зерттеп жүрген ғалым, филология ғылымдарының докторы Бекжан Әбдуәлиұлы аталмыш есімдердің шығу тарихын былайша түсіндіріп берді.

«Қазіргі кезде кейбір жастарымыздың  өз атына көңілі толмай, құжат бойынша өзгертіп жатқанына куә болып жүрміз. Соның бірі ұл перзентті армандаумен тығыз байланысты қойылған Ұлбала, Ұлбосын, Ұлтуар т.б. секілденіп келеді. Ұлды армандаудың қыз баланы кем көруге қатысы жоқ, оның бірнеше тарихи себебі бар.

Біріншіден, қазақ ежелден ат үстінде өмір кешкен халық. Ал мұндай тұрмыс табиғаттың қатал заңына бейім болуды талап ететін де ер адамдарға деген сұраныс жоғары болды. Тарих сахнасына шыққаннан бергі өткенімізге қарасақ үнемі сыртқы жауларға қарсы күресумен келеміз. Бұл жағдай да ер адамдардың шығынын арттырып отырды. Шаңырақтың бүтіндігі мен елдің амандығы тікелей ер адамға байланысты болды. Осылайша тарихи санамызда қалыптасқан ұғым ұлға деген құрметті арттырды», - дейді ғалым.

Бекжан Әбдуәлиұлы сөзін жалғай отырып, әкені болашақпен жалғастырып отыратын ұл болғандықтан, атым өшпесін деген тілек ертеден санамызға сіңгенін қозғап өтті.

«Ислам діні келмей тұрған надандық дәуірінде отбасында қыз баланың туылуы үлкен қасірет саналған. Әкесі қатты намыстанып, оларды тірідей көмген кездері де болған екен. Сол сияқты Қытайда бір баламен шектеу талабы қойылғанда, ұрпағын ұлдан тарататын халық, іште жатқан сәбидің қыз екенін білген сәттен одан құтылуға асыққан. Бұған кейіннен ғана тыйым салынғаны туралы ақпарат көпке мәлім. Ал біз іште жатқанында немесе дүниеге келгенде қыз болғаны үшін сәбиді өлтірген жоқпыз, тек есім арқылы Жаратушыға тілегімізді жеткіздік. Қызымның жалғасы ұл болсын деген ішкі тілекті баланың есімі арқылы білдірдік.

Қазақ қызын «жат жұрттық» деп қашанда еркелеткен, төркіндеп келсе төрден орын беріп, көңілін аулап, жиендеріне тай мінгізіп, барынша сый-сияпат көрсеткен. «Жиен ел болмайды...» дегенде қыздан туған перзентін шетке теуіп отырған жоқ, оның өз руы, өз атасы бар екенін меңзеп отыр. Сондықтан қыздарымыз осыны білгені дұрыс.

Есімдер қорында Жаңыл, Үміт, Ұлмекен, Сағыныш т.б. ұл тілеуден туған есімдер бар. Алайда олардың мағынасында асыл тілекпен сабақтасып жатқан ақ пейіл, асыл мұрат, Жаратушыға деген ұлы сенім секілді қасиет-кие бар. Сондықтан қыздырымыз мұндай есімдерге намыстанбауы керек. Дәстүрге тереңірек бойлап, әке-шешесінің де тарихи санасымен санасуы керек. Бүгінге дейін осы мағынадағы есімдермен қаншама қыз өтті, қаншама қыз бақытты ғұмыр кешіп жатыр», - дейді филология ғылымдарының докторы.

КІРМЕ ЕСІМ ТӨЛ ЕСІМГЕ ҚАЛАЙ АЙНАЛАДЫ

Ғалым кісі аттарының сырттан енуі бұрын да болғанын, болашақта да жалғаса беретінін айта келе қазіргі сырттан еніп жатқан көптеген есімнің бәрі бірдей «қазақ есімдері» деген болмысқа сай келе бермейтінін мәлім етті.

«Олардың сипатынан екі бағытты байқаймыз: бірі – Еуропа, Америкадан келіп жатқан есімдер, ал екіншісі – діни сенім бойынша араб тілінен енген есімдер.

Билклинтон, Жакширак, Жанетта, Белла т.б. біраз есімнің балаларға қойылғаны рас. Бұл есімдер белгілі бір эмоциямен қойылғаны белгілі, сондықтан олардың жиілігі де төмен, тілде тұрақтап қалу мүмкіндігі де жоқ деуге болады. Сондықтан бұл жағдайды кісі есімдерінің дамуындағы дағдылы құбылыс ретінде санау керек.

Діни сенімге байланысты қойылған есімдер қатары әлі де көп. Бұрын қазақ тілінің заңдылықтарына сәйкес Әбдіжәміл, Әбдірахман, Әбсәмет, Әбілмәжін т.б. түрінде енген. Бұл есімдерді тіліміз бен дінімізге қайшы келмегендіктен, төл есімдеріміз ретінде қабылдадық, осылайша есімдер қорымызға сіңісіп те кетті. Ал қазір арабша қалай айтылса, солай жазып, айтуға әуестеніп барамыз. Мәселен өз тіліміздің заңдылықтарына сай жазылған Ыбырайым, Ыбырай есімдерін араб тіліндегі үлгіде Ибраһим деп жазып жүрміз», - деді ол.

Сөз арасында кісі есімдері қоғамдағы өзгерістерге сай жаңаша түрленіп отыратынын, тарихи негізін сақтай отырып, тілдің өзінен жаңа есімдер жасалып, сырттан алынатынын, ал кей жағдайда көнеріп қалған тарихи есімдер қайта жаңғыратынын айтып өтті.

«Қандай өзгерістерге түссе де ең негізгісі – тілдің дыбыстық заңдарының сақталуы. Мысалы қазір белсенді қолданылып жүрген Медина (Мәдина), Айша, Әмина деген аттардың кірме екенін білсек те, бөтен деуге аузымыз бара ма? Араб тілі бізге жат болғанымен, Ислам – өз дініміз ғой, он ғасырға жуық тарихымызды өмірімізден қалай ысырып тастаймыз?!

Діни ағымдардың теріс әрекеттерінен безінген көптеген адам бүгінде Ислам десе кірпідей жиырылатын халге жеткен. Бұл да дұрыс емес. Тіліміз бен ділімізді сақтай отырып, соңғы жылдарда басқаша формаланып әрі құжаттарда түрліше таңбалап жүрген есімдерімізді қайта қалпына келтіруіміз керек. Бұл – ресми мәселе. Бабалар салып кеткен құндылықтарымызды қайта жаңғыртып, қоғамдық сананы қалпына келтіре алсақ, кісі есімдері де өзінің байырғы қалыбын табады деп ойлаймын», - деп Бекжан Әбдуәлиұлы ойын аяқтады.

«ӘЙЕЛДЕРДІ ШЕЖІРЕГЕ ҚОСУ КЕРЕК»

Қазіргі қазақ антропонимикасын зерттеп жүрген шежіреші Қайыр Рысбаев бүгінгі таңдағы балалардың есімдері жиі қайталанатынын айтуда.

«2021 жылы Қазақстанда 450 мың бала дүниеге келді. Бұл – Қазақстандағы рекорд. Туған балалардың өсім санымен бірге оларға қойылған есімдерге қатысты мәселе туындайды. Қазақтар Еуропаның басқа халықтарына қарағанда әртүрлі есімдердің бай жиынтығына ие. Бірақ соңғы жылдары адамдар жиі кездесетін жалпы есімдерді бере бастады. Осының кесірінен қазақ антропонимикасының бай мұрасы жоғалуда. 2021 жылы туған ұлдардың 14,5%-ы және қыздардың 25,5%-ы ең көп таралған 10 аттың бірін алды. Бұл балабақшадағы балалар топтарында, мектеп сыныбында, университет топтарында аттас адамдардың көп болуына әкеледі.

Бұрын қазақ сыныптарында орыс сыныптарына қарағанда аттас есімдер сирек кездесетін болса, қазір бір сыныпта үш Әлиханнан бар. Статистикаға сүйенсек, әйел есімдерінің әртүрлілігі ерлерге қарағанда әлдеқайда төмен. Әйел есімдері ерлерге қарағанда жиі қайталанады. Мүмкін оның себебі – көп жағдайда әйелдер шежіреге кірмейді және тиісінше, бірегей әйел есімдері сақталмайды және ұмытылмайды. Сондықтан әйелдер антропонимикасын сақтау үшін әйелдерді шежіреге енгізу мәселесін көтеру керек», - деді маман.

Қайыр Рысбаевтың пікірінше, шежіреге әйелдерді қосу арқылы – сирек кездесетін мағыналы, көркем есімдерді табуға болады.

«Шежіренің кез-келген кітабында мағыналы, әдемі, сирек кездесетін есімдерді таңдауға болады. Егер шежіреге әйелдерді қосқан болса, осы арқылы әйелдердің ерекше есімдерін таңдауға болады. Кітап дүкендерінде түрлі кітаптар мен қазақ есімдерінің анықтамалығы сатылады. Баланың атын таңдау құқығын шежірені, қазақ тілі мен әдебиетін жақсы білетін ересектерге берген дұрыс. Оларда қазақ есімдерінің бай қоры бар. Ал егер есім қоюды жастарға беретін болсаңыз, олардың өмір тәжірибесі аз болғандықтан және қазақ есімдерін кеңінен білмегендіктен, өзі күнде жиі естіп үйренген, бүгінде көп таралған есімдерді береді», - деді ол.

ИСЛАМ ДІНІ ЕСІМ АУЫСТЫРУҒА ҚАЛАЙ ҚАРАЙДЫ?

Ислам дінінде сәби өмірге келгенде әке-шешенің мойнына жүктелетін міндеттердің бірі, баланың құлағына азан шақырып жақсы ат қою. ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің маманы Алтынбек Ұтысхан дінде де балаға жақсы ат қою бұйырылғанын айтады.

«Азан шақырып ат қою Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) бері келе жатқан үрдіс. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ат қою жөнінде бірнеше өсиет пен ескертулер жасаған. Бір хадисте: «Қиямет қайымда әркім аттарымен және әкелеріңнің есімімен шақырыласыңдар. Олай болса жақсы ат қойыңдар» деген. (Бухари, Әдеб, 108) Дүниеге келген сәбиге бір жетіге дейін ат қойған абзал. Сондай-ақ хадис-шәрифте «Есімі жаман болған адам оны әдемі атқа ауыстырсын» деп бұйырылған. (Бәриқа) Яғни балаға жақсы есім таңдалсын, ол сол арқылы өз ғұмырында бақытты, дұрыс жолда болады деп ескерткен. Жас нәрестеге түсініксіз, бақытсыздық шақыратын кәпірдің есімін қоюдан да аулақ болу керек», - деді дін маманы.

Айта кететіні, күніне БҰҰ-ның халық мәселелері жөніндегі қоры 2019 жылы жүргізген зерттеу жұмыстарына сүйенсек, Қазақстанда «ұл» сөзінен басталатын есім қазір 75 400 қыз-келіншекте бар екен.