Жаңа министрлік мәселе осы аптаның соңына дейін шешіледі деп уәде берді
Соңғы екі аптадан бері әлеуметтік желіде «еңбек демалысымыздың ақшасын ала алмай отырмыз» деп жан айқайын жеткізген ұстаздар көбейді. Бәрінің жазатыны бір мәселе – маусымның басынан бері демалысқа шыққан ұстаздарға үш күн ішінде төленуі тиіс еңбек демалыстарының ақшасы берілмей жатыр. Azattyq Ruhy тілшісі мәселенің мән-жайын анықтап білді.
Мәселен, Ақмарал Шатемірқызы есімді ұстаз «Алматы қаласының 15.06.2022ж. кезекті демалысқа шыққан мұғалімдері демалыс еңбекақысын әлі алған жоқ» деп хабарлап отыр.
«Бүгін 8-күн. Еңбек кодексінің 92-бабының 4-бөлімінде «Жыл сайынғы еңбек демалысына ақы төлеу — ол басталғанға дейінгі үш жұмыс күнінен кешіктірілмей, ал еңбек демалыстар кестесінен тыс берілген жағдайда, ол берілген күннен бастап үш жүмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі» делінген. Мұғалімнің жанға жайлы, уақтылы демалысына, қаражатын тиімді жұмсауына мойын бұрғызбай отырған азаматтар, себебін түсіндіріңіздерші», - дейді амалы таусылған ол.
«БӘРІНЕ КІНӘЛІ – БҰРЫНҒЫ БҒМ-НЫҢ ТЕРІС ЕСЕБІ...»
Мәжіліс депутаты Юлия Кучинская болса бұл мәселені Парламент деңгейінде көтеріп, қолда бар деректері арқылы неге ұстаздар ақша ала алмай отырғанын түсіндірген. Оның айтуынша, маусымның басында демалысқа шыққан 300 мың ұстаздың жартысына әлі күнге дейін демалысының ақшасы төленбеген.
«Оның себебі, құрметті Асхат Қанатұлы (бұрынғы Білім және ғылым, қазір жаңадан құрылған Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов – агенттік) Сіздің ведомстваңыздың бюджетті жоспарлау ісіне салғырттық танытуы болып отыр», - деп депутат бұл сөзінің себебін түсіндірді.
Біріншіден, «Педагог мәртебесі туралы» заңға сәйкес, 2021 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мектеп ұстаздарына түсетін салмақ аптасына 18 сағаттан 16 сағатқа дейін қысқарған.
«Осы заңды талқыланған кезде Парламентке келген министрлік өкілдері бұл өзгеріс республикалық бюджеттен қосымша қаржы талап етпейді деп сендірген. Бұл сөздер стенограммада бар», - дейді депутат.
Осылайша, министрлік осы өзгеріске кететін шығынды оқушылар мен ұстаздарға түсетін салмақты пропоционалды түрде қысқарту арқылы жабамыз деп ойлаған.
«Алайда министрлік іс жүзінде сағаттарды қысқартпаған. Сондықтан, шығын да көбейген. Ақырында, министрліктің теріс есебі, артынша мәселені ашып айтпай, бюджетті нақтылау кезінде де үндемей қалуының салдарынан бюджет қаражаты жетпей қалған. Бюджеттегі тапшылықты өңірлер қолдан келгенше жауып отырған», - дейді депутат.
Ақырында, жыл бойы министрліктен қатенің тесігін жауып отырған аймақтар мамыр айында ұстаздардың жалақысын төлеуге, маусым айында демалысқа шыққан мұғалімдердің еңбекақысын төлеуге ақша таппай қалған.
«Мұғалімдердің еңбек демалысы мен денсаулықты сауықтыруға төленуі керек қаражат – 30 млрд теңге», - дейді депутат министрліктің ұстаздар алдында қанша қарызы бар екенін есептей келе.
Ең қызығы, Кучинская да, ұстаздар да министрліктің осы мәселеге қатысты жақ ашпағанына таң қалып отыр. «Бұл – нағыз масқара», - дейді депутат.
МИНИСТРЛІК АПТА СОҢЫНА ДЕЙІН 30 МЛРД ТЕҢГЕНІ ҚАЙДАН ТАППАҚ?
Бірнеше аптадан бері осы мәселеге қатысты «ұйықтап» жатқан министрлік бүгін, 23 маусымда аяқ асты «оянып», ұстаздардың алдындағы қарызын апта соңына дейін тауып береміз деп уәде етті.
Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев «бәріне кінәлі жергілікті органдар» дегенді айтады.
«Еңбек демалысы мен ай сайынғы еңбекақы жергілікті бюджет есебінен (әкімдіктер) төленетінін еске сала кетейік. Сонымен қатар талдау барысында министрлік бірқатар өңірде 28 млрд теңге көлеміндегі қаражат уақытылы аударылмағанын тіркеді. Мұның басты себебі – қаражаттың жетіспеушілігінен емес, керісінше жергілікті деңгейдегі жұмыстар мен рәсім мәселелеріне байланысты болып отыр», - дейді ол.
Вице-министр өз сөзінде бұл мәселеге білім басқармалары жауапты екенін айтып өтті.
«Бұл мәселелер толығымен жергілікті білім басқармаларының құзыретіне жатады. Сондықтан мұндай мәлімдемелерге жауапкершілікпен қарап, кейбір мәселелердің қай мемлекеттік органдардың құзырында екенін ескеруді сұраймыз», - деп, сес көрсеткендей күй танытты.
«Мәселе министрліктің бақылауында тұр. Әкімдіктердің мәліметінше, төлем мәселесі бір апта ішінде шешіледі. Сапаны қамтамасыз ету жөніндегі өңірлік департаменттер білім беру саласы қызметкерлеріне ай сайынғы еңбекақыны уақытылы төлеуін бақылауды жалғастырады», - дейді ол.