Ар-намысы аяққа тапталған қыз кінәлі адам жазадан құтылып кете ме деп алаңдайды
Түркістан облысында алып қашу мен зорлықтың құрбаны болған 20 жастағы қыз ар-намысымды аяққа таптаған кінәлі адам жазадан құтылып кете ме деп алаңдайды. Бойжеткен осы іске қатысы бар тағы бірнеше адамның тергеуден тыс қалғанын мәлімдеді, деп жазады Azattyq Rýhy «Астана» арнасына сілтеме жасап.
Бет-жүзін көрсетпеуімізді өтінген бойжеткен 3 желтоқсан күні өзін бейтаныс жігіттердің алып қашқанын айтты. Таңертең жеңгесімен оқуға шыққанда көлікке басып салып, әкетіпті. Әуелі көрші Кентау қаласына апарған екен, алайда бойжеткен бұл зорлыққа көнбей қойған соң оны жігіттің Шымкенттегі туыстарының үйіне күштеп кіргізіпті. Қыздың қарсыласқанына қарамастан жігіт сол жерде арам ойын да жүзеге асырған.
«Отырған кезімде бірден тап берді. Түнгі сағат бір-екі шамасы болып қалған еді. «Егер менімен жыныстық қатынасқа түспесең, сені өлтіремін», деп тарпа бас салды. Мен шамам келгенше айғайлап, оны ұрғылап, көмек шақырдым. Сыртта жеңешелері отырған екен, бірақ олар менің жанайқайыма елең еткен де жоқ», – дейді етегі жасқа толған жәбірленуші.
Бойжеткен өзіне ешкімнің араша болмағанына күйінеді. Жігіттің туыстары керісінше, оны көндірумен әлек болыпты. Бойжеткен «олар мені қорқытып, тіпті видеоға «өз еркіммен келдім» деп түсіріп алды» дейді. Бірақ ол артынан келген анасына өзі танымайтын әрі күш көрсетіп зорлаған жанмен өмірін қосақтай алмайтынын айтып, үйіне қайтқан. Бірден полицияға барып арыз тастапты. Бірақ іс содан бері созбалаңға салынып келеді дейді бойжеткен. Ал адам ұрлап, зорлаған жігіттің кепілмен босап шыққанын әлі түсіне алар емес.
«Түркістандағы полициялар ешқандай іс жүргізіп жатқан жоқ... Енді оның туыстары кешірім сұрап келіп жатыр. «Бриллиант тағайық, ақша берейік» деп келді. Онысына илікпеген маған «Не істесең де өзің біл, менің ақшам көп, бәрін ақшаға сатып аламын» деп қоқан-лоққы жасады», – дейді жәбірленуші.
Алып қашу мен зорлықтың құрбаны болған бойжеткеннің арызы тиісті деңгейде қаралып жатпағанына белгілі заңгер Айгүл Орынбек те сенімді.
«Қылмыстық істі созбалаңға салу үшін әр сараптаманы араға көп уақыт салып тағайындап отыр. Бұл біздің полиция қызметкерлерінің, тергеушілердің үлкен қателігі және күдіктінің жанында болған үш жігіт куәгерге айналып кетіп отыр. Маған түсініксіз болып отырғаны, ауыр қылмыс санала тұра, қызды зорлықпен алып қашып және зорлық көрсеткен жігіт неге кепілдікпен бостандыққа шығып отыр?! Осы жері түсініксіз», – дейді заңгер Айгүл ОРЫНБЕК.
Ал Түркістанның полиция департаменті бұл іске қатысты жазбаша жауап берумен ғана шектелді.
«Аталған жайт бойынша зорлау және адам ұрлау баптарымен іс қозғалған. Күдікті 1996 жылғы ер адам. Сот шешімімен күдікті азамат кепілмен босатылған. Сараптамалар қорытындысы бойынша оның қызды зорлағаны расталды. Сондай-ақ, осы оқиғаға қатысы болуы мүмкін деген тағы да 3 ер азаматқа қатысты тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Аталған жайт бойынша 04.12.2019 жылы Түркістан қаласы ПБ қызметкерлерімен ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабы 2-бөлігі (зорлау) және 125-бабының 2-бөлігі (адам ұрлау) бойынша тіркеуге алынып, іс қозғалған. Бұл жайтқа күдікті ретінде 1996 жылы туған ер адам ұсталып, тексеру жүргізілді. Сот шешімімен күдікті азамат «кепілмен» босатылған. Сонымен қатар, сараптамалар тағайындалып, олардың қорытындысы бойынша зорлау жайты расталған. Сондай-ақ бүгінгі таңда осы оқиғаға қатысы болуы мүмкін деген тағы 3 ер азаматқа қатысты тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде», – делінген ПД мәліметінде.
Полиция алып қашу операциясының басы-қасында болған үш жігітке қатысты заң шеңберінде шешім қабылданатынын хабарлады. Алайда, етегі жасқа толған бойжеткен бұл жайтқа қатысты жігіттің жеңгелерінің де жауапқа тартылуын сұрайды.