Ресми органдар Алматыда вирустың жұққаны туралы бейнематериалдың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді
Алматы қаласы Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті мен қалалық қоғамдық денсаулық басқармасы бірлесіп, 2020 жылдың 30 қаңтарына мегаполисте коронавирус инфекциясының тіркелмегенін ресми түрде мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Ресми орган өкілдері Алматыда вирустың жұғуы туралы әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таратылған бейнематериалдардың шындыққа жанаспайтынын, ол видеоның жалған екенін айтты.
«Қалада жағдай тұрақты. Біз тұрғындардан арандатушылық пен қауесетке сенбеуге, тек билік тарапынан берілетін ресми ақпарат көздеріне сүйенуді сұраймыз. Біз құқық қорғау органдарына арандатушыларды анықтау жөнінде өтініш бердік», - деді Алматы қаласы Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасимова.
Бүгінгі күні Алматы қаласында коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу және болдырмау бойынша шаралар жүзеге асырылуда. Бұл мәселе шаһар басшысының жіті бақылауында. Сондай-ақ қала әкімнің орынбасары Ержан Бабақұмаровтың төрағалығымен коронаровирустық инфекцияның таралуының алдын алу жөніндегі Өңірлік штаб жұмыс істейді.
Бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстанның бірде-бір өңірінде, оның ішінде ірі қалаларында коронавирус жағдайлары тіркелмегенін атап өтті.
Қала басшылығы Алматыдағы жағдайды бақылауда ұстап отыр.