Қазақстандағы ең төменгі жалақы мөлшері 2023 жылға дейін айтарлықтай өспейді

Автор: Azattyq Rýhy

Үкімет биыл шілдеден бастап Қазақстандағы ең төменгі жалақы деңгейін көтермек

Фото: sputniknews.kz

Бұл туралы бүгін Мәжілісте депутаттардың сұрағына жауап берген Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлім етті. Ал, Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі мен ең төменгі жалақыны көбейту үшін қаржы табу керектігін айтады.

«Қаржыландыру көзі бюджет болатыны анық. Бірақ, толық есеп-қисап жасалу керек», - деді Сапарбаев журналистердің сұрағына жауап бере отырып.

Еңбек және әлеуметтік даму министрі Біржан Нұрымбетов қазіргі сәтте еліміздегі ең төменгі жалақы мөлшері өте аз екенін қайталап айтты. Оның айтуынша, 2020 жылдың шілдесінде ең төменгі жалақы деңгейін көтеруді бастап, 2023 жылы ең төменгі жалақы мөлшері елдегі орташа еңбекақының кемінде 30 пайызын құрайтын жағдайға жеткізуді жоспарлап отыр. Айта кетейік, қазір Қазақстандағы ең төменгі жалақы – 42 500 теңге немесе 113 доллар.

«2023 жылдың басында ең төмен жалақы елдегі орташа еңбекақының 30 пайызынан төмен болмауы керек. Біз қазір соған келе жатырмыз. Біздің болжамымыз бойынша, егер 2023 жылы орташа жалақы 224 мың теңге болса, онда ең төменгі жалақы 70 мың теңгеден асуы тиіс», - деді министр Мәжілістегі кездесуден кейін.

Естеріңізге сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ең төмен жалақы мөлшері бойынша айтарлықтай артта қалып отырғанын мәлімдеген еді. 2018 жылғы ең төменгі жалақы деңгейі бойынша түзілген әлемдік рейтингте Қазақстан (айына 99 доллар - авт.) 103 елдің арасында 89-шы орын алған.

Кенжекей Тоқтамұратқызы, Нұр-Сұлтан