Қазақстанда күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселенің бірі – шахтерлердің зейнет жасын азайту болып тұр
Қазір Қазақстандағы шахтерлер «ауыр жұмыс істейтін санаттағы» адамдарға жатпағандықтан зейнетке 63 жасында шығады. Алайда олардың көбі жер астындағы жұмыстың ауыр екенін, сондықтан зейнетке шыққанша денсаулықтарынан айырылатынын жиі айтады. Azattyq Ruhy тілшісі шахтерлердің зейнет жасының өзгеруі, әлемдік тәжірибені анықтап білді.
«ЗЕЙНЕТ ЖАСЫНА СҮЙРЕТІЛІП ӘРЕҢ ЖЕТЕДІ»
Мәжіліс депутаты Мақсат Раманқұлов та шахтерлер зейнетке жеткенше бір басында бірнеше ауру пайда болады деген пікірде. Оның пайымынша, шахтада жиі болатын түрлі апаттардан бөлек, олардың 63 жасқа дейін жұмыс істеуінің өзі үлкен қауіп болып саналады.
«Олар зейнет жасына жетпей-ақ көптеген ауруға шалдығады, өз мамандықтары бойынша жұмыс істей алмайды. Ал көпшілігі зейнет жасына сүйретіліп әрең жетеді», - дейді Мәжіліс депутаты.
Сондықтан Раманқұлов әріптестерімен бірге ауыр жұмыс істейтін мамандардың «бірінші және екінші тізіміне» сай, шахтер, металлург сияқты мамандарды ерте зейнетке шығару туралы бастама көтерген.
БҰЛ МАМАНДЫҚТАРДЫҢ ЗЕЙНЕТ ЖАСЫ НЕГЕ ӨЗГЕРДІ?
1997 жылға дейін Қазақстанда аса ауыр жағдайда жұмыс істейтін ер адамдар 50 жаста, әйелдер 45 жаста зейнетке шыға алатын еді. 1997 жылы күшіне енген зейнет реформасынан соң олардың зейнет жасы ұлғайып кетті. Дегенмен биыл мамырдың 12-сі күні журналистердің сұрағына жауап берген Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов «зейнет жасын төмендету туралы мәселені үкімет қайта қарауы мүмкін» дегенді айтты.
«Объективті түрде қарасақ, бұл өте қиын мәселе. Халықаралық тәжірибені ескереміз, бірақ өзге елдерде зейнет жасын азайту тенденциясы жоқ. Қазақстанда зейнет жасын төмендету керек дегенді шахтерлер ғана айтып жүрген жоқ. Бұны мүгедек балалары бар аналар да айтып жүр. Сондықтан талқылау керек», - деді Ералы Тоғжанов.
«МҰНАЙШЫЛАРДАН ҚАРАҒАНДА, ШАХТЕРЛЕРДІҢ ЖҰМЫСЫ АУЫР»
Бұл мәлімдемесінен сәл ертерек журналистермен бейресми кездесу өткізген Тоғжанов өзі шахтаға түскеннен кейін жер астындағы жұмыс денсаулыққа қандай зиянын тигізетінін түсіндім деген еді.
«Шахтаның астында үш сағат жүремін деп бір апта жөтелдім. Шыны керек, үнемі жалақының артуын талап ететін мұнайшылардың өзі жер бетінде жеңілдеу жұмыс істейді», - деген еді Тоғжанов.
Осы орайда, біз Шахтинскідегі шахтерлердің бірі, жұмыс орны мен есімін атамауды сұраған С. есімді азаматты сөзге тартып, қазбадағы жұмыс кестесі, жалақысы, денсаулығы мен зейнет жасына қатысты пікірін сұрадық.
Айта кетерлігі, сұхбат берген азаматтың айтуынша, шахта басшылығы журналистермен сөйлескен, әлеуметтік желіге проблемасын жазған шахтерлерді аса «жақтырмайды», кейде тіпті «жұмыстан қуып жіберуге дейін» барады.
Сондықтан С. есімді азамат сұхбаттың аса анонимді түрде болғанын сұрады. Бұл азамат шахтаға 2016 жылы жұмысқа орналасыпты. Орта жастың адамы.
«Шахтаға бір түскенде алты сағатқа түсеміз. Айына 20 подход болады, шамамен. Жұмыс оңай емес, бірақ жастықтан болар біз техниканың ескі екеніне қарамастан, тынбай еңбек етеміз», - дейді ол.
Бірақ өзі жұмыс істейтін шахтада жасы 60-тан асқан ер адамдардың әрең жұмыс істейтінін, «оларға жастар барынша ауыр жұмыс істетпеуге тырысатындарын» айтады.
«Көбінесе олардың аяғы, тізесі ауырады. Өйткені техника дұрыс болмаған соң жұмыс та қиын. Олардың көбі жөтеледі, бірақ жастар арасында жөтеліп жүргендер жоқ. Біздің организм жас шығар. Біз жасы аплыстың ар жақ, бер жағындағы кісілерді ауыр жұмысқа салмай, көп демалдыруға тырысамыз», - дейді ол.
Ал «алып жатқан жалақы мен өтемақы осы денсаулықты қалпына келтіруге жете ме?» деген сұраққа ол «жетіп қалады» деп жауап берді. Дегенмен жалақылары тек 2019 жылдан бері өскенін, және тағы да әлі жас болғандықтан, жалақысы денсаулығына емес, отбасына жұмсалатынын айтты.
«Жалақымыз шамамен 500 мың теңге шамасында. 2019 жылғы ереуілдерден кейін еңбекақы өсті. Мен 2016 жылдан бері жұмыс істеймін», - деді ол.
Бұл азаматтың айтуынша, жалақы мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп келе жатыр, сондықтан шахтерлердің зейнет жасын төмендету өзекті мәселе болып қалып отыр.
«Негізі, зейнет жасын төмендету керек. Өйткені, 63 жас өте көп. Біздің жұмыстағы осы жастың кісілері әрең жүреді», - дейді С. есімді азамат.