«Қазақстанға Ресейден кемінде 2-3 млн адам келуі мүмкін»: азаматтық алу ережесі, еңбек нарығындағы бәсеке

Автор: Айжан Бақдаулетқызы

2022 жылдың наурызынан бастап 36 мыңнан аса ресейлік Қазақстанда ЖСН алды

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Ресей мен Украина арасындағы жағдайдан кейін, артынша көршілес елге әлемнің бірқатар елдері санкциялар салғаны белгілі. Міне содан бері ресейліктердің Қазақстанға көшуінің жаңа толқыны толастар емес. Осы жылдың наурыз айынан бастап елімізде ЖСН алған Ресей мен Украина азаматтарының саны бірнеше есе өсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. 

ЕКІ АЙДА ҚАЗАҚСТАНҒА 36 МЫҢ РЕСЕЙЛІК ҰШЫП КЕЛГЕН

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2022 жылдың наурызынан бастап 36 мыңнан аса ресейлік азамат жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) алды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 16 есе (2230) өскен. Ал ЖСН алған украиналықтардың саны – 637. Бұл көрсеткіш өткен жылға қарағанда 3 есеге артқан.

Ресейден келіп жатқандардың арасында танымал азаматтар да жоқ емес. Мәселен бірнеше апта бұрын ресейлік эстрада әншісі Лев Лещенко жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) алу үшін Қазақстанға ұшып келді. Одан бөлек те ресейлік танымал блогерлер мен әншілер желідегі парақшаларында батыстың санкциясын айналып өту үшін Қазақстаннан ЖСН-ді қалай алуға болатыны, қай банктен карта ашу тиімді екенін жарыса жазып жатыр.

Аталған жаңалықтарды желіден көріп отырған қазақстандықтар ресейліктердің жаппай елге келуіне алаңдаушылық білдіріп, еліміздің Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігін қатаң сынға алып жатты. Осыдан кейін шетел азаматтарының ЖСН-ді онлайн алуы техникалық ақауларға байланысты мүмкін емес екендігі туралы ақпарат тарады.

«Байтақ болашақ» экоальянсының төрағасы, қоғам белсендісі Азаматхан Әміртай «Атамекен» телеарнасына берген сұхбатында «жыл соңына дейін Ресейден Қазақстанға кемінде 2-3 миллион адам келуі мүмкін» деген болжамын жеткізді.

«Негізі, өте қорқынышты жағдай, кемінде 2-3 млн адам келуі мүмкін. Қазір мұны Көші-қон комитеті ғана емес, әкімдіктердің ішкі саясат басқармалары да қадағалауы керек. Өйткені Қазақстанның өзінде онсыз да жұмыссыз азаматтар көп. Оған қаптаған келімсектер қосылып, еңбек нарығындағы жағдайды ушықтыруы ықтимал. Біз Ресейден келген еңбек мигранттарын қабылдамауымыз керек. Оларда соғыс болып жатқан жоқ, ресейліктер босқын емес», – деді белсенді.

Айта кететіні, «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» заңының 16-бабына сәйкес: Қазақстан Республикасының аумағында заңды негізде кемінде бес жыл тұрақты тұратын, не Қазақстан Республикасының азаматымен кемінде үш жыл некеде тұратын адам ғана қабылданатын болады.

«ҚАЗАҚСТАНҒА БІЛІКТІ МАМАНДАРДЫҢ КІРУІ – БІЛІМ ИМПОРТЫ»

Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржановтың мәліметінше, қазіргі уақытта Ресейден келген азаматтардың 6 350-і ғана жұмыс іздеп келгенін білдіріпті. Еңбекмині ІІМ-мен бірлесіп, көрші елден келіп жатқандар легін қағадалап отырған көрінеді.

«Ресейліктердің қазақстандық еңбек нарығына шектен тыс келіп жатқанын байқап отырған жоқпыз. Үрей көп, қорқыту көп, жұрт біздің жұмыс орындарымызды енді өзге елдің азаматтары тартып алады деп қорқады. Бірақ оның да оң жақтары бар. Қазақстанға білікті мамандар кіріп жатыр, бұл білім импорты деген сөз. Неден қорқамыз?!» – деді вице-министр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов ресейліктердің еңбек нарығына келіп жатқанынан қорқудың қажеті жоқ дейді.

«Біз қазір нарықтағы жағдайды мұқият бақылап отырмыз. Бірақ дәл қазір мұндай жаппай ағын, яғни ресейлік азаматтардың бізге келіп жұмыс істеуі байқалмайды. Әзірге мұндай болжам жоқ. Алайда жағдай күн сайын өзгереді. Біз мониторинг жүргізіп жатырмыз», – деді Шәпкенов үкімет отырысынан кейін берген сұхбатында.

Министр Ресей, Армения, Беларусь, Қырғызстан және Қазақстан бірыңғай экономикалық одақта тұрғанын атап өтті. Яғни одаққа мүше елдердің азаматтары үшін ешқандай шектеу, кедергі жоқ.

«Біздікілер Ресейде, ал ресейліктер бізде жұмыс істеуге құқылы. Бұл ортақ еңбек нарығы. Олар бұған дейін де бізге келіп жұмыс істейтін», - деді ведомство басшысы.

Шәпкенов егер ресейлік мамандар Қазақстанға жаппай ағылса, тиісті шаралар қабылданатынын айтып сендірді. Мәселен жұмыспен қамту орталықтары, бірінші кезекте, қазақстандықтарды жұмысқа орналастырады.

ҚАЗАҚСТАНҒА КӨШУГЕ КӨМЕКТЕСЕТІН АҚЫЛЫ/АҚЫСЫЗ ҚЫЗМЕТ ТҮРЛЕРІ КӨБЕЙГЕН

Осыдан бір ай бұрын Қазақстанға Ресейдің Санкт-Петербург қаласынан келген 25 жастағы Данил Уваровтың айтуынша ресейлік жастар көршілес елдерге жаппай ағылып жатыр. Айтуынша, үлкендердің шетелге көшу жоспарында да жоқ.

«Қазақстанға өткен айдың басы келдім. Ал достарымның басым бөлігі Қырғызстанға кетті. Қазақстанда достарым көп болған соң, осы елге келуді жөн көрдім. Достарым тіл жағынан қиналмас үшін солтүстіктің немесе орталықтың бір қаласын таңдау жөнінде кеңес берді, қазір қазақ тілін үйреніп жүрмін. Мұндағы халық мені жылы қабылдап жатыр. Менің таңдауым Нұр-Сұлтанға түсті, келген бетте шетелдік IT-компаниядан жұмыс таптым. Батысқа қазір бара алмайтынымыз анық. Мүмкіндік болса осы елдің азаматтығын алып, Қазақстанда қалсам деген жоспарым бар. Бір өкініштісі, Питерде ата-анам мен туыстарым, жылжымайтын мүліктерім қалды. Пәтерім сатылса, астанадан үй алатын шығармын. Бастысы бұл жердің ауа райы да біздегідей салқын, тез үйреніп кеткен жайым бар (күліп)», - деді Данил.

Ресейлік азамат жұмысқа орналасу барысында құжат жағынан еш қиналмағанын, тіпті, қажет жағдайда ақылы түрде кеңес берушілердің де қызмет ұсынғанын жасырмады.

«Құжат рәсімдеу жағынан ешқандай қиындықтар туындамады. Бір апта ішінде тиісті құжаттарымды қолыма алдым. Оның үстіне қазір телеграмда «Қазақстан, Қырғызстанға қалай көшуге болады? Екі елдің ресейліктер үшін қай қаласы ыңғайлы, мигранттарға қандай құжаттар қажет?» деген сауалдарына қатысты жан-жақты ақпараттандырып отыратын түрлі каналдар бар. Тіпті бастан-аяқ көмек көрсету қызметтері де қосылған, бастысы ақшасын төлесең болды. Кейбір достарым сол қызметтердің арқасында менен бұрын құжаттарын алып алды. Технология, түрлі қызмет түрлері дамыған кезеңде өмір сүреміз, әлі еш қиындық көрмедік», - деді ол.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитеті басқармасының сарапшысы Берік Есқараевтың мәліметінше, Ресей азаматтарына Қазақстанда жұмыс істеу үшін қандай да бір рұқсат алу талап етілмейді.

«Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы келісім бойынша Ресей азаматтарының елімізде жұмыс істеуі үшін рұқсат талап етілмейді. Олар елімізде кез келген жұмысқа орналаса алады. Ал Украина азаматтары үшін рұқсат керек», – деді маман.

ОТАНДЫҚ БАНКТЕР РЕСЕЙЛІКТЕРГЕ ТӨЛЕМ КАРТАСЫН БЕРУ ЕРЕЖЕСІН КҮШЕЙТТІ

Осы уақытқа дейін ресейліктерге төлем карталарын жаппай берген отандық банктер енді санкциядан қорқып, көршілес ел азаматтарына карта беру ережелерін күшейтті. Енді банктер төлем картасын алу үшін келушілерден төлқұжат, қазақстандық ЖСН, көші-қон картасы мен виза сұрайды. Сондай-ақ, клиенттің ұялы телефон нөмірі жергілікті болуы да маңызды. Тіпті кейбір банктер ресейліктерден жұмыс орнынан анықтама, елде тұруға рұқсаты бар-жоғын сұрай бастаған. Банктер жаңа ережелердің күшіне енгеніне бір айдан асқанын айтты.

«Бұл заң барлық шетелдік үшін бірдей. ҚР Ұлттық банкі заңда клиенттен еңбек шарты мен тұруға ықтиярхаттың болуын талап ететін норма жоқ екенін, бірақ олардан сұрауға да ешкім тыйым салмайтынын айтты. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы барлық резидент еместерге банк шоттарын ашу тәртібіне қатысты бірыңғай талаптарды қамтиды. Қажетті құжаттардың белгіленген тізбесі бар. Мәселен, банк шоттарын ашу, жүргізу және жабу ережелеріне сәйкес резидент емес жеке тұлғаларға жеке басын куәландыратын құжатты ұсыну қажет. Сондай-ақ ағымдағы шотты ашу және төлем картасын беру үшін міндетті шарт резиденттерде де, сол сияқты резидент еместерде де ҚР заңнамасында белгіленген тәртіпке сәйкес алынатын ЖСН болуы қажет», - деді ҚР Ұлттық банкi төлем жүйелерінің саясаты басқармасының басшысы Арлен Молдабеков.

Аталған өзгеріске қарамастан Visa немесе MasterCard банк картасын елімізде ашқысы келген ресейліктердің саны азайған жоқ. Себебі, банктердің көбі шетелдіктерге жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы ғана карта беруді жалғастыруда.

Аталған өзгеріске қарамастан Visa немесе MasterCard банк картасын елімізде ашқысы келген ресейліктердің саны азайған жоқ. Себебі, банктердің көбі шетелдіктерге жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы ғана карта беруді жалғастыруда. Айта кетерлігі, ЖСН алу – азаматтық алу дегенді білдірмейді. Кез келген банктен төлем картасын алу үшін жеке сәйкестендіру нөмірін ашу міндетті.