«Қызмет көрсету сапасының дамитын түрі жоқ»: елімізде туризмді дамыту үшін жыл сайын миллиардтаған қаржы бөлініп келеді

Автор: Сағыныш Ибрагим

Сарапшы елдегі туризм саласын дамтыу жолдарын ұсынды

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Туризм көп елдерде ішкі өнімнің қалыптасуына, қосымша жұмыс орнын құруға және сыртқы сауда балансының белсенділігіне ықпал етеді. Соңғы жылдары туризм әлемдегі ең табысты бизнестің біріне айналды. Қазақстанда 500-ден астам туристік фирма қызмет етеді. Елдегі туризмді дамытуға жыл сайын миллиартаған ақша бөлінеді. Мәселен 2018 жылы туризм үшін республикалық бюджеттен бөлінетін қаржы 400 млн теңгеден 4 млрд теңгеге дейін 10 есе көбейді. Туризмді дамытуға Қазақстанда 2018-2019 жылдары 10 млрд теңге жұмсалған. 2019-2021 жылдары жалпы сомасы 395,5 млрд теңге болатын 276 инвестициялық жоба пайдалануға берілді. Осынша қаржы бөлініп жатқанымен туризмнің қазіргі жағдайы көңіл толтырмайды.

Azattyq Rýhy тілшісі бөлінген қаражаттың дұрыс жұмсалуы, ішкі туризм мен қызмет көрсету сапасы жөнінде сарапшы пікірін білді.

ТУРИЗМДІ ДАМЫТУҒА ҚАНША ҚАРАЖАТ БӨЛІНІП КЕЛДІ

Бұған дейін ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев өз мәлімдемесінде туризм бағытындағы инвестициялық жобалар туралы айтқан болатын.

«Дестинациясы ең жоғары 10 өңірде 2019-2021 жылдары жалпы сомасы 395,5 млрд теңге болатын 276 инвестициялық жоба пайдалануға берілді. 5 200 жаңа жұмыс орны құрылды. Өткен жылдың басынан бері жалпы сомасы 226 млрд теңге болатын 102 нысан іске қосылды. 2019-2021 жылдарда жүзеге асырылған ең ірі жобалардан: Түркістандағы «Керуен-Сарай» кешені, «Rixos Turkistan» және «Hampton by Hilton» қонақ үйлері, Ақтау қаласындағы «Rixos Water World Aktau» кешені және «Tetys Blu» паркі, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Sheraton» қонақ үйі, Бурабай-Щучинск курорттық аймағындағы «Байтас» қонақ үйі, сондай-ақ, «Swissotel Almaty» және басқа да жобалар іске қосылды», - деді Дәурен Абаев.

Сонымен қатар ол инвестициясының жалпы көлемі 1,5 трлн теңгені құрайтын 145 жобаны жүзеге асыру жалғасып жатқанын, онда 7 мыңнан астам жұмыс орны құрылатындығын айтқан еді.

«ТУРИЗМ БАҒЫТЫНДА ДҰРЫС ЖҮЙЕ ҚҰРЫЛУ КЕРЕК...»

Туризм және урбанизация маманы, география ғылымдарының докторы, профессор Адай Секенұлы туризмге жыл сайын бөлінетін қаражат өзін ақтамайтынын айтады. Маман елдегі туризмнің қазіргі жағдайына баға берді.

«Мемлекет тарапынан туризмді дамытуға аз қаржы бөлініп жатқан жоқ. Өкінішке қарай сол бөлінген қаржы өзін ақтамай келеді. Мұның басты себебі – туризм бағытында дұрыс жоспардың болмауы. Екінші себеп – үгіт-насихат, маркетингтік жұмыстары нашар. Күні бүгінге дейін туризм индустриясын басқару механизмі дұрыс жолға қойылмаған.

Түркияда бұрын ең үлкен министрлік Сыртқы істер министрлігі болса, қазір туризм елдегі маңызды салаға айналды. Ол министрлікте 2,5 мың адам жұмыс істейді. Қытайда 5 мың адам жұмыс істейді. Олар туризм бағытындағы барлық басқармада жүйені дұрыс құрып қойған. Үкіметтен бір жарлық түсетін болса, оны Мәдениет және спорт министрлігі алып, Туризм комитетіне береді, ол облысқа, облыс қызметі бойынша қалаға түсіреді. Осылайша, жүйе сатымен жүзеге асады. Бір мәселе туа қалса жауапты адамды тез табуға болады», - дейді маман.

Сарапшы еліміздің туризм саласында кадр тұрақтылығы кем дегенде 3-5 жылға дейін сақталу керектігін айтып, туризмді дамытуға тек Мәдениет және спорт министрлігі емес барлық құзіретті органдар атсалысу керектігін жеткізді.

«Халықаралық стандартқа сәкес туризмнің барлық түрін Қазақстаннан табуға болады. Қазіргі күні өзімізде бар ресурсты кәдеге жарата алмай келеміз. Туризмге қатысты комитетте 20-ға жетер-жетпес адам ғана жұмыс істейді. Комитет басшылары екі күннің бірінде ауысады. Бүгін барып ұсынысыңды айтсаң, келесі жолы барғанда басқа біреу отырады. Ең болмаса 3-5 жыл кадр тұрақтылығын сақтау қажет. Адам ауысқанымен оның басшылығы кезінде көтерілген жұмыс аяқсыз қалмау керек. Туризм және индустрия комитетіне қатысты басқармаларды ғылыми түрде дұрыс жолға қойып, маркетинг, кадр жетілдіру, білім беру сияқты көптеген басқармалардың жұмысын айқындау маңызды.

Министрлік заңды, саясаттық, нормативтік-құқықтық, стандарттық жүйелерді белгілеуге жауапты. Ол үлкен стратегиялық жұмыстармен айналысуы керек. Жоғары жақтың тапсырмасын аудандық департаменттер әрі қарай орындаса, бөлінген қаражат қажет жеріне толық жеткенше қадағалау керек. Туризм бағытын тек Мәдениет және спорт министрлігіне беру мүмкін емес дүние. Бұл бүкіл мемлекет, қоғамның жұмысы. Барлық салаларды сәйкестендіру керек. Мысалы біз шетелдік туристерді басқара алмаймыз. Олар Сыртқы істер министрлігінің құзіретінде. Ал курорттық аймақтарға ауыл шаруашылығы министрлігінің ғана құзіреті жетеді. Бізде туризм жөнінде заңдар бір-біріне қарама қайшы. Осы жағындағы мәселелер шешілу керек», - дейді сарапшы.

ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ САПАСЫ КЕНЖЕЛЕП ТҰР

Сондай-ақ маман шет елге шықпас бұрын ішкі туризмді дұрыстап, қызмет көрсету сапасын бір ретке келтіру керектігін айтты.

«Астанадағы біткен құрылыс орындарының маңы плакаттарға толы. Көшенің қуыс-қуысына ілінген плакаттарда Бурабай, Көлсай, Бозжыра секілді туристік орындардың суреттері қаптап тұр. Соның бәріне қаншама ақша кетіп жатыр. Сол ақшаны үгіт-насихатқа жұмсаса болады. Пандемиядан кейінгі кезеңде экономикаға үлкен ықпал ететін осы туризм саласы. Туризм саласында ұлттық стандарт жоқ деп айтар едім. Өкінішке қарай қазірге дейін Түркия, Еуропадан үйренеміз деп тыраштанумен келеміз. Жергілікті жағдайға бейімделе отырып туризмге қатысты өз стандарттарымызды жасау керек. Осы бағытта Қытайдың тәжірибелерінен көп нәрсе үйренуге болады.

Тағы бір үлкен мәселе – қызмет көрсету сапасы. Бізде қызмет көрсету сапасы кенжелеп тұр. Өз басым жаз бойы еліміздегі курорттық аймақтарды аралаймын. Кей жерден тіпті дәретхана таба алмайсыз. Төсек-орын тазалығы туралы айтарға сөз жоқ. Туризм талғамды талап етеді. Талғамы бар адамдар елдегі қызмет көрсетудің мұндай сапасына шыдамайды. Біз ең алдымен ішкі туризмді, ішкі нарықты қалыптастыруымыз керек. Өзіміздің адамдардың шетелге қашуының өзіндік себебі осында жатыр. Шетелге қызмет көрсету жүйесінің мықтылығынан туристер ағылады. Олардың табиғи байлығы біздегі ландшафтарға жетеді деп айта алмаймын. Бізде одан да керемет жерлер бар. Тек жүйені дұрыстау қажет», - деді Адай Секенұлы.

Айта кетейік, биылғы туристік маусым кезінде 6 млн-нан астам отандық турист ел ішін аралап саяхаттайды деген болжам жасалып отыр. Бұл туралы «Kazakh Tourism» АҚ ұлттық компаниясының басқарушы директоры Даниель Сержанұлы мәлімдеді.

«Елімізде туристік маусым енді басталады. Биылғы біздің болжам бойынша 6 миллионнан астам отандық турист ел ішінде саяхаттап, демалады деп отырмыз. Көрсеткіштің одан асып түсуі әбден мүмкін. Бізге ішкі туристердің легі белгілі, ендігі мақсат – сапаны арттыру. Яғни туристерге жағдай жасап, оларға сапалы қызмет көрсету. Сонымен қатар жүйелі, ұйымдасқан туризмді ілгерілету де маңызды. Одан бөлек, сырттан келетін туристер бар», - деді Даниель Сержанұлы.

Жалпы Қазақстанға шетелдік туристердің дені Ресей және ТМД елдерінен келеді.