«Есірткіге тәуелділіктен құтылу үшін кемі 3 ай қажет»: елордада нашақорлықпен күрес мәселесі талқыланды

Автор: Сағыныш Ибрагим

Қазақстанда тіркеуде тұрған 18 мың нашақор бар

Елімізде нашақорлыққа қарсы түрлі деңгейдегі шаралар жыл сайын өткізіледі. Жастарды есірткіден сақтау, нашақорлықтың алдын алу, есірткі бизнесімен күресу сынды лозунгтерге де көз үйренген. Десе де, бұл жұмыстар аса нәтижелі емес секілді. Өйткені, бір ғана астананың өзінде 1 166 нашақор ресми тіркеуде тұр екен. Тіркелмей жүргені қаншама?! Сол тіркелгендердің 154-і әйел болса, 875-і отыз жастан асқан жұмысқа жарамды ер азаматтар. Мұндай деректі Нұр-Сұлтан қаласында өткен есірткі қылмыстарының алдын алып, нашақорлықпен күресті күшейтуге бағытталған республикалық шарада айтылды.

Жиынға қатысқан мамандардың сөзінше, нашақорлық есірткі бизнесін дамытып қана қоймай, ұлттың саулығына, елдің экономикасына, қылмыстың көбеюіне тікелей ықпал етеді.

Әлемде шамамен 275 млн нашақор бар

Аталған жиынға Ішкі істер, Ақпарат және қоғамдық даму, Білім және ғылым, Денсаулық сақтау, Мәдениет және спорт министрлігі, басқа да мемлекетік және жергілікті атқарушы биліктің, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты. Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов болса жиынды ашып, нашақорлықтың Қазақстандағы негізгі проблемалардың бірі екеніне тоқталды.

«1987 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы шешімімен 26 маусым – «Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні» деп белгіленді. Нашарқорлық жаһандық қатер екені көпке мәлім. БҰҰ мәліметтері бойынша соңғы 10 жылда есірткіге тәуелді адамдардың саны 22 пайызға өскен. Әлемде шамамен 275 млн нашақор адам бар. Есірткі жыл сайын 500 мыңнан астам адамның өліміне себеп болады. 19 млн халқы бар Қазақстан үшін есірткіге тәуелділіктің елеусіз көрсеткішінің өзі ұлттық қауіпсіздікке айтарлықтай қатер екені белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдаған жолдауында есірткінің, оның ішінде синтетикалық есіркінің таралуы – болашақ ұрпақтың жағдайына қауіп төндіретінін ерекше атап өтті. Есірткісіз қоғам құру мақсатымен өмір сүру Қазақстандағы әр азаматтың алдында тұрған маңызды міндет деп айтсам артық болмайды.

Биыл 14 мамырда біз «Есіркі қылмысына қарсы іс-қимыл және нашақорлықтың алдын алу шараларын жетілдіру» жөніндегі 2022-2023 жылдарға арналған жол картасын бекіттік. Ол құжатқа сәйкес, жасөспірімдер мен жастар арасындағы нашақорлықтың алдын алу мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдардың жұмысы күшейтілді. Үкіметтік емес ұйымдар мен еріктілердің аталған жол картаны жүзеге асыруға қатысуы қарастырылды. Сонымен қатар, есірткіге тәуелділердің еміне ерекше көңіл бөлініп отыр. 26 маусымға дейін бір ай бойы бүкіл ел аумағында жасөспірімдер мен олардың ата-аналарына есіркінің зиянын түсіндіру бойынша кең ауқымды профилактикалық іс-шаралар өткізіледі.

Нашақорлықтың әр отбасыға қауіп төндіретінін ерекше атап өткім келеді. Әрбір адам «есірткіден маған төнетін қауіп жоқ» деген ойдан аулақ болу керек. Қауіп кез келген уақытта өміріңізге келуі мүмкін. Сондықтан осындай үлкен іс-шараға бәріңіздің бір адамдай ат салысуға шақырамын», - деді  Ералы Тоғжанов.

Елордадағы нашақорлық көрсеткіші

Нашақорлық және есірткінің заңсыз айналымы ұлттық қауіпсіздікке төнетін негізгі қауіп. Республика бойынша жыл басынан бері есірткіге қатысты 1400-ге жуық құқық бұзушылық анықталған. Оның 1300-ден астамын Қазақстан азаматтары, 67-сі шетел азаматтарын құрайды. 600 әкімшілік құқық бұзу, 1800-ге жуық қылмыстық іс қозғалған.

«Республика бойынша 18 жарым мың адам нашақорлық бойынша тіркеуде тұр. Ал, елордада 1166 адам тіркеуде. Оның 154-і әйел адам болса, 5-і жасөспірім, 875-і 30 жастан асқан қызметке жарамды жандар. Тіркеуден 249 адам алынды. Нашақорлықтан қайтыс болған адамдар саны – 8 адамды құрады. Бұлар денсаулық сақтау мекемесіне өз еркімен барып, ресми тіркелгендер ғана. Ал, нақты қарайтын болсақ, бұл көрсеткіш одан да көп болуы мүмкін. Себебі, көп ата-ана балалары болашақта жұмысқа орналаса алмау немесе осыған ұқсас басқа да мәселелерден қауіптеніп, жасырын түрде ем алуға тырысады. Біз осы бағыттағы ахуалды білу үшін Денсаулық сақтау министрлігі және басқа да уәкілетті органдармен арнайы іс-шаралар өкізіп жатырмыз», - дейді ҚР ІІМ Есіркі қылмысына қатысты іс-қимыл департаментінің бастығы, полиция полковнигі Бақытжан Әмірханов.

Маман елордада тараған есірткі түрлеріне тоқталып, есіркі көбіне қай аумақтардан келетінін айтты. Сондай-ақ, ол интернет арқылы есірткі сататын сайттардың әлі де болса қауіп төндіріп тұрғанын жеткізді.

«Елорда бойынша көп таралған есірткінің ситентикалық түрі «Альфа пвп» деп алатады. Одан кейінгі орында мефедрон, гашиш, марихуана бар. Есіркі көбіне оңүстік өңірлерден әкелінеді. Шу алқабы мен Қызылорда облысындағы үнді қара сорасынан жасалатын есірткі және синтетикалық есірткі көп тараған.  Синтетикалық есірткіні көбіне осында жасайды. Жыл басынан бері есірткі дайындайтын көлемді зертханаларды анықтадық. Мысалы, ақпан айында екі қыз баланы ұстаған болатынбыз. Олар бір жылдай жалдамалы үйде есірткі сатып келген. Одан бөлек, интернет арқылы көптеген сайт есірткі сатады. Қанша бұғатталып жатқанымен, қазіргі жастардың барлығы дерлік әлеуметтік желіде отырады. Ебін тауып, байланысқа шығады. Сондықтан жасөспірім балалардың интернет арқылы жұмыс іздеуіне көп мән берілуі керек. Осы нашақорлықпен күрес жолында қоғам болып атсалысу өте маңызды», - дейді  Бақытжан Әмірханов.

Есірткіге қарсы күрес бөлімінің бастығы, Нұр-Сұлтан қаласы полиция подполковнигі Сергей Ильин қазір есірткінің нақты қай түрі жоғары сұранысқа ие екенін анықтау қиын дейді. Маман елордадағы есірткіге тәуелді жандарды емдеу орталықтарының жұмысына тоқталды.

«Синтетикалық есірткі бүгінгі күні ең қолжетімді болып тұр. Жыл басынан бері елордада есірткі бойынша құқық бұзған 294 адам ұсталды. Заңсыз айналымнан 140 келіден астам есірткі өнімдері тәркіленді.

Есіркіге тәуелді болған адамдардың көбі мемлекеттік медициналық орындарға баруға қорқады. Жеке клиникаларды іздейді. Осы мәселеде олар нағыз кәсіби мамандарға, білімді нарколог, психологтарға баруы қажет. Олар есірткіге тәуелді адам қолдануы қажет дұрыс дәрі-дәрмекті жазып береді. Бағыт-бағдарды да дұрыс көрсетеді. Бізде қалада психикалық денсаулық орталығы бар. Ол жерге кеңес алумен қатар, толық ем алуға да болады. Сондай-ақ, орталықта анонимді түрде ем алу қарастырылған.

Жеке орталықтарда есірткіге тәуелді адамды емдеуге бір айда шамамен 500 мың теңгеге жуық қаражат қажет болады екен. Есіркіге тәуелді адам қалпына келіп, күнделікті өмірге оралу үшін 3 ай керек. Ал, мемлекеттік медициналық орындарда емдом әлдеқайда арзанға шығады. Айта кететін тағы бір жайт, есіркіге тәуелді жандар толық жазылып шығады деп айтуға болмайды. Олар кез келген сәтте бұрынғы қалпына қайта оралуы мүмкін. Сондықтан емдеу орындарының ешқайсысы 100 пайыз жазылып шығады деп кепілдік бермейді. Тәуелді адамдардың уақытылы ем алып, қалыпты жүруі үшін сол адамның қандай  себептерге байланысты тәуелділікке түскенін анықтап жеке жұмыс істеу маңызды», - дейді Сергей Ильиных.

Нашақорлық – жас кезінде мезгілінен бұрын өлім-жітімнің жоғары болуына, отбасылық байланыстың бұзылуына, еңбек өнімділігінің төмендеуіне, емдеу құнының өсуіне, оның ішінде нашақорлықпен байланысты аурулардан, нарық түріндегі экономикаға тікелей залалды және олардың заңды бизнеске әсерін есептемегенде, адам шығыны ретінде есірткіні тұтыну денсаулыққа үлкен зиян келтіретін негізгі қауіптің бірі.

Есірткіге тәуелді адамдармен жұмыс істейтін мамандар пациенттердің шамамен 20-30%-ы орталыққа қайта оралатынын айтады. Бұған басты себеп, адамдардың өздері салауатты өмір салтын ұстанғысы келмейді және дәрігер-наркологтың айтқан ақыл-кеңесі мен тапсырмасын орындамайды.

Синтетикалық есірткіні тұтынушылардың орташа жасы – 24-29 жастағы еңбекке қабілетті адамдарды құрайды. Кейбіреулер инені тұрақты қолданғандықтан елордалық нашақорлар арасында АИТВ (адамның иммун тапшылығы вирусы) жұқтырғандардың саны артып келеді. Иммунитеттің төмендеуіне байланысты туберкулезден, В және С гепатитінен зардап шегушілер саны артқан.

Қорытындылай келе, дәрігерлер жақын адамдардың мінез-құлқындағы оғаш өзгерістерге ерекше назар аударуға кеңес береді. «Құнды заттарды жоғалту, үнемі шаршап жүру, телефонда күні-түні отыру, ұйқының дұрыс болмауы, әдеттегі тамақтану ырғағының бұзылуы сияқты күдік тудырарлық белгілер байқалса, бұл сіздің отбасыңыздың сол мүшесіне тез арада көмектесу керек деген сигнал болуы мүмкін» дейді мамандар.