Қытайдан келген тағы 6 адамның қызуы көтеріліп, ауруханаға жеткізілді

Автор: Azattyq Rýhy

5 адамнан тұратын бір отбасы түгел дәрігерлер бақылауына алынған

Қазақстанға Қытайдан келген тағы 6 адам ауруханаға жеткізілді. Олардың қызуы көтерілген деп мәлімдеді еліміздің бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин. Ал, бұған дейін дәрігерлер бақылауында болған екі адам үйіне қайтарылған.

«Таңертең төрт адам ауруханаға жеткізілген болатын. Олардың екеуіне көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне жіберілді. Қазір Алматыда – 1 адам, Ақмола облысында бір отбасының 5 адамы ауруханаға жатқызылғаны белгілі болды. Олар да Қытайда болған. Бәрінде респираторлық вирустың белгілері бар. Кішкентай екі баласының қызуы жоғары. Ересектерде ауру белгісі айтарлықтай байқалмайды, бірақ, олар да байланыста болғандықтан ауруханаға жатқызылды», - деді Бекшин.

Ал, медициналық қызметкерлер Қытайдан Қазақстанға 6 қаңтардан бергі уақытта келгендерді анықтап жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов баспасөз мәжілісін өткізіп, Қытайдан келген 23 адамның қызуы көтеріліп жатқаны туралы айтқан болатын.