Орыс тілінің аудиториясы 100 млн адамға кемігені рас па?

Автор: Кәмшат Тасболат

Ресей-Украина қақтығысынан кейін Батыс елдерінде ресейлік телеарналарды көрсетуге тыйым салынған

ИА Regnum

Ресей ғалымдары дабыл қағып жатыр: Кеңес одағы құлағалы орыс тілінің таралу аймағы күрт кеміген. А.Пушкин атындағы орыс тілі институтының ректоры Маргарита Русецкая «Культура» басылымына берген сұхбатында: «Әлемде соңғы 20 жылда орыс тілінде сөйлейтіндер саны шамамен 100 млн адамға кеміді» деп отыр. Орыс ғалымдарының айтуынша, Кеңес одағының құлауы орыс тілі үшін нағыз краш-тест болған. Тіпті, болашақта ғылым мен техника тілі болудан қала ма деген алаңдаушылық басым.

Ресейдің өзінде ғылыми мақалалар мен зерттеулер негізінен ағылшын тілінде жарияланады екен. Прагматикалық заманда бұл түсінікті үрдіс. Ал Батыс ғалымдары Ресей-Украина қақтығысының тіл үшін жаңа сынақ боп отырғанын жасырмайды. Батыс ғалымдарының сөзінше, орыс тілі әлемдегі жалғыз постколониалды тіл саналады. Жақында Шотландияның Сенд-Эндрюс университетінің профессоры Томаш Камуселла өз зерттеуін жариялап, соңғы оқиғалар тілді «провинциализация» процесіне әкеп соғуы бек мүмкін» деген болжамын алға тартады.

Ресейдің өзінде тілдік жағдай қалай?

Ресей – көпұлтты федеративті мемлекет. Санаққа сенсек, бұл елде 200-ден астам ұлт өкілі тұрады. Ашық дерек көздеріне арқа сүйесек, 2010 жылғы санақта Ресейдегі жалпы саны 142,8 млн халықтың 118,6 миллионы орыс тілін – ана тілі ретінде көрсеткен, 18,9 млн халық екінші тіл ретінде қолданады. Орыстардың саны ұлттық автономиялық республикаларда біркелкі емес. Мәселен, Шешенстанда халықтың 2 проценті, Ингушетияда 0,8 проценті ғана орыстар. Мұндай фактор ұлттық тілдердің дамуына жол аша ма? Ресейде шешен тілі таралуы жағынан орыс, татар, украин және башқұрт тілдерінен кейін бесінші орынды алады. Егер Кавказ елдерінде ұлттық құрамның арқасында халық ана тілінде еркін сөйлеуге мүмкіндік алса, этникалық құрамы күрделі автономиялы республикаларда тілдік жағдай күн өткен сайын қиындап барады. Мәселен, Ресейдің білім және ғылым министрлігінің бастауымен Татарстанның Мемлекеттік кеңесі оқу жоспарын қабылдап, оған сәйкес 2017 жылдан бері Татарстан мектептерінде татар тілі аптасына екі сағаттан және ата-ананың өтініші бойынша ғана оқытылады. Самарада небәрі екі мектепте татар тілін сабаққа қосқан. Түркі тілдеріне жататын башқұрт тілінде бір миллионнан астам адам сөйлейді. ЮНЕСКО ұйымы башқұрт тілінің болашағына алаңдайды.

Соңғы жылдары Ресейде орыс тілінің мәртебесін заңнамалық тұрғыдан күшейтіп жатыр. Конституция бойынша, ол – жалғыз мемлекеттік тіл. Профессор Томаш Камуселла Ресейде қолданылатын 37 өңірлік, республикалық ұлттық тілдердің алалаушылыққа тап болып, орыс тілімен ауыстырылып жатыр дейді.

Соған қарамастан, әлемдік ғылымнан орыс тілі алшақтап барады. А.Пушкин атындағы тіл институтының зерттеуі бойынша, ғылыми жарияланымдардың көшбасында ағылшын тілі тұр. 2020 жылы ағылшынша 6 млн 266 мың ғылыми мақала, зерттеулер жарияланған. Екінші орында қытай тілі, бұл тілде 96 933 жарияланым жасалса, орыс тілінде небәрі 37 559 еңбек жарияланған. Бұл ағылшын тіліндегі жарияланымдардан 120 есе аз көрсеткіш?!

Орыс тілі посткеңестік кеңістіктен қалай кетіп жатыр?

Қазіргі таңда орыс тілі Ресей мен Беларусь елдерінде мемлекеттік тіл статусына ие. Беларусь елінде халықтың 20 проценті ғана өздерін этникалық орысқа жатқызса да, орыс тілі қоғамдық өмірдің барлық саласында кеңінен қолданылатыны жиі жазылады. Мұның кесірінен беларусь тілі «әлсіз», яғни жойылу қаупі жоғары тілдердің қатарына еніп отыр. Қазақстан мен Қырғызстанда орыс тілі ресми тіл ретінде қолданылады. Соңғы жылдары Кремль «посткеңестік елдерде орыстілді азаматтардың мемлекеттік тілді үйренуі міндеттеліп жатыр» деп байбалам салып жүр. Шотландиялық профессор Томаш Камуселла бұны орынсыз талап деп біледі.

«Ресей билігі Азшылықтың тілдік құқықтары жөніндегі еуропалық концепцияға арқа сүйейді. Бірақ бұл жерде орыс тілінің әрі әлемдік, әрі империялық тіл боп отырғанын ұмытады. Сондықтан орыс тілін азшылық тілі ретінде көрсету ойға қонымсыз. Бұл арада Еуропа немесе басқа елдерде ешкім де тура солай ағылшын тілінің азшылық тілі боп отырғанын мойындамайды. Сол себептен Франциядағы немесе Чехиядағы ағылшынтілділерді «ұлттық азшылық» деп атаудың өзі қарама-қайшылық туғызатын жәйт» - дейді зерттеуші.

Бұл тұрғыдан «отандастар» мәселесіне келсек, Гана немесе Канададағы ағылшынтілділер «ағылшын ұлтының» өкілдері болып саналмайды. Сондықтан Лондон Гана мен Канадада ағылшынша қалай жазуды, сөйлеуді шеше алмайды. Профессор «Русский мир» жобасының гибридті соғыс нысанына айналғанына алаңдаушылық білдіреді. Жалпы, бұл жобаның ұрандары халықты ел аумағында да, сыртта да екіге бөлді.

Шотланд ғалымының айтуынша, «егер орыс тілі ағылшын, француз немесе испан тілі сияқты плюрицентристік тілге айналмаса, оның күні санаулы». Батыс зерттеушілері орыс билігінің «екіұдай саясатын» да сын тезіне алып отыр, яғни, Ресей аумағында ұлттық азшылықтардың мектептерін жауып, ұлттық тілдегі сабақтарды қысқартып жатып, екінші жағынан, унитарлы мемлекеттердің тілдік саясатын сынау орынсыз деген пікірде.

Тілдің болашағы қандай?

Әрине, тілдің сапасы тек сөйлеушілер санымен ғана анықталмайды. Қандай да бір тіл өміршең болуы үшін оның ақпараттық, әлеуметтік қолданыс аясы кең болуы тиіс. Бұл тұрғыдан орыс тілі осы күнге дейін БАҚ-тардың таралуы, интернетте қолданылуы бойынша Топ-ондыққа еніп келді. Бірақ соңғы оқиғалар әсіресе Ресей БАҚ-тарының әлемдік деңгейде таралуына кері әсерін тигізіп отыр. Ақпан айының аяғынан бері Еуроодақ елдері ресейлік телеарналардың ретрансляциясын тоқтатты. Шектеу шаралары Франция, Польша, Англия, Литва, Латвия, Эстония елдерінде қолға алынды. Польша Russia Today, RT documentary, РТР-Планета, Россия-24, т.б. телеарналардың таралуын шектеді.

Соңғы мәліметтерге сенсек, Ресей телеарналары Еуроодақ елдерінде, АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Грузия, Молдова, Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанда толық немесе жартылай шектелген. Британияның Ofcom реттеушісі Russia Today арнасының таралуын тыйып, заң бұзғаны үшін 200 мың еуроға дейін айыппұл салған. АҚШ-тың ірі операторлары – DirectTV және Comcast «орыс пакетін» мүлдем алып тастаған. Apple мен Google Russia Today арнасының қосымшаларын онлайн-дүкендерден сатып алуға тыйым салды. YouTube пен TikTok оның каналдарын бұғаттап тастады. Ресейлік сайттың жазуынша, «Қазақстанда 6000-нан астам адам ресейлік телеарналардың жабылуын талап еткен. Жергілікті сарапшылардың айтуынша, ресейлік ТВ-ны техникалық тұрғыдан жылдам өшіруге болады, бірақ бұдан кейін көрерменге көрсететін дүние қалмайды. Себебі қазақстандық телеарналарда сапалы контенттің саны аз. Қырғызстан мен Өзбекстанда да азаматтық белсенділер тиісті талаппен шыққан. Бірақ Қазақстандағыдай екі республиканың телевизиясы аудиторияның ақпараттық сұранысын жартылай қанағаттандыруға да жеткіліксіз» деген сарында жазады rtvi.com сайты. Ресейдің өзінен көптеген әлемдік телеарналар кетті, атап айтсақ, Paramount – Nickelodeon, MTV Russia, NickToons, т.б. Ал Discovery компаниясы өзінің 15 арнасын алып кетті.

Бұған Ресей жағы өкініп отырмаған сияқты. Есесіне Украинаның Херсон қаласы мен Запарож облысындағы елдімекендерге Ресейдің Первый канал, ВГТРК, Матч ТВ, «Спас», ТНТ, т.б. барды деп алақайлап отыр.  

Japantimes басылымының ақпаратына сенсек, «Жапония оқытушылары орыс тіліне студенттердің қызығушылығы азайып барады деп алаңдайды». Әлемнің түкпір-түкпірінде Пушкин мен Толстойдың, Есенин мен Лермонтовтың тілі үлкен сынақтан өтіп жатыр. Тілдің болашағы қандай болмақ? Ешкім болжап айта алмайды. Қазірге анық бір нәрсе бар, күн өткен сайын ресейлік ақпарат құралдарының, интернет контентінің таралу аймағы кеміп барады. Сарапшылар орыс тілінің ықпалы тек Беларусь, Украина мен Орталық Азия елдерінде ғана сақталады деп болжайды. Ал егер Украина бұл дағдарыстан аман шықса, онда мүлдем жаңа ел боп туады. Бұл елде украин тілі салтанат құрады деген болжам бар.

Профессор Томаш Камуселла Екінші Дүниежүзілік соғысқа дейін неміс тілінің ғылым, білім, экономика, инженерия мен сауда-саттық тілі болғанын еске салады. Бірақ соғыстан кейін дүниежүзілік лингва-франка, яғни адамдардың ана тілінен бөлек коммуникация үшін қолданылатын тілі ретінде неміс тілінің орнын ағылшын тілі басса, оның бір бөлігін өз мойнына орыс тілі алды дейді. 1950 жылдардан кейін неміс тілінің географиялық территориясы күрт кеміді. Ол Германия, Австрия, Швейцариядан тыс кеңінен қолданылмайды.

«Бәлкім, соғыс кезеңіндегі неміс тілі сияқты эмиграциядағы жазушылар мен ойшылдар орыс тілінің ашықтығы мен саясаттан тыс универсалдығын сақтап қалатын шығар. Бірақ қазіргі Ресейде қарсылық білдірушілер аз және олардың арасында танымал азаматтар кемде-кем. Сондықтан бұл орыс тілінің қарым-қатынас, мәдениет алмасу және зерттеулер үшін дүниежүзілік лингва-франка ретіндегі позициясын сақтап қалу үшін жеткілікті емес», - деп түйіндейді зерттеуші.