Елімізде бірнеше ауылдың әкімдері пара алды деген күдікпен ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Алматы және Түркістан облыстарында ауыл әкімдері сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен тергеліп жатыр 

Фото: sputniknews.kz

Түркістан облысында Кентау қаласының Ескі Иқан ауылдық округінің әкіміне қатысты пара алу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, деп хабарлайды Azattyq rýhy тілшісі.

Ол жер учаскесінің ахуалдық схемасына қол қойғаны үшін жеке кәсіпкерден бұрын келісілген 4 млн. 150 мың теңгеден 2 млн. теңге сомасында пара алды деп күдіктенеді.

Әкім кінәсін мойындады және адвокаттың қатысуымен жедел тергеу жүргізу туралы өтінішті мәлімдеді.                                                         

«Алматы облысында Іле ауданы Байсерке ауылдық округінің бұрынғы әкімі мен әкімдіктің лауазымды тұлғаларының Жаңадәуір ауылындағы 10 га жер учаскесінің нысаналы мақсатын шаруа қожалығынан жеке қосалқы шаруашылыққа заңсыз өзгертуге қатыстылығы тексерілуде. Аталған аймақта Талғар ауданы Панфилов ауылдық округінің бұрынғы әкімі санаторийлік, су қорғау аймақтары мен ирригациялық желілерде жер учаскелерін бөлу кезінде қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланды деген күдікке ілінді», - делінген хабарламада.

Ағымдағы жылдың 24 қаңтарында күдіктіге қатысты күзетпен ұстау санкцияланды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Оларға қатысты түпкілікті шешімді сот шығарады.