Квота берудегі әу бастағы мақсат – ауылға қажет мамандықтарға жастарды тарту
Өткен жылы республика бойынша бөлінген оқу грантының 30%-ы немесе 16,8 мыңы ауыл жастары арасында үлестірілді. Кезінде ауылдық квота 10 пайыз болатын. Үкіметтің 2021 жылғы 21 сәуірдегі №256 қаулысымен 30 пайызға дейін ұлғайтылды. Мысалы белгілі бір мамандыққа 100 грант бөлінсе, оның 30-ы ауыл мектебінің балаларына бөлінеді. Қосымша білім сапасы төмен өңірлердің абитуриенттеріне техникалық бағыттары бойынша қосымша 10 мың нысаналы грант бөлінеді. Цифрларға зер салсақ, елімізде ауыл квотасының артқанын көреміз.
Осыған қарамастан ауыл-аймақта маман тапшылығы күшейіп барады. Сарапшылар болса ауыл балаларына бөлінген квотаның тиімсіз екенін алға тартып отыр. Осы орайда Azattyq Rýhy тілшісі JOO.kz онлайн-платформасының жетекшісі Қанат Өксікбаевпен ауыл квотасының тиімділігі туралы әңгіме өрбітті.
– «Ауыл квотасы» өңірлердегі білім саласындағы алшақтықтың бар екенін мойындау секілді. Сіз бұған не дейсіз?
– Қазақстандағы білім саласындағы үлкен проблемалардың бірі – қала мен ауыл мектептерінің білім сапасындағы айырмашылық. Ауыл мектептерінде мұғалім жетіспеушілігі айтпаса да белгілі. Білікті жас мамандарды ауылға тарту бойынша атқарылған жұмыс, шыққан шығын әлі өз нәтижесін бере қойған жоқ. Менің ойымша, ауыл квотасының қазіргі күйі ауыл мектебінде білім сапасының төмен екендігінің айқын дәлелі. Ауыл квотасын беру арқылы мемлекет ауыл жастарына: «Өкінішке қарай біз сіздерге сапалы білім бере алмадық. Соның орнына грант конкурсында жеңілдік жасаймыз» деп айтып тұрған секілді көрінеді. Ауыл квотасы керек. Бірақ қазіргі күйінде емес. Квота берудегі әу бастағы мақсат ауылға қажет мамандықтарға жастарды тарту болатын. Яғни өңірлерге қажет мамандықтарды меңгерген жастар ауылға барып жұмыс істеуі керек еді. Алайда бұл мақсат іс жүзінде орындалмай келеді.
– Ауыл квотасын алу үшін қалада оқып жүрген оқушылар бір жылға ауылға келеді. Түлектерді түсінуге де болады. Грант жеңіп алудың амалы шығар. Десе де, біз балаларды мектептен бастап, осындай манипуляцияға баруға үйретіп жатқан жоқпыз ба?
– Иә, ондай жағдай көп. Оған заңнамадағы шикіліктер себеп. Мысалы Есік қаласында мектеп бітірген бала ауыл квотасына қатыса алмайды, себебі Есік – қала. Бірақ Есіктегі мектеп пен соның жанындағы бір ауылдағы мектептің білім сапасында айырмашылығы жоқ. Бұл ауыл жастарын қолдамау керек деген сөз емес. Керісінше, грант конкурсында жеңілдік жасау арқылы емес, сапалы білім беру арқылы ауыл жастарын қолдауымыз керек. Мүгедектігі бар, жетім балалар, ұлты қазақ шетел азаматтары болса, оның жөні басқа. Ауыл квотасы мақсатты түрде жетуі үшін ауыл түлектері 3-5 жыл оқуы керек деген талап енгізсек, бұл мәселенің алдын алуға болар еді.
– Білім саласындағы дискриминация бар секілді. Білім грантына конкурсқа қатысатын НЗМ, БИЛ секілді мектепте оқитын балалар мен ауыл квотасы арқылы түсетін түлектердің мүмкіндігі жоғары. Сонда қаладағы орта мектепте оқитын балаларға әділетсіздік жасалғандай көрінеді...
– Сапалы білім алу – әр баланың конституциялық құқы. Сондықтан, мемлекеттің алдындағы бірінші мақсат – оқушылардың сапалы білім алуына теңдей мүмкіндік жасау. Жекелеген мектептерге көп қаржы бөліп, мықты мұғалімдерді тарту білім саласындағы теңсіздіктің барын көрсетеді. Сондықтан өзіңіз айтқан мектептерге ұмтылатындар көп. НЗМ, БИЛ, РФММ мектептеріне конкурстың өте жоғары болуы – білім сапасында үлкен айырмашылық бар екеніне тағы бір дәлелі. Халықтың салығын, мемлекеттік бюджетті бұлай әділетсіз үлестіру дұрыс емес деп ойлаймын. Мұндай мектептер 90 жылдары өзекті болатын. Қазір де қажет. Бірақ мемлекеттің есебінен емес, жекеменшік тарапынан қаржыландыру керек.
– «Ауылдық квотаның» кереғар тұстары да бар. Мысалы жас маман жұмыс істеп, мемлекеттің оқытқан ақысын өтейін десе, ауылында жұмыс табылмайды. Оқуға кеткендер түгіл, ауылда қалғандарға да жұмыс жоқ. Ал 3 жыл жұмыспен өтемесе, миллиондаған ақша мойнына ілінбек. Сосын гранттың өтеуінен қашып жүретіндер бар. Бұл мәселе қалай шешілуі керек?
– Иә, мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Ауыл квотасы арқылы грантта оқып, өңірлерге барған соң жұмыс таппайды. Немесе ауылда жұмыс істегісі келмеген соң, грант ақысын қайтаруға мәжбүр болады. Сондықтан бұл квотаны ауылдың балалары емес, ауылда жұмыс істегісі келетіндер алуы керек. Сол кезде жұмыс табу ықтималдығы жоғары болады. Менің ойымша, ауыл квотасы қандай мектеп бітіргеніңізге байланысты болмауы керек. Бұл квота ауыл мектебін бітіргеніңіз үшін емес, ауылға қажетті салаларға мамандарды тарту үшін қолға алынған шара.