Сапасыз үйлер, баспана бағасы, 4%-дық автонесие: министр Өскенбаевпен сұхбат

Автор: Еркежан Айтказина

2022 жылғы наурыз айының соңындағы жағдай бойынша 30 507 бірлік автомобиль сатып алу үшін қарыз берілген

Биыл тұрғын үй нарығына қатысты айтарықтай өзгеріс болмақ. «Баспана хит» бағдарламасы аяқталып оның орнын алмастыратын жаңа ипотекалық бағдарламаның шарты дайындалып жатыр. Бұған қоса, мемлекет тұрғын үйге мұқтаж қазақстандықтарға жалдамалы пәтер ақысының 50%-ын төлейтін жаңа механизмды іске қосты. Соңғы жылдары тұралап қалған жеңілдетілген автонесие беру бағдарламасы қайта қолға алынды. Қолжетімді баспанамен қамту сынды маңызды мәселелерден бастап, импортты алмастыру сияқты ірі жобаларға Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жауапты. Осы ретте, сала министрі Қайырбек Өскенбаевпен Azattyq Rýhy тілшісі сұхбаттасып, ведомство қолға алған бастамалар жайында сұрады.

ҚҰРЫЛЫС МАТЕРИАЛДАРЫ ҚЫМБАТТАМАС ҮШІН АТҚЫРЫЛЫП ЖАТҚАН ШАРУАЛАР

– Бүгінде халықты толғандырған мәселелердің бірі – тұрғын үй бағасының қымбаттауы. Былтыр құрылыс материалдары бағасының өсуі және зейнетақы қорындағы қаражатты жұмсауға рұқсат берілуі үй бағасының шарықтауына алып келді. Осы ретте алдағы уақытта пәтер нарығында қандай өзгерістер болуы мүмкін? Баға тұрақтала ма?

– Министрлік тұрақты негізде тұрғын үй бағасына әсер ететін құрылыс материалдарына мониторинг жүргізеді. Құрылыс ресурстары бағасының өзгеруіне жылдам назар аударып, ден қою үшін биыл сметалық бағалар жинақтары шығарылады. Бұл бастама жалпы бюджеттік нысандар бойынша құрылыстың аяқталмай қалу жағдайын азайтуға мүмкіндік береді. Осы жылдың 1 сәуірінен бастап құрылыс материалдарының жоғары құны ескерілген сметалық бағалар жинақтары бекітілді. Бұдан басқа, құрылыс материалы бағасын төмендету үшін мемлекеттік нысандарды салу кезінде құрылыс материалын сатып алуға арналған Маркетплейстің онлайн алаңы енгізілді. Атқарылатын жұмыс мұнымен шектелмейді. Тұрғын үй құрылысының құнын арзандату үшін министрлік отандық өндірушілердің, оның ішінде үй құрылысы комбинатының өнімін қолдануды нормативтік түрде бекітті.

Сондай-ақ тұрғын үйдің үлгілік жобалары әзірленді. Осы жобаны жаппай қолдану кезінде жобалау құны айтарлықтай төмендейді. Бұған қоса, импортқа тәуелділікті төмендету және құрылыс материалдары бағасының күрт ауытқуын болдырмау үшін министрлік 2025 жылға дейін 8,6 мың тұрақты жұмыс орнын ашып, 601,3 млрд теңгеге 35 импортты алмастыратын жоба бойынша құрылыс индустриясын дамыту мақсатында бағдарламалар қабылдады. Осы кезеңде санфаянс, ламинатталған жабын, шыны жүн, керамикалық плиткалар, ішкі есіктер, табақ шыны және жылу оқшаулағыш материалдар сияқты отандық құрылыс тауарларымен қамтамасыз ету бойынша жаңа өндіріс орнын ашу жоспарланып отыр. Бұл шаралар ішкі нарықтағы импорт үлесін төмендетуді қамтамасыз етіп, құрылыс материалдары бағасының айтарлықтай қымбаттауына жол бермейді деген сенімдеміз.

– Белгілі болғандай, «Баспана хит» және «7-20-25» бағдарламалары биыл тоқтайды. Алдағы уақытта бұл бағдарламалар жалғасын таба ма? Ипотекалық бағдарламаларды қандай өзгерістер күтіп тұр?

– Бизнес қоғамдастықтан ипотекалық бағдарламаны ұзарту туралы ұсыныс келіп түсті. Бүгінгі таңда Ұлттық Банктің дерегі бойынша бағдарламаны іске асыру үшін 500 млрд теңге резерв бар. Қазір сала мамандары ипотекалық нарықты мемлекеттік реттеуден нарықтық дамуға көшу керек деген пікір білдіруде. Сонымен қатар жеңілдікті ипотекалық бағдарламаның аяқталуына, зейнетақы жинақтарын алудың қысқаруына және нарықтық өнімнің болмауына байланысты баламалы шаралар ретінде ипотеканы субсидиялауды енгізу мүмкіндігін пысықтап жатырмыз. Аталған шаралардың барлығы да бүгінгі күнгі ағымдағы жағдайды ескере отырып қолға алынбақ.

ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН АВТОНЕСИЕНІҢ БАСТЫ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

– Бәрімізге мәлім, жақында жеңілдетілген автонесие бағдарламасы іске қосылады. Осы орайда, нақты қай күні азаматтардан өтінім қабылдау басталады? 4 пайыздық автокредит бағдарламасына кезекке тұру және құжат тапсыру тәртібі қандай болмақ?

– Бұл мәселе бүгінгі таңда қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселенің бірі екендігі рас.  Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, «Жасыл Даму» АҚ қаражаты есебінен азаматтарға жеңілдікпен автокредит беру және автобус паркін жаңарту бойынша бағдарлама әзірлеуде. Бағдарлама 2022 жылдың мамыр айының соңында іске қосылады.

Осы ретте айта кетейін, жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы 2015 жылдан бастап жұмыс істейді. 2022 жылғы наурыз айының соңындағы жағдай бойынша 30 507 бірлік автомобиль сатып алу үшін қарыз берілген. Жеңілдетілген автонесие алудың биылғы басты ерекшелігі электронды кезек арқылы несие алу жағы қарастырылған. Қазірдің өзінде екінші деңгейлі банктің басым бөлігінде бұл қызмет цифрландырылған. Олар өз бағыттары бойынша жұмыс істеп жатыр. Бірақ біз мұның барлығын халыққа да, банктерге де ыңғайлы болуына маңыз беріп, қамтамасыз етіп отырмыз.

– Жеңілдетілген автонесие бағдарламасы іске қосылғаннан кейін көлік бағасы қымбаттап кетеді деген пікір айтылып жатыр. Бағаны тұрақтандыру үшін қандай да бір шаралар қабылдана ма? 

– Автокөліктің құны әртүрлі фактор есебінен қалыптасады. Мысалы олардың қатарында логистика, курс, жинақтау және тағы да басқа факторлар бар. Бір компонент өзгерсе, бұл дайын өнімнің бағасына әсер етеді. Жылына орташа құны бойынша 10 мыңнан астам автокөлік сатылады және бұл жалпы өндірістің шамамен 9 пайызын құрайды. Яғни бұл бағдарламаның елдегі бағаға әсерін болжау мүмкін емес. Сонымен қатар бағаны негізсіз көтерген жағдайда уәкілетті органдар шара қолдануы тиіс.

– Былтырдан бері Қазақстандағы автомобильдердің жетіспеушілігі айтарлықтай сезіліп жатыр. Кезекте жарты жылдай тұратындар бар. Осы мәселені шешуді қалай жоспарлап отырсыздар?

– Әлемдік нарық пандемиялық дағдарыстан кейін әлі қалпына келген жоқ. Соның салдарынан микрочиптің (жартылай өткізгіштің – Ред.) тапшылығы сезілуде. Сондай-ақ әлем бойынша автомобиль мен оның қосалқы құрылғыларын жеткізу бойынша мәселелер туындап отыр. Осыған орай отандық кәсіпорындар автоөндірушілермен көліктің қосалқы құрылғыларын жеткізу бойынша квотаны ұлғайту үшін тұрақты келіссөз жүргізуде. Автокөлік дилерлерінде әрдайым тұтынушының сұранысы бойынша белгілі бір опция жиынтығы, түс ерекшелігі бар көлік бола бермейтінін ескеру қажет. Бұл жағдайда тұтынушы өтінім қалдырып, өзі қалаған автокөліктің салонға түсуін күту қажет болады.

Десе де, биыл отандық кәсіпорындар 109 мыңға жуық жеңіл автокөлік шығаруға ниет білдіріп отыр. Бүгінгі таңда автоөндірушілер құрамдас бөлшектерді жеткізуге квоталарды ұлғайту бойынша серіктестермен үнемі келіссөздер жүргізуде. 2022 жылдың бірінші тоқсанында жалпы саны 22 мыңнан астам көлік өндірілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,4 пайызға жоғары. Сондай-ақ осы бағыттағы экспорт көлемі 45 процентке ұлғайғаны байқалады. Осы орайда қазіргі күнде әлем бойынша автокөлік тапшылығы байқалып отырғанын атап өткім келеді. Бұған қоса, логистика бойынша да бірқатар мәселелер туындағанын білесіздер. Бүгінде осы мәселелерді оңтайлы шешу үшін өндірушілер серіктестерімен қажетті бөлшекті жеткізуге қатысты келіссөздер жүргізуде.

МЕМЛЕКЕТ ЖАЛДАМАЛЫ ПӘТЕР АҚЫСЫНЫҢ 50 ПАЙЫЗЫН КІМДЕРГЕ ТӨЛЕП БЕРЕДІ?

– Мемлекет тұрғын үйге мұқтаж қазақстандықтар үшін жалдамалы пәтер ақысының 50%-ын төлейді. Бұл бағдарламаға кімдер қатыса алады?

– Мемлекет басшысы халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау үшін арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырған болатын. Осыған орай министрлік 18 сәуірден жалдамалы пәтер ақысын субсидиялауға өтінімдер қабылдауды бастады. Алайда бұған дейін бағдарламаны 2022 жылдың мамыр айында іске қосу жоспарланған болатын. Аталған бағдарламаның шарты бойынша отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы табысы айына ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын отбасыларға жалдамалы пәтер ақысының 50 пайызын төлеуді көздейді. Бағдарламаның операторы –  «Отбасы банкі».

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сүйенер болсақ, бүгінгі таңда елімізде 590 мыңға жуық баспана кезегінде тұрған азаматтар бар. Оның 210 мыңы әлеуметтік осал топтарға жатады. Олардың ішінде табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз 70 мыңға жуық қазақстандық бар. Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жеке тұрғын үй қорынан жалға алынатын тұрғын үй үшін төлемдерді тағайындау қағидалары әзірленді. Қазақстандықтар өз өтінімін жылдам әрі кезек күтпей беруі үшін барлық процесті онлайн режимде ұйымдастырдық. Өтінім электрондық цифрлық қолтаңба арқылы otbasybank.kz порталында «Жалдау ақысын субсидиялау» бөлімінде беріледі. Өтінім қабылданатын және өңделетін цифрлық платформа барлығына қолжетімді. Мемлекеттік қолдауға төрт санат бойынша кезекте тұрған үміткерлер ие бола алады. Олардың қатарында І және ІІ топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім балалар және көпбалалы отбасылар бар. Бұл ретте, соңғы 6 айдағы орташа айлық жиынтық табыстың мөлшері отбасының әрбір мүшесі үшін бір ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы тиіс.

– Аталған бағдарламаның талаптары қандай?

– Қойылатын тағы бір талап – үміткерлер «Отбасы банкінің» клиенті болып, депозиті мен мекеменің интернет банкингінде тіркелген болуы тиіс. Жинақ шоты жоқ адамдар шотты бейнебанкинг немесе Otbasybank мобильді қосымшасы арқылы аша алады. «Отбасы банкі» тарапынан субсидия ай сайын төленетін болады. Шартты мерзімінен бұрын бұзуға және басқа жалға берушімен жаңа келісімшарт жасасуға болады. Бұл жағдайда өтініш беру процесі қайтадан басталады. Сонымен бірге «Отбасы банкі» төлем тәртібі бойынша ай сайын мониторинг жүргізіп, жыл сайын субсидия алушылардың бағдарлама талаптарына сәйкестігін тексереді. Бұдан басқа, әкімдіктер тоқсанына кемінде бір рет жалға берілетін тұрғын үйлерді және ол жерлерде тұратын азаматтарды тексереді. Жақын туыстардан, ерлі-зайыптылардың туыстарынан және бұрынғы ерлі-зайыптылардан тұрғын үйді жалға алуға, сондай-ақ жалға берілетін тұрғын үйді қайта жалға беруге тыйым салынады.

Осы орайда төлемдерді субсидиялауға өтінімдер қабылдау процесін тұрақты бақылауымда ұстайтынымды ерекше атап өткім келеді. Сондай-ақ күнделікті «Отбасы банкіне» келіп түсіп жатқан өтінімдер бойынша қаншауы мақұлданып, қанша өтінім кері қайтарылғандығы жөнінде сандарды саралап, мониторинг жасап отырамын.

ТҰРҒЫН ҮЙ САПАСЫНА ҚАТЫСТЫ АРЫЗ-ШАҒЫМ КӨП ТҮСЕДІ

– Салынғанына 2-3 жыл болмаған үйлер күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Одан бөлек, мектеп және емхана сияқты ұйымдардың шатыры ұшып, қабырғасы құлап жатады. Осы ретте, министрлік құрылыс барысында бақылау механизмін күшейтуді жоспарлап отыр екен. Бұл бағытта нақты қандай жұмыстар атқарылады?

– Сөзіңізбен келісемін. Салынып жатқан, атап айтқанда мемлекет қаржыландыратын тұрғын үй сапасына қатысты келіп түскен арыз-шағым саны жетерлік. Осыған байланысты Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органының қатысуымен объектіні пайдалануға қабылдауды күшейту жоспарлануда. Бүгінгі таңда мемлекеттік бақылауды жоспарлаудан бастап пайдалануға беруге дейінгі құрылыс процесінің барлық циклін қамтитын тиісті заңнамалық түзетулер әзірленді. Бұдан басқа, құрылыстың ашықтығы мен сапасын қамтамасыз ету үшін министрлік саланы цифрландыруда басты назар аударып отыр.

Осы жылдың шілдесіне дейін тұрғын үй құрылысы объектілері мен автомобиль жолдарына «eQurylys» ақпараттық жүйесі енгізіледі. Ол онлайн режимде құрылыс барысын мониторингілеуге мүмкіндік береді. Енді жобадан ауытқумен және технологиялық бірізділікті бұзумен немесе орындалмаған жұмыс көлемін, оның ішінде аяқталмаған жұмысты қабылдау мүмкін болмайды. Осылайша, бүкіл құрылыс циклі цифрландырылады және өзара байланыстырылады. Бұл жалпы құрылыстың сапасы мен ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.

– Жол сапасына байланысты әкімшілік-құқықтық жауапкершілік енгізілуі мүмкін бе?

– Қазіргі уақытта арнайы талдау орталығын құрдық. Былтыр еліміздегі жолдар бойынша 100 мыңнан астам скрин жасалды. Кемшіліктер анықталып, мердігерлер оны дер кезінде түзетті. Сондықтан республикалық маңыздағы жолдар бойынша нақты тетік жолға қойылған. Бұл санаттағы жолдардың бәрінде сапаны бақылау орталықтары бар. Жол құрылысы жүріп жатқан кезде сол орталықтар тәулік бойы қадағалау жүргізеді. Жергілікті маңыздағы жолдар бойынша, әкімдіктерге сапаны бақылау орталықтарымен келісімшарт орнатуды ұсынамыз.

Біз заңға өзгерістер енгіздік. Жергілікті атқарушы органдарды елді мекендердегі жолдар бойынша сапаны бақылау орталықтарымен келісімшарт жасауды міндеттеп отырған жоқпыз. Бірақ ол жолдардың сапасын да қадағалауы керек. Сондай-ақ жол құрылысына қатысушыларға қатысты әкімшілік жауапкершілік енгіздік. Оның ішінде жол сапасы бойынша да жауапкершілік көзделген. Көлік туралы заңда жол сапасы бойынша әкімшілік-қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсындық. Елді мекендердің жолдары бойынша жергілікті атқарушы органдарға тікелей тапсырма берілді. Олар жол жол сапасын зерттеуге құзыретті зертханалар ашуы керек немесе сондай нысандармен келісімшарт жасауы қажет.

– «Қуатты өңірлер – елді дамытудың драйвері» Ұлттық жобасы аясында халықты таза ауызсумен қамту көзделген. Қазір бізде қанша елді мекенде халық таза ауызсуға қолжетімсіз болып отыр? Бағдарлама аясында қандай жұмыстар атқарылады. Ұлттық жоба аясында ауызсу мәселесін шешуге қанша қаражат қарастырылған?

– 2021-2025 жылдарға арналған «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері»  Ұлттық жобасы шеңберінде сумен жабдықтау қызметтеріне 100 пайыз қолжеткізуді қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды жалғастыруға республикалық бюджеттен 498 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде ауылдарға 261 млрд теңге бөлу көзделген. 2021 жылдың қорытындысы бойынша елімізді сумен жабдықтау қызметіне қолжетімділік 96 пайызға өскен. Оның ішінде қалада 98,1 пайыз болса, ауылдарда – 93 пайыз. Биыл республикалық бюджет есебінен 180,8 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде 110,8 млрд теңге қалаларға және 69,9 млрд теңге ауылдарға бөлінбек.

Жыл қорытындысы бойынша таза ауызсуға қолжетімділікті қалаларда 98,5 пайызға және ауылдарда 94 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Жалпы, 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елімізде ауылдар саны 6 302-ні құрады. Оның ішінде 4 128 ауыл халқы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. Ал 631 елді мекенге кешенді блок-модульдер орнатылды. Сумен қамтамасыз етілмеген 1 543 ауылдың ішінен 511 ауылда орталықтанған сумен жабдықтау құрылысын жалғастыру және халық саны аз 1 032 ауылда суды тазартудың кешенді блок модулін орнату жоспарланып отыр.

– Сұхбатыңызға рақмет!