Мектеп 200 балаға арналған
Azattyq Rýhy тілшісі Тұрбат ауылына қарасты Өндіріс елді мекеніндегі Ақпарақ мектебінің құны мен оны салуға тендер ұтып алған мердігерді анықтады.
Әлеуметтік желіде Маржан Байымбетова есімді азаматша қабырғалары жарылып, төбесіне зақым келген. Бір сөзбен айтқанда, түрі жаңа мектепке ұқсамайтын мекеменің видеосын жариялап, оның «жап-жаңа, әлі бала оқымаған» мектеп екенін жазған.
Видеоның астына жазылған пікірлердің біріне жауап бере отырып, Маржан Байымбетова «Бұл - Қазығұрт ауданы, Тұрбат ауылы. Ақпарақ деген атпен ашылған мектеп» екенін хабарлаған.
Біз ашық дереккөздерді пайдалана отырып, видеодағы мектеп туралы біраз мәлімет жинадық. Соның ең маңыздысы – мектепті салуға тапсырыс берген мекеме, тендерді ұтып алған мердігер мен тендердің құны.
2019 жылдың басында Қазығұрт аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі Қазығұрт ауданы, Тұрбат ауылдық округіне қарасты Өндіріс елді мекенінде 200 орынға арналған «Ақпарақ» жалпы орта мектебінің құрылысын салуға конкурс жариялайды. Тендердің құны 596 млн 156 мың 899 теңге болған.
Тендерді ашық конкурс арқылы «А.Р.Т Құрылыс» ЖШС жеңіп алған. Компания Қазығұрт аулында тіркелген және оның иесі – Бақдәулет Сәдуақасов. Кейбір дереккөз компания Шымкент қаласында тіркелгенін жазады.
Тендерді жеңіп алған компания құрылысты өзі жүргізгені немесе тағы бір мердігерге бергені белгісіз. Алайда компанияның ұзақ уақыттан бері жаңармаған сайтына кірсек, оңтүстіктегі үлкен мектептерді тек «А.Р.Т Құрылыс» салатындай әсер қалдырады.
Ал Маржан Байымбетованың жазбасына пікір қалдырған Қазығұрт ауданының білім бөлімі бас мердігер су жаңа мектепті қайта жөндей бастағанын хабарлаған.
«Бүгін мердігер мекемеге жөндеу жұмыстарын бастады.Толық біткен соң, тиісті мамандардың қорытындысын алмай,аталған мектепке бала қабылданбайды», - деп жазған білім бөлімінің ресми аккаунты.
Azattyq Rýhy осы мәселеге қатысты Қазығұрт ауданының әкімдігіне ресми сауал жолдайды.