Жастардың дені баспанасыз: «7-20-25» бағдарламасына бөлінген қаражаттың әлі жартысы игерілмеген
Жастардың баспаналы болуына арналған ипотекалық бағдарлама неге жоқ

«Баспана хит» ипотекалық бағдарламасы аяқталғанымен «7-20-25» бағдарламасына бөлінген қаражаттың жартысы әлі игерілген жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Ұлттық банк мәліметше, «7-20-25» бағдарламасының нақты аяқталу мерзімі белгіленген жоқ. Бұл бағдарлама бойынша ипотекалық қарыз беру 1 триллион теңге сомасындағы қаржыландырудың индикативтік көлеміне жеткенге дейін жалғасады. Осыған байланысты бағдарламаны аяқтаудың нақты мерзімі туралы айту мүмкін емес. Ал 2022 жылы бағдарламаны аяқтау мүмкіндігі туралы ақпарат негізінен халық тарапынан сұранысты бағалауға және өткен жылдардағы қаражатты игеру қарқынына негізделген. Игерілмеген қаражаттың қалдығы азаматтардың едәуір санын жеңілдетілген несие берумен қамтуға мүмкіндік береді.
Белгілі болғандай, аталған бағдарламаға қазір қандай да бір өзгерістер енгізу қарастырылып отырған жоқ. Ұлттық банк дерегіне сәйкес «7-20-25» бағдарламасы арқылы 1,26 трлн теңгеге 97 мыңнан астам өтінім қабылданған. Оның ішінде 488,5 млрд теңгеге 39 мыңнан астам қарыз берілген. Қазір бағдарлама екінші деңгейдегі 9 банк арқылы іске асырылып отыр. Олар: «Bank RBK» АҚ, «Еуразиялық Банк» АҚ, «First Heartland Jusan Bank» АҚ, «Fortebank» АҚ, «Қазақстан Халық банкі» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ, «Сбербанк» АҚ ЕҰ, «Altyn Bank» АҚ, «Банк Фридом Финанс Қазақстан» АҚ.
Бұған дейін Қазақстандық тұрғын үй компаниясы орта тапқа арналған мөлшерлемесі төмендетілген жаңа ипотекалық бағдарлама әзірленіп жатқанын айтқан.
«Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Олжас Салықовтың айтуынша, коммерциялық бағдарлама бастапқы және салынып жатқан тұрғын үйлерді сатып алуға арналған.
«Біздің есептеуіміз бойынша, бұл бағдарламаға қажетті отбасылық табыс мынадай: пәтер бағасы 27 миллион теңге болатын болса, ай сайынғы төлейтін ақша орташа есеппен 450-500 мың теңгені құрайды. Субсидиямен ай сайынғы төлем шамамен 230 мың теңге болады», - деді О.Салықов.
Субсидия мөлшері сыйақы мөлшерлемесінің 7-8% құрайды. Несие мерзімі стандартты болады, бастапқы төлем – өтініш берушінің төлем қабілеттілігін растаумен 20%-дан басталады. Несиенің максималды сомасы әлі анықталған жоқ. Жаңа ипотекалық бағдарламаға кем дегенде сегіз банк қызығушылық танытып отыр. Алдағы төрт жылда нарықты қолдауға шамамен 1,3 триллион теңге бөлу жоспарланып отыр.
НАРЫҚТА ЖАС ОТБАСЫЛАРҒА АРНАЛҒАН ИПОТЕКАЛЫҚ БАҒДАРЛАМА ЖОҚ
Тұрғын үй сарапшысы, Айбар Олжаев біздегі ипотекалық бағдарламаларды екі топқа бөліп қарастырылатынын айтты.
«Екінші деңгейлі банктердің ипотекасы және мемлекет тарапынан субсидияланатын атаулы әлеуметтік топтарға арналған бағдарламалар. Оның ішінде мемлекеттік бағдарламалар «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі арқылы жүзеге асады. Яғни «Отбасы» банк және «Қазақстанның тұрғын үй компаниясы» осы холдингке қарайды. Біздің нарықта нақты жас отбасыларға арналған арнайы бағдарлама жоқ. Бірақ аймақтық әкімдіктердің жастарды ынталандыруға арналған «Елорда жастары» және «Алматы жастары» бағдарламалары бар. Бұл әкімдіктің қаржыландыруымен жүзеге асады. Онда 1 млрд теңгеден бастап беріледі. Бұны ауқымы кең бағдарлама деп айта алмаймын. Сондықтан нарыққа айтарлықтай әсер етпейді. Оны жылына 100-200 адам ала алады», - дейді А. Олжаев.
Танымал блогер Дәулет Мұқаев та біздің елде жастардың баспаналы болуына арналған нақты бағдарлама жоқ екенін айтады.
«Десе де Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында 29 жасқа дейін берілетін жалдамалы тұрғын үй бағдарламасы бар, ол 5 жылға дейін беріледі. Бірақ ол да бір жылдық науқан сияқты. Бұл бағдарлама арқылы үйді жалға алушылар өз атына ауыстырып ала алмайды. Ал Алматы және Елорда жастары деп аталатын ипотекалық пәтерді 35 жасқа дейін 10% бастапқы жарнамен ала алады. Бірақ ондағы талап бойынша бағдарламаға кез келген жас қатыса алмайды. Оның талабы бойынша жас маман мемлекеттік қызметте болуы тиіс. Бұл да науқан деп айтар едім. Өйкені оған қаражат жергілікті бюджеттен бөлінеді. Ал ақша бөлінбесе тоқтап қалады. Қазір мен атап өткен бағдарламалардың барлығы тоқтап тұр. Себебі бұл жобалардың өміршең болуы ақшаға келіп тіреледі. Алдағы уақытта Қарағанды, Әулие ата жастары деп аталатын бағдарламалар іске асады деп жоспарланып отыр. Қазір бұл жобалар дайындық үстінде», - дейді Д. Мұқаев.
БАСТАПҚЫ ЖАРНАСЫ ТӨМЕН ҚАНДАЙ ИПОТЕКАЛЫҚ БАҒДАРЛАМАЛАР БАР?
Айбар Олжаевтың айтуынша, бастапқы жарнасы төмен тек атаулы әлеуметтік бағдарламалар ғана бар. Бұл тізімге бастапқы жарнасы 10% шамасындағы «Бақытты отбасы», «Шаңырақ» бағдарламалары еніп отыр. Бізде ең аз бастапқы жарна 10 %-дан басталады. Сонымен қатар, жалға берілетін пәтерлерде ешқандай алғашқы жарна жоқ.
«Белгілі болғандай, «Баспана хит» бағдарлармасы 2021 жылдың аяғында аяқталған болатын. Бұл түгелімен өз мақсатын орындап бітті. Бұл бағдарламаға 600 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат толығымен иігеріліп, несие берілді. Ал «7-20-25» бағдарламасына 1 трлн теңге қарастырылған. Қазір оның 550 млрд теңгесіне несие берілді. Қалған қаражат 450 млрд теңге. Бұл қаражат қанша уақытқа жетуі мүмкін деген сауалға нақты ешкім жауап бере алмайды. Бірақ 2018 жылдың соңынан бері бөлінген қаражаттың жартысынан сәл ғана көп қаражатты игердік. Бұл динамикаға салса, бағдарлама тағы 1-2 жыл жұмыс істейтіні анық. «7-20-25» аяқталуы қаржыландырудың бітуіне байланысты.
Айта кетерлігі, аталған екі бағдарлама да Ұлттық банк арқылы қаржыландырған болатын. Қазіргі уақытта қаржыландыру көзі жалғасатыны туралы мәлімет жоқ. Бірақ «Бәйтерек» арқылы Қазақстанның тұрғын үй компаниясы ипотекалық жаңа бағдарламаны іске асырғалы жатыр. Ол да «7-20-25» бағдарламасына ұқсайды. Бірақ бұл бағдарлама субсидияланады. Мөлшері 11-12% шамасында. Бізде ипотекалық бағдарламалардың барлығы тоқтап қалмайды. Бірі жабылса, екіншісі іске қосылады. Ал нарықта айтарлықтай өзгеріс болады деп айта алмаймын. Тек базалық ставканың өсуіне байланысты баяғыдай жеңіл мөлшерлемелерді ұстап тұру қиынға соқпақ. Айта кетерлігі, жаңа бағдарламаларда «7-20-25» бағдарламасы сияқты жеңіл ставкалар болады деп айту өте қиын. Сондықтан ставка мен шарттар жағынан өзгеріс бар», - дейді сарапшы.
Республика бойынша жастар арасында қордаланған баспана мәселесін шешу үшін Дәулет Мұқаев жақында Парламентте жас отбасыларға арналған жаңа бағдарлама құру жөнінде талқылау өтетінін, қазір сол талқылауға ұсыныстар жинақтап жатқанын айтты. Оның айтуынша, әлеуметтік осал топтардан бөлек, табысы орташа халықтың баспана мәселесін шешуге де назар аудару керек.
БИЫЛ ЖАЗДА ТҰРҒЫН ҮЙ БАҒАСЫ АРЗАНДАЙ МА?
Тұрғын үй сарапшысы, Айбар Олжаевтың айтуынша, биыл тұрғын үй бағасы төмендемейді. Бірақ өсу қарқынының бәсеңдеуін күтуге болады. Оған азаматтардың төлем қабілеті әсер етеді. Қазір қымбат бағаға пәтер алатындай халықтың жағдайы жоқ. Соған сай сатып алу және сату келісімдері азаюы мүмкін.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі тұрғын үй бағасы негізсіз қымбаттамау үшін кешенді шаралар қабылдап жатқанын, бағаның бақылауда екенінін айтады.
Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығының президенті Виктор Микрюковтың айтуынша, жыл басында болған жағдайларға байланысты тұрғын үй нарығы тоқтап қалған.
«Құрылыс компанияларының көбінде дефолт қаупі сақталады. Себебі доллар бағамына байланысты құрылыс материалдары мен жабдықтарының бағасы қымбаттап кетті. Бұған қоса, нарықта тиімді ипотекалық бағдарламалар саны азайды. Базалық мөлшерлеменің жоғарылауына байланысты банктер ипотеканы 20-25%-бен береді. Бұл да сұраныстың төмендеуіне алып кетіп отыр. Биыл жазда үй бағасы төмендемейді, бірақ айтарлықтай шарықтап кетеді деп те айта алмаймын», - дейді қауымдастығының президенті.
Осы ретте, Айбар Олжаев баспана мәселесін шешуге арналған негізгі бағыттардың бірі қазақстандықтарға 10 соттық жер беру мәселесі өзекті екенін айтады.
«Бұл уәденің айтылып келе жатқанына 10 жылдан асты. Бұған біздің елдің жер көлемі жеткілікті. Яғни 10 сотық жер бәрімізге жетеді. Бірақ әңгіме ол жерлерде инфраструктура, коммуникация мәселесі шешілген ба, мәселе сонда болып отыр. Ешқандай жағдай жасалмаған жерді бергеннен пайда шамалы. Ал керісінше аталған мәселелер шешілген болса, әр азамат 10 соттық жерге үй салып, бұл қордаланған баспана мәселесі шешілер еді», - дейді сарапшы.
Ресми мәлімет бойынша ипотекалық несиелеу қаңтар-ақпан айларында 37%-ға өскен. Егер 2021 жылы ипотекаға 22 млрд теңгеден астам несие берілсе, 2022 жылы бұл сома 33,5 млрд теңгеге өсті. Несие беру көлемі бойынша Нұр-Сұлтан қаласы көш басында яғни, жыл басында 39,8 млрд теңгеге ипотекалық несие берілді. Алматы қаласында 29,5 млрд теңге, Қарағанды облысында 10 млрд теңге, Шымкент қаласында 6,6 млрд теңге және Шығыс Қазақстан облысында 6 млрд теңгеге ипотекалық несие берілген.