«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы сапалы зерттеу жүргізді
Ақпараттық қоғамда жайлы және кедергісіз өмір сүрудің бірден бір кепілі – цифрлық сауаттың жетік болуы. Ол интернет ресурстарды қауіпсіз және тиімді пайдалануды меңзейтін дағды ғана болып қоймай, ақпаратты сүзгіден өткізуге көмектеседі. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтерді, жұмыс және білім беру процестерін онлайн форматқа көшіру арқылы медиабілім мен медиасауат қазіргі қазақстандық қоғамда қажеттілікке айналды.
Осы тақырып аясында еліміздің жастарын зерттеумен айналысатын жалғыз құрылым «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы сапалы зерттеу жүргізген болатын. Нақтырақ айтсақ, 2022 жылдың сәуір айында жарыққа шыққан «Қазақстан жастары – 2021» баяндамасында цифрлық сауаттылық тақырыбы толыққанды зерделенген.
Қазақстан жастарының жартысынан астамы елдегі жаңалықтар мен оқиғалар туралы әлеуметтік желілер мен блогтар арқылы біледі (54,3%). Сондай-ақ, әрбір үшінші респондент – қазақстандық интернет-сайттарды (30,9%), ал әр бесіншісі (20,2%) бұл мақсатта шетелдік интернет-сайттарды қолданады екен. Барлық дәстүрлі ақпарат көзі арасында қазақстандық республикалық телеарналар (37,9%) бірнеше жылдан бері өз позициясын сақтап келеді, бірақ бұл жағдайда осы ақпарат көзін таңдауға елде болып жатқан оқиғалар туралы ақпаратқа баса назар аудару ғана себеп болады дейді зерттеу авторлары. Сондай-ақ, телеарналар арқылы ақпарат алудың таралуына отбасымен бірге уақыт өткізгенде жасы үлкен туыстары теледидар көруді қалауы факторы әсер етуі мүмкін. Яғни Қазақстан жастары үшін теледидардан тарайтын ақпарат өзінің мәнін сақтап келеді, алайда әлеуметтік желілер сынды ақпарат көзі жастар арасында телевизиялық шығарылымдардан бұрын жүреді және жастардың барлық категориялары арасында көш бастап келеді.
«Қазақстандағы жаңалықтар мен оқиғалар туралы ақпарат алу үшін көбінесе қандай ақпарат көздерін пайдаланасыз?» сұрағына жауаптар
Қазіргі жастардың ерекшелігі – олардың көбінесе қысқа видеохабарламалар мен бейнелер арқылы әлем мен ақпаратты ерекше қабылдаудан көрінетін «клип мәдениетін» жоғары деңгейде меңгергенінде. Қазақстандық жастар «диджиталдану» процесін (цифрландыру, технологиялардың дамуы) түсіну және қабылдау арқылы жаһандық трендтерді қайталайды. «Қазақстан жастарының тағы бір ерекшелігі ретінде референт тұлғалардың ауысуы мен аноним пікір көшбасшылары пайда болуын атап өту керек», - дейді зерттеушілер. Блогерлер, вайнерлер және тиктокерлер жастар ортасында беделді көшбасшыға айналды. Қазіргі ақпараттық шындық жастар арасында жаңа қалау немесе таңдау формасын қалыптастырып, сәйкесінше, тіпті отандық жаңалықтар мен оқиғаларға қатысты да ақпарат алудың негізгі көздері түбегейлі өзгеріп келеді. Қазіргі қоғамдағы ақпараттың көлемі мен алуандығы артқан сайын жастар қандай да бір ақпарат көзіне жүгінеді, олардың кейбіреуі сұраныстан шығып қалады, енді бірі жастардың ақпараттық қажетін өтеп, сол арқылы қолданушылар санын көбейтіп, өзекті ақпарат көзі бола бастайды.
«Соңғы жылдарда Қазақстан жастары үшін дәстүрлі БАҚ-тың маңызы біртіндеп төмендеп келеді, бұл да жас ұрпаққа тән трендтердің бірі саналады. Бірінші кезекте, бұл дәстүрлі БАҚ-тың біршамасына бейімделмегендіктен және олардың жастарға тартымды ақпараттық контентті ұсына алмауына байланысты», - делінген сараптамада. Жас ұрпақ ақпарат алуға ғана емес, сонымен бірге пікір алмасуға да әуестік танытады және ақпарат көзімен өзара әрекеттесуге бейім. Жастар үшін өзара жедел әрекеттесу, яғни онлайн режимдегі ақпараттық қарым-қатынас маңызды. Дәстүрлі БАҚ-қа мұндай «мүмкіндік беру» қиынға соғады. Осындай ақпараттық коммуникациялық қажетін өтеу үшін интернеттегі жаңалық сайттары, жеке немесе ұжымдық чат қызметтері бар онлайн режимде жұмыс істейтін әлеуметтік желілер, кең аудиторияда пікір алмасу форумдары қолайлы.
Елдегі жағдайға қатысты наразылық білдірудің тиімді және қолайлы тәсілдері (%)
Қазақстандық жастар өміріндегі жаңа медианың маңызын аталмыш зерттеу нәтижелері растап отыр. Мәселен, атап айтқанда, жастардың едәуір үлесі үшін елдегі жағдайға қатысты наразылық білдіру әлеуметтік желілердегі рұқсат етілген әдістер арқылы жүзеге асыруға болады. Қазіргі жастардың өміріндегі интернеттің маңызын көрсететін дәлелдердің бірі – бір аптада интернет-ресурстарды қолдануға жұмсалған уақыт. Бұл – индикатор. Нәтижелерге сүйенетін болсақ, әрбір бесінші жас қазақстандық интернетте аптасына 10 сағаттан артық уақыт өткізеді. Бұл көрсеткіштен «отбасымен бірге уақыт өткізу» нұсқасы ғана алда келеді.
Жаңа медиа қазіргі жастардың өмірінде маңызды орын алады және құндылық бағдары мен мүддесіне әсер етеді. Бұл жастардың қазіргі заманғы мәдениет бағыттарына қатысты қалауында айқын және анық көрінеді.
«Интернетке, отбасымен және достарымен уақыт өткізуге аптасына қанша уақыт жұмсайсыз?»
Қазіргі заманғы мәдениеттің жастар арасында ең танымал 5 бағыты негізінен жаңа жанрлар, субмәдениеттер және жаңа медиа арқылы көрініс табады. TikTok қазақстандық жастар арасында жоғары сұранысқа ие желіге айналуы оларға жаһандық тенденциялар айтарлықтай әсер ететінін тағы дәлелдесе керек. Көп адам (әсіресе жас ұрпақ) ақпаратты қысқа-қысқа фрагмент күйінде қабылдағанды жөн көреді, сондықтан TikTok-тағы қысқа, қолжетімді және ойын-сауық контентке қызығушылық мол.
Осы орайда мемлекет тарапынан ақпараттық кеңістікті деструктивті және интеллектуалдық дамуға кері әсер тигізетін контентке төтеп бере алатын мағыналы медиаөнімдер шығарған өте маңызды мәселе. Мысалы, Білім және ғылым министрлігі негізгі орта білім берудің оқу бағдарламаларына (5–11 сыныптар) интермәдениет пен әралуандықтағы бірлік жөніндегі тақырыптарды қосып, сондай-ақ оқушыларды волонтерлік жобаларға қатысу мүмкіндіктері мен артықшылықтары туралы көбірек хабардар етіп отыруы қажет.
Аталмыш ведомство оқушыларды IFCN (International Fact-Checking Network), EFMN (Еуразиялық фактчекинг және медиасауат желісі) сияқты фактчекинг ресурстары жайлы және жалған ақпарат таратудың жауапкершілігі туралы хабардар ете отырып, ақпараттық сауат және медиасауат бойынша тақырыптарды оқу бағдарламаларына енгізу мүмкіндігін қарастыруы керек.
Мұса Бағдат