Алайда, сарапшылар бұл көрсеткіштің қайта өсуі мүмкін екенін болжап отыр
Білім беру саласы мен еңбек нарығы бір бірімен етене байланысты. Қазіргі таңда Қазақстанда сұраныс болғанымен, тиісті деңгейде ұсыныс болмай тұр. Бұл нәрсе әсіресе еңбек нарығына аса қажетті мамандықтарға, салаларға қатысты. Соңғы статистикалық мәліметтерге сәйкес, Қазақстандағы жұмыссыздар саны бір жылда 0,6 пайызға азайып, 450 мың адамды құраған. Ал, бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 2,6 пайызға өскен. Яғни, бұл – 450 мыңнан астам қазақстандық азамат жұмыссыз дегенді білдіреді. Алайда, сарапшылардың айтуынша, шынайы сандар одан да жоғары.
Өңірлердің ерекшелігіне қарай жіктейтін болсақ, қала мен ауылдағы жұмыссыздар санындағы айырмашылық айтарлықтай алшақ. Қалалардағы жұмыссыздық деңгейі жыл басына қарай 5%-ды құраса, ауылдық жерлерде жұмыссыздық бір жылда 4,8%-дан 4,7%-ға төмендеді.
БҰҰ-ның Халықаралық еңбек ұйымының болжамына сәйкес, әлемдік еңбек нарығында жағдай ушығуы мүмкін. 2022 жылы әлем бойынша жұмыссыздардың саны 200 миллионнан асуы әбден мүмкін.
Қазіргі таңда республикалық бюджеттің жартысынан көбі әлеуметтік сала мен халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Бірақ дағдарысқа қарсы әзірленген жобалардың 14 пайызы ғана ұзақмерзімді экономикалық активтер мен объектілерді құруға бағытталған. Жауапты ведомстволар көп жағдайда жұмыссыздықпен күресу шараларын қолға алғанда қысқамерзімді эффектісі бар әдістерге жүгінеді.
Осы орайда, мысалы, іске асырылып жатқан «Еңбек» жұмыспен қамту бағдарламасымен қатар «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасына бөлінген бір триллион теңгенің тиісті түрде жұмсалуын жіті назарда ұстау қажет. Аталмыш бағдарламаның басты миссиясы – инфрақұрылымдық объектілерді құру және дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу. Екі бағдарлама да халықты уақытша емес, тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуі қажет.
finprom.kz
Сандарға көз жүгіртер болсақ, Қазақстан жастары (15-28 жастағы) арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2021 жылдың үшінші тоқсанында 3,7 пайызды құраған. 2020 жылдың дәл осы кезеңінде бұл деңгей 3,9 пайыз болған. Жұмыссыздық мәселесі әсіресе Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында және Қарағанды облысында өзекті екен.
Өңірлер арасында жұмыссыздық деңгейі бойынша Түркістан облысы мен Алматы қаласы көш бастап тұр – 5,1 пайыз. Ары қарай тізімде Шымкент пен Батыс Қазақстан облысы (5%). Сонымен қатар, жұмыссыздар Алматы мен Алматы облысында көп тұрады.
NEET категориясындағы жастардың көп болуы пандемияға дейін де Қазақстанда біршама алаңдаушылық тудырған. 2019 жылы Президент Касым-Жомарт Тоқаев аталған категориядағы жастар үлесін азайтуға бағытталған тиімді шараларды қабылдап, 2021 жылы бұл көрсеткішті 6%-ға дейін азайтуды тапсырған болатын. Алайда, пандемия мен әлемдік экономиканың төмендеуі жастардың еңбек нарығына кері әсерін тигізді. Халықаралық еңбек ұйымы NEET категориясындағы жастардың әлем бойынша көбейетінін болжап отыр, әсіресе дамушы елдерде. Қазақстан бойынша NEET жастарының үлесі еліміздің оңтүстік өңірлерінде басым.
Қаңтардағы жағдайдан кейін ҚР Үкіметі елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыруға бағытталған Жедел әрекеттер жоспарын бекіткен болатын. Аталмыш жоспарда мақсаттардың бірі ретінде жастар арасындағы жұмыссыздықпен күрес көрсетілген. Мысалы, «Жастар тағылымдамасы» және «Алғашқы жұмыс орны» жобалары аясында тағылымдамадан өту мерзімі мен жалақы көлемі ұлғайтылады. Сонымен қатар, жастардың іскерлік бастамаларын жүзеге асыруға жағдай жасалынады. Үкіметке кәсіпкерлік мақсатқа берілетін гранттар көлемін екі есеге, яғни 400 айлық есептік көрсеткішке дейін арттыру тапсырылды.
finprom.kz
Осы орайда NEET санатындағы жастарға жұмыс берушілерді ынталандыру аса маңызды: мысалы, біліктілігі төмен немесе жұмыссыз жастарды ұзақмерзімді жүмысқа алатын компанияларды мемлекет тарапынан субсидиялау.
Қазақстандағы жұмыссыздық халықтың әртүрлі әлеуметтік топтарында әрқалай деңгейде екенін ескерек болсақ, бұл бағыттағы мемлекеттік саясат құралдарының әр әлеуметтік топтың ерекшелігіне қарай бейімделуі маңызды. Жоғарыда аталған шаралармен қатар, тиімді тетіктер қатарына әлеуметтік серіктестік механизмдерін қолдану, кіші кәсіпкерлікті қолдау, кадрларды қайта даярлау, қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру, жұмыс орындарын квоталау, еңбек нарығындағы ақпараттық жұмысты күшейту, мемлекеттік емес қызметті қолдау сияқты шараларды да белсенді түрде қолдану қажет.
2018 жылы жүргізілген әлеуметтік зерттеу нәтижелері: қазақстандықтарды алаңдататын проблемалар рейтингі (дереккөз: Ekonomist.kz). Зерттеуге сәйкес, азаматтарды алаңдадатын ең өзекті мәселе – жұмыссыздық, жұмысқа орналасу.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мамандарының болжамына сәйкес, 2025 жылы елімізде белгілі себептерге байланысты жұмыссыздық деңгейі өсуі мүмкін. Трендтер көрсеткендей, алдағы уақытта бұл көрсеткіштің өсуі еліміздегі кезекті демографиялық толқынмен және еңбек нарығындағы өзгерістермен байланысты болмақ. Еңбекке қабілетті азаматтар 2-3 жылдан кейін «екінші толқыннан», яғни 1980-жылдардың екінші жартысында туған ұрпақ өкілдерінен басым түспек. Қазір «екінші толқын» өкілдері 32-37 жаста. 2025 жылы еңбек нарығына шыққан жастар халықтың негізгі, белсенді, сұранысқа ие және басым бөлігін құрамақ. Бұл өз кезегінде еңбек нарығына «қысым» көрсетпек.
Одан бөлек, 2025 жылға қарай еңбек нарығында әйелдердің саны да, үлесі де көбеймек (себебі әйелдердің зейнетке шығу жасы 63 жасқа дейін көтерілген). Зейнетке дейінгі жастағы әйелдердің үлесі жыл сайын арта бермек.
Жұмыссыздық мәселесі жайлы айтқан кезде оның гендерлік аспектісін атап өтпеуге болмайды. Статистикалық деректерге сәйкес, жұмыссыздар арасында әйелдердің үлесі басым – 5,4%, ал ер адамдардың үлесі, өз кезегінде, 4,3%-ды құрайды.
Қазақстандық еңбек нарығы демографиялық, салалық, өңірлік параметрлер бойынша баланс жоқ. Мамандардың айтуынша, «әйелдерге тән» мамандықтар бәсекеге қабілеттілік және ақысы бойынша есе жібереді екен.
Көмір мен тау-кен өндірісі, мұнайды қайта өңдеу салаларында ерлердің үлесі едәуір басым, ал әйелдердің еңбек күші бұл салаларда қолданысқа аса ие емес. Еңбек нарығының көрсеткіштері еліміздің өңірлері бойынша да әртүрлі болып келеді. Мысалы, Маңғыстау облысында, батыстың өзге де мұнайлы өңірлерінде, Қарағанды облысында және бірқатар аймақтарда жұмысқа орналасқан ер адамдардың саны әйелдерге қарағанда көбірек (аталған салаларда және жалпы алғанда да).
Мұса Бағдат