Елордада әйеліне қол көтеретін 2 мың ер азаматты полиция тіркеуге алған

Автор: Azattyq Rýhy

Жыл басынан бері 372 адам жауапқа тартылған

Нұр-Сұлтан қаласының полицейлері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын күшейтті деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасап. Отбасылық тирандарға қатысты заңнамалық тетіктердің бәрі қабылданып жатыр.

Астаналық полицейлер әйелі мен балаларына күш көрсететін ер адамдармен жан-жақты профилактикалық жұмыстар жүргізіп келеді. Атап айтқанда: олардың тұрғылықты жеріне бару, үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін пайдалана отырып, құқықтық, психологиялық көмек көрсету арқылы әңгімелер өткізу – осы шаралардың бір парасы. Жыл басынан бері отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттері үшін 372 адам жауапкершілікке тартылған. Жәбірленушілердің құқықтарын қорғау үшін 2 мыңнан астам қорғау ұйғарымы шығарылды. Қорғау нұсқамаларын бұзғаны үшін 85 адам жауапқа тартылған.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, көп жағдайда әйелдер өздеріне қарсы агрессияны полициядан жасырады, өз бетінше қайта тәрбиелеуге тырысады екен. Алайда, «өзінше тәрбиелеу» шаралары кей жағдайда қайғылы жайттарға ұласып, ең сорақысы – балалар зардап шегеді.

Мәселен, елорданың Есіл ауданында болған жайт: әйел адам бірге тұратын ер адамның өзін үнемі ұрып соғатынына шыдамай, екеуі ішімдік ішкеннен кейін оны өлтіріп қойған. Бұдан бөлек, 4 жасар қызының денесіндегі ұрып-соғудың айқын белгілеріне қарамастан бірге тұратын адамы баланы абайсызда жарақаттап алғаны жөнінде берген түсініктемесін құп көріп, полицияға ешқандай арызданбауды мақұл көрген жағдайлар да бар. Сонымен қатар, ол күн сайын қызын бірге тұратын адаммен қалдырып, жұмысқа кетіп жүрген. Аталған ер адам кәмелетке толмаған қызды азаптағаны үшін ҚР ҚК 110-бабы бойынша сотталды.

«Көп жағдайда әйелдер арызданғаннан кейін біраз уақыт өте полицияға күйеулерімен немесе бірге тұратын адамымен татуласатынын айтып арыз-шағымдарын қайтып алуды құп көреді. Сот істі тоқтатуға құқылы, бірақ бұл құқық бұзушыларға жазасыздық сезімін тудырады», - дейді полицейлер.

Елорданың Полиция департаменті үкіметтік емес ұйымдар мен дағдарыс орталықтарының қолдауымен отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, олардың құқықтарын қорғау бойынша кешенді жұмыс жүргізуде. Соның тағы бір мысалы – 102 нөміріне жыл басынан бері отбасылық жанжал фактілері бойынша мыңнан астам хабарлама келіп түскен және барлық өтініш бойынша әкімшілік-құқықтық ықпал ету шараларын қабылдаумен профилактикалық жұмыстар жүргізілген.