$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Құлсарыда кемтар балалар көбейіп келеді: тұрғындар «Теңізшевройл» компаниясын кінәлап отыр

Мұнайлы өңірдің ауасы неліктен нашар? Экология министрлігі неге үнсіз отыр?

Құлсарыда кемтар балалар көбейіп келеді: тұрғындар «Теңізшевройл» компаниясын кінәлап отыр
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

Жылыой ауданы тұрғындарының Tengizchevroil компаниясына өкпесі қара қазандай. Негізі мәселе зауытқа жақын орналасқан елді мекендердің жағдайы мен халықтың денсаулығына қатысты болып отыр. Azattyq Rýhy тілшісі өңір тұрғындары мен экологтарға хабарласып, мән-жайды анықтап білді. Ал дәл осы мәселеге жауапты Серікқали Брекешев басшылық ететін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне ресми сауал жолдағанымызбен ведомство жауап қайтармады.

ОНКОЛОГИЯ ДЕРТІ ДЕНДЕП ТҰР

Жергілікті халық сол өңірде 30 жылға жуық мұнай өндірген компаниядан өтемақы талап етіп отыр. Себебі, мұнай өңдеу зауатына жақын орналасқан Құлсары қаласында 445 жасөспірім дүниеге кемтар болып келген. Өткен жылдың өзінде 50 адамнан онкологиялық ауру түрлері анықталыпты. Қазір Құлсары қаласында жалпы саны 2050 адам науқас ретінде тіркеуде тұр. Қалалық емхана дәрігерінің айтуынша, келіншектер құрсағындағы баласының дамымай қалуына байланысты көбіне жасанды түсік жасатып жатыр.

Өңір тұрғыны, белсенді, Раиса Телеубаева халықтың денсаулығының төмендеуі, ауру балалардың дүниеге келіп жатқаны – жұтып отырған ауаның таза еместігінен, экологиядан екенін айтады.

«Бірақ оны билік мойындамайды. Ауданымызда жаңбыр жаумайды, шөп шықпайды. Салдарынан малға жайылым жер жоқ. Былтыр малымыздың бәрі қырылып қалды. Қазақстан бойынша біздің өңір онколгиялық ауруға шалдыққандар бойынша бірінші орында тұр. Осы жылы 2050 адам тіркелсе, оның 500-ге жуығы бала. Ауру балалар мен экологиядан қайтыс болғандарға өтемақы төленген емес. Олардың өлімі экологияның дұрыс болмауынан болды деп билік те мұнай өңдеу зауыттарының басшылары да мойындамайды. Мен танитын жап-жас жұмыскерлер денсаулығы сыр беріп, өмірден қайтты. Мүгедектер саны жылдан жылға артып отыр.

Мұнайлы өңір дейтін бізде жаппай жұмыссыздық белең алуда. Осындай қордаланған мәселені Tengizchevroil мұнай өңдеу зауытының (МӨЗ) басшылығына айттық. Бірақ олар нақты қандай шара қабылдайтындарын айтпады. Біздің мақсатымыз 2016 жылы Қазақстан қол қойған Париждік ESG-ді стратегиялық бағдарламаны Tengizchevroil компаниясына қабылдату. Олар жергілікті халықпен тікелей жұмыс істеуі керек», - дейді тұрғын.

«400 МЛРД ДОЛЛАР БОЛАТЫН 500 МЛН ТОННА МҰНАЙ ӨНДІРІЛДІ...»

Ол сөзін жалғай отырып, халық Мемлекет басшысынан комиссия құрып, МӨЗ-дің ауаға шығарып отырған зиянды қалдықтарын нақты анақтауды сұрайды.

«Бұл зауыттар билікке өтірік есеп беріп отыр. 29 жыл бойы астымыздағы мұнайды алып жатыр. 500 млн тонна мұнай өндірді, 400 млрд доллар табыс тапты. Ал тұрғылықты халыққа бергені «итке сүйек тастағанмен бірдей». Биліктің есебі бойынша өңір үшін 45 нысан салды. 29 жылда әр жыл сайын 10 мың тал егетін болса, қазір орманның ортасында отырмаймыз ба? Нысан деп отырғаны балалар ойнайтын шағын алаңдар, ауруханалар. Осының бәрін рұқсат етілген бейбіт мейтингіде айттық. Бұл Жылыойда алғаш рет өтіп отырған бастама болғаннан кейін көбі қорқақтады. Ал компания басшылары өздерінің жергілікті атқарушы органмен жұмыс істеп отырғанын айтып, ақталып отыр», - дейді Раиса Телеубаева.

«Байтақ болашақ» экологиялық альянсының төрағасы Азаматхан Әміртайдың айтуынша, өндіріс орындары Қазақстанда экологияға айтарлықтай зиян келтіріп отыр. Олардың қатарында «АрселорМиттал Теміртау», «Қазцинк», «Қазхром», «Қазақстан алюминийі» АҚ, «Қазақмыс», «Казфосфат», Tengizchevroil сияқты өндіріс орындары бар.

Бұл ірі зауыттар қоршаған ортаға зиянды қалдықтар шығарып отыр. Бұдан сол маңайдағы халықтың денсаулығына айтарлықтай залал келуде. Үлкен зауыттар мен тау-кен ошақтарында ауаға бөлнетін ауыр, улы қалдықтар бөлінеді. Кен қазу, өндіруден шығатын ауа қабатын бұзатын заттарға негізінен шаң, SO2 күкірт диоксиді, NO2 азот диоксиді жатады.

«Жылыой тұрғындарымен хабарласып, бірге жұмыс істей бастадық. Қажетті ақпараттарды жинақтадық. Осыған қатысты мәселелерді көтердік. Делегат ретінде Жылыой ауданы Құлсары қаласына бардық. Біздің негізгі мақсатымыз сол жердің экологиялық жағдайын білу болатын. Осы ретте 170 мемлекет қол қойған Париждік келісім бойынша ауаға шығарылатын парниктік газдардың мөлшерлемесін төмендетуге Қазақстан да қол қойған болатын. Осы бағдарлама бойынша кәсіпорындардың барлығына  «environmental social government» стратегиясын енгізіп жатыр.

Осының негізінде Tengizchevroil компаниясының өкілдерімен кездестік. Бірінші кездесу кезінде компания өкілдері халықтың сөзін тыңдамай, күлкіге айналдырды. Бір қызығы алдыңғы қатарға өздерінің жұмыскерлерін отырғызып қойды. Жиында ашынған халық, белсенді топ барлық шындықты айттық. Компания өкілдері халықтың ашуын, риза емес екенін сезінді. Көпшіліктің қалағаны Tengizchevroil басшысымен кездесіп, мәселені өздеріне тікелей айту болатын», − дейді  «Байтақ болашақ» экологиялық альянсының төрағасы.

«ТЕҢІЗШЕВРОЙЛ» ӨЗДЕРІН ЭКОЛОГИЯҒА ЗИЯН ӘКЕЛІП ОТЫРМЫЗ ДЕП ЕСЕПТЕМЕЙДІ...»

Құлсары қаласы мен мұнай өңдеу зауатының арасы 100 километр. Ал зауыттарға жақын орналасқан Майкөмген (1200 тұрғыны бар) Қосшағыл, Қаратон ауылдарының жағдайы мүлдем мүшкіл.

Tengizchevroil басшысының айтуынша, Қазақстан қол қойған Париждік келісімнің талаптарын мемлекет өз мойнына алу керек. Олар өз тарапынан ауаға тарайтын зиянды қалдықтардың көлемін төмендету үшін модернизация жасап, қалдық көлемін 65%-ға төмендеттік дегенді алға тартады.

«ТШО басшысының сөзінен түсінгеніміз олар өздерін экологияға зиян әкеліп отырмыз деп есептеп отырған жоқ», - дейді Азаматхан Әміртай.

Құлсары қаласының тұрғыны Серік Мұхаев жергілікті экологияның зардабын тартқандардың бірі.

«Мен Құлсары қаласынының тумасымын. Осы жерде өстім. 2018 жылы бүйрегімде тас анықталып, соны алдыруға астанаға барғанда бауырымнан онкологиялық ауру анықталды. Содан бері дәрі-дәрмек, химия арқылы емделуге тырыстым. Бірақ одан еш нәтиже берген жоқ, соңында жаным қысылған соң несие алып Түркияға барып ота жасаттым. Осындай ауруға шалдығуыма мұнай өңдеу зауыттарының экологияны ластап, жергілікті халықты лас ауамен тыныстатып отырғаны себеп. Біздің қалада денсаулығы сау адам жоқ. Маған орган ауыстыру керек болған кезде балама, әйеліме, туған-туысыма хабарластым. Олар да донор болу үшін тексерілді. Сол кезде ешқайсының денсаулығы дұрыс болмады.

Маған астаналық дәрігерлердің өзі «Құлсарыдан кетіңіз, ол жақта денсаулығыңызды одан әрі құртасыз» деп айтқан болатын. Ал өзімнің жолдастарымның бәрі басқа қалаға көшіп жатыр. Тіпті бізге «әлі жүрсіңдер ме?» деп күлетіндері бар. Жасы 50-ге толмаған екі жолдасым жағдайын асқындырып алып, қайтыс болды. Артында бала-шағасы қалды. Оны қала тұрғындарының бәрі біледі. Сағат 12-лерде зауыттың төбесінде улы газ лақтырып жатқанын көреміз. Кейбірі бала-шағасын ойлап, ойын ашық білдірмейді. Зауытта жұмыс істейтіндер ақша алып отырған соң, налыса да үндей алмайды», - дейді тұрғын.

ЭКОЛОГИЯ МИНИСТРЛІГІ ҮНСІЗ ОТЫР

Ауаның расымен лас екенін айғақтайтын нақты дәлел жоқ. Осы мәселемен айналысатын Экология министрлігіне хабарласқанымызда тиісті ақпаратты жіберетіндіктерін айтқан еді. Бірақ артынша сол күйі нақты Құлсары қаласы мен мұнай өңдеу зауыттарына жақын маңайдағы ауылдардың ауасын тексеру жұмысы жүргізілген я жүргізілмегенін біле алмадық. Серікқали Брекешев басқаратын Экология министрлігі ресми сауалымызды жауапсыз қалдырды.

Құлсары қаласының тұрғыны Медетқали Нұрғазиевтың айтуынша, «Қазгидромет» мұнай өңдеу зауытының айналасына станциялар қойған екен. Сол арқылы ауаның жоғары деңгейде лас екені анықталып отыр.

«ТШО маңайына жақын ауылдарда тұратын тұрғындар ұйқысы қанбай, үнемі маужырап жүретінін айтады. Халықтың мұрын сезу мүшесі күкірттің исіне үйреніп кеткелі қашан. Егер жұмысшылар ауа таза емес, басымыз ауырады деп тікелей айтса, бірден жұмыстан шығарып жібереді. «Қазгидромет» мұнай өңдеу зауытының айналасына станциялар орнатты. Оны Airkz деген бағдарламаны телефонға жүктеп, мұнай өңдейтін зауыттың төбесінен ауаны ластау деңгейін көруге болады. Онда сары деңгей яғни, ауаны ластау көрсеткішінің жоғары екенін көрсетеді. Бағдарламадан көргендегідей, сары деңгей тіпті бір сағатқа да төмен түскен жоқ. Компанияның жылдық есебінде олардың ауаны ластау деңгейі Париж келісімімен бірдей деп көрсетілген. Ал Экология министрлігі барлық ақпаратты компанияның мәліметіне сүйеніп айтады. Сондықтан оларға халық тарапынан сенім жоқ», - дейді белсенді.

Мұнайлы өңірдің халқы үшін байлықтан бұрын денсаулық маңызды. Туған ауылын, туған-туысын тастап кете алмайтын жұрт амалы құрыса да лас ауа жұтып өмір сүруге мәжбүр. Халықтың бұл мәселеге Мемлекет басшысы құлақ аса ма деген соңғы үміттері бар.

Серіктес жаңалықтары