Елімізде су тапшылығы бар ма?

Автор: Azattyq Rýhy

Қазақстан Республикасында 8 су бассейні бар

Фото ашық дереккөзден

ҚР Экология министрлігінің айтуынша, 2030 жылға қарай су тапшылығына байланысты еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны төмендеу ықтималдығы бар. Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязовтың хабарлауынша, еліміздегі ағынды сулардың жартысына жуығы өзге елдерден келеді.

«Кейбір мәселелер бойынша біздің тәуелділігіміз өте үлкен, мысалы Арал-Сырдария бассейнінде 93% су сырт елдерден келетін суларға тәуелдіміз, Жайық-Каспий – 80%, Шу-Талас – 74%, Балқаш-Алакөл – 48%. Бұдан бөлек, ішкі мәселелер де бар. Сондықтан суды таратуда, оны тұтынушыға жеткізуде әр жерлерде 40-60% дейін су ысырапқа кетеді. Ел экономикасы жалпы ішкі өнімнің бір долларына Ресей немесе АҚШ-қа қарағанда үш есе, Австралияға қарағанда алты есе көп суды қажет етеді. Экономика салаларында халықтың су ресурстарын пайдалануының ағымдағы жағдайы сақталатын болса, 2030 жылға қарай су тапшылығына байланысты әлеуметтік-экономикалық даму қарқынының төмендеу қаупі бар», - деді шенеунік.


Қазақстанның су ресурстары

Вице-министрдің айтуынша, су шаруашылығындағы жағдайды жақсарту бойынша тиісті шаралар қолға алынуда. Атап айтқанда, су ресурстарын басқару жүйесін одан әрі дамыту тұжырымдамасының жобасы әзірленген. Тұжырымдаманың негізгі мақсаты – су ресурстарының болжамды тапшылығы жағдайында халықтың, қоршаған ортаның және экономика секторларының суға қатысты қажеттіліктерін қанағаттандыру, су ресурстары мен суға сұранысты тиімді басқаруды қамтамасыз ету үшін жағдай жасау.

Аталмыш тұжырымдамаға келесідей міндеттер енген: елдің су ресурстарының әлеуетін сақтау, трансшекаралық су ағындарын басқару мен пайдалануда Қазақстан мүдделерінің сақталуын қамтамасыз ету, су заңнамасын жетілдіру, суды пайдалану тиімділігін арттыру, экономикалық негізделген тарифтерге көшу, суды үнемдейтін технологияларды белсенді енгізу және су ресурстарын қайта пайдалану есебінен қайтарымсыз су пайдалану көлемін азайту.

Сонымен қатар, суды тиімсіз пайдалану, оны бөлу және есепке алу барысын автоматтандыру және цифрландыру да басым мәселе. Мысалы, қазіргі кезде екі жүздем астам каналды цифрландыру бойынша жұмыстар қолға алынған Олар арқылы, мысалы, 6 миллиард текше метр су беріледі. Бұл дегеніміз – ауыл шаруашылығында пайдаланылатын судың жартысы.


Қазақстанның су шаруашылығы (және әкімшілік) бөлінісі

«Еліміздегі каналдар, гидротехникалық жүйелер Кеңес үкіметі кезінде салынған. Қазіргі кезде республикалық бюджет, халықаралық қаржы ұйымдарының займы есебінен үлкен жұмыстар жасап жатырмыз. Өкінішке орай, барлығын бір мезетте бітіру мүмкін емес, бұл жұмыстар барлық өңірлерде, негізінен суармалы суды пайдаланатын Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарында кезең-кезеңмен атқарылуда», - деді вице-министр.

Сонымен қатар, су ресурстары және су шаруашылығы ғылыми орталығының жоқтығы да едәуір бөгет жасауда. Вице-министрдің айтуынша, ведомствоға бағынышты ғылыми-зерттеу институттың жағдайын жақсартып, сараптамалық-ақпараттық орталық құру көзделген. Бұл сырт елдермен келіссөздер барысында ғылыми түрде негізделген ұстаным, позиция қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, су шаруашылығы саласы үшін кадрларды даярлау және олардың біліктілігін арттыру жүйесін жетілдіру мәселесі де бар.

Ведомство өкілі елімізде үш-төрт жылдан бері су аздығы байқалып отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, наурыздың аяғында, сәуірде жауын-шашын болып, су молаймаса, биыл да оңтүстік өңірлерде вегетациялық кезең қиын болады деген болжам бар.

«Суармалы суды пайдаланатын төрт өңір бар. Алматы облысы сырттан келетін суға онша тәуелді емес. Негізінен таулардан, мұздықтардан аққан, еріген суларды суруға пайдаланады. Жамбыл облысына келсек, 74% Қырғызстаннан келетін ағынды суға тәуелді. Екі ел сол суды азды-көпті бөлісіп, пайдалануы керек. Мысалы, Талас суының 50%-ын Қырғызстан, 50%-ын Қазақстан пайдалануы тиіс. Бұл келісімшартта көрсетілген. Сонымен қатар, Жамбыл облысында Еуропалық банк қаржысы займы есебінен суармалы жерлердің көбінде ауқымды жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Сол себепті кей жерлерде айналма канал жасалды, Қырғызстаннан келген аз суды уақытша каналмен жіберген соң, шығын да көп болады. Ең қиын жағдай Арал-Сырдария бассейнінде. Түркістан мен Қызылорда облыстарында. Тоқтағұл су қоймасының сыйымдылығы – 19,5 млрд текше метр. Көктемгі вегетация кезеңі басталғанда норма бойынша 15 млрд текше м су болуы керек. Сонда қалыпты жағдайда су қырғыздарға электр энергия өндіруге жетеді, қазақ пен өзбектерге суаруға жетеді. Былтыр 8,7 млрд текше м су болды. Ал биыл 7,5 млрд шамасында болады деп күтілуде. Егер наурыздың соңында немесе сәуірде жаңын-шашын болмаса, жағдай өте қиын болады. Оның үстіне вегетациялықаралық кезеңде, қазан айының соңынан бастап биыл сәуірдің біріне дейін жылда Шардараға су жинайтын едік, қазір ондай жағдай жоқ. Вегетация аралық кезеңде 10,3 млрд су келеді деп жоспарланған болатын, ал іс жүзінде 3 млрд шамасында су түскен жоқ», - деді министрлік өкілі.


Еліміздегі су ресурстарының жартысынан астамы (54,5 мың текше метр) өндірістік қажеттіліктерге жұмсалады (дереккөз: www.kmg.kz)

Еліміздегі Балқаш, Алакөл, Балқаш көліне құятын трансшекаралық өзен – Іле бар. Оның 80%-ы Қытай жерінде орналасқан. Елімізге келетін су көлемі осы Қытай Халық Республикасына байланысты. Көп жылдық болжамға сәйкес, 2020-2021 жж. бізде су тапшылығы болды. Қазгидрометтің болжамы бойынша 2022 жылы да су аз болады деп күтілуде. Су кодексіне сәйкес, Балқаш-Алакөл бассейні инспекциясы су лимитін бекітеді. 10 жылдық су бекітілген. «Әр жылға Қазгидрометтің болжамына сәйкес, бұл лимит түзетіліп отырады. Ол лимитте экологиялық жағдай да ескеріледі. Салынған жер-су көлеміне, меншікті нормаға және каналдың жағдайына байланысты лимиттер бекітіледі. Су пайдаланушы мекемелері осы лимиттен асырмауға тиіс. Оны Балқаш-Алакөл инспекциясы қадағалайды. Биыл болжамды алғаннан кейін жергілікті атқарушы органдарға су шаруашылық мекемелеріне су пайдаланушыларға хаттарды уақытылы жолданды», - деді вице-министр.

Сондай-ақ, елімізде су үнемдеу технологиясын енгізу керек, яғни аз суды көп жерге пайдалану қажет. Үкімет тарапынан ынталандыру бағдарламалары бар.

«Су үнемдеу технологиясын енгізсе, оның 50%-ы АШМ арқылы субсидия беріледі. Мысалы, 1 га жерге рташа есеппен тамшылы суару бар, жаңбырлатып суару бар, соларды енгізу үшін 1,6 млн теңге ақша жұмсалуы керек. Соның 800 мыңына үкімет субсидия береді. Ол үшін алдын ала жасап, мемлекеттік акті тапсыру керек. Алайда, шаруалардың көбінде ақша болмағандықтан, қазіргі кезде басқа да жолдар қарастырылып жатыр, оның ішінде технологияларды арзандату, шланг өндіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бірақ қолда бар техниканы, суару технологиясын сақтау керек», - деді вице-министр.

Мұса Қуандық