Буллинг және кибербуллинг. Сенат спикері қоғамда дау тудырған заң жобасы туралы айтты

Автор: Azattyq Rýhy

Сенатта балаларды кибербуллингтен қорғау мәселесі қаралады

фото senate.parlam.kz сайтынан

Парламент Сенатының депутаттары 14 сәуірде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау, білім беру, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл құжат балаларды оларға қатысты кез келген зорлық-зомбылықтан, оның ішінде отбасылық қатынастар, білім беру және ақпарат салалары бойынша қорғау тетіктерін жақсартуға арналған.

Дегенмен аталған заң жобасы қоғамда біраз дау тудырған болатын.

«Балаларды буллингтен және кибербуллингтен қорғау маңызды міндеттердің бірі. Бұл заң жобасының кейбір нормалары қоғамда қызу талқыланғанын жақсы білемін. Кез келген заң жобасын талқылау кезінде халықтың осындай белсенділігі үлкен маңызға ие. Қазіргі таңда сенаторлар ұсынылған нормаларды мұқият зерттеп, барлық пікірді ескеріп, жұмыс істеп жатыр. Басты міндет – балалардың құқығын қорғайтын сапалы заң қабылдау. Бұл ретте қоғамның пікірін елеусіз қалдыруға болмайтыны сөзсіз.  Өйткені заң жобасы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына қайшы келмеуі керек», – деді Мәулен Әшімбаев.