Енді ШҚО-да туған барлық азаматтар экологиялық төлем ала алады

Автор: Azattyq Rýhy

Бұрын бұл төлемдерді куәлік ететін құжаты бар азаматтар ғана ала алатын

фото ашық дереккөзден

 Енді ұжымдық шарт негізінде жұмыс істейтін ұйым қызметкерлері туған жылына қарамастан экологиялық жәрдемақы алуға өтініш бере алады. Бұл туралы Azattyq Rýhy «Шығыс ақпарат» ЖШС-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі мен облыстық кәсіподақ бірлестіктері, жұмыс берушілер бірлестіктері арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған келісімге сәйкес, экологиялық жеңілдіктер азаматтардың туған жылы мен экологиялық жағдайын растайтын құжатына қарамастан Шығыс Қазақстанның барлық тумаларына қолданылады.

Алайда, бұл үшін жұмыс берушілер ұжымдық шарттарда ұйымның барлық қызметкерлеріне қолданылатын өзгерістерді енгізуге міндетті.

ШҚО бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бақытбек Қизатовтың айтуынша, өңірде 11 мың ұжымдық шарт жасалған. Бұл өз кезегінде 72 пайызды құрайды. Ұжымдық шарт жасалмаған кәсіпорындарда экологиялық төлем тек экологиялық куәлік негізінде төленетін болады.

«Ұйымның барлық қызметкерлерін қамтитын ұжымдық шартта азаматтарға экологиялық куәлігіне қарамастан, ай сайынғы жалақыға 1,5 АЕК мөлшерінде қосымша ақы және жыл сайынғы қосымша ақылы еңбек демалысын белгілеуді қарастыру қажет», - деді Шығыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бақытбек Қизатов.