Жыл басынан бері 1 024 жас маман жұмыспен қамтылды: елордалық жастарды жұмыспен қамту мәселесі қалай шешіліп жатыр?

Автор: Сағыныш Ибрагим

Нұр-Сұлтан қаласында жұмыссыз жастардың саны 6,6 мың адамды құрайды

El.kz

Кешегі Қаңтар оқиғасынан кейін еліміздегі кейбір мемлекеттік бағдарламалардың тек қағаз бетінде ғана орындалып келгені анықталды. Әсіресе, елдегі жұмыссыздық, жастарды жұмыспен қамту мәселесі өзекті екені байқалды. Мемлекет басшысынан бастап түрлі саладағы сарапшылар да қалаларда бүлік жасағандардың басым көпшілігі жұмыссыз жастар екенін айтты. Қазіргі таңда бұл оқиғаға кінәлілер анықталып, олардың үстінен тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Ал, біз елорда әкімдігінен жастармен қалай жұмыс істеп жатқанын сұрап көрдік.

Еске салайық, Қаңтар оқиғасы кезінде астанада да жаппай митинг ұйымдастырылған. Алайда, тәртіп сақшылары және митингке шыққандардың өзі тәртіпсіздіктерге жол берген жоқ. Жиналған жұрттың дені бірнеше сағаттан кейін үйлеріне тарқасқан.

Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің статистикаға жауапты мамандары елордадағы жұмыссыз жастардың саны 6,6 мың екенін айтып отыр. Жыл сайын қалада халық саны көбейіп жатқанымен, жұмыссыздық деңгейі бірқалыпты дейді олар.

Azattyq Rýhy тілшісі Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының Жұмыспен қамтуды үйлестіру бөлімінің басшысы Айгүл Нүрекеновамен сұхбаттасып, ЖОО-ны жаңа бітірген жастарды жұмыспен қамту мәселесі қалай шешіліп жатқанын сұрап білді.

Пандемияға дейін елордада бос жұмыс орындар жәрмеңкесі жиі өтіп тұрғанымен соңғы бірер жылда бұл шаралардың саябырсып қалғаны байқалды. А.Нүрекенованың айтуынша, бос орындар жәрмеңкесі негізінен онлайн форматқа көшіп, ішінара офлайн режимде де жүргізіліп тұрады.

«2020-2021 жылдар ішінде карантиндік шаралардың енгізілуіне байланысты бос орындар жәрмеңкесі онлайн және офлайн режимінде ұйымдастырылды. Өткен жылы бос жұмыс орындары жәрмеңкесі 63 рет, жұмыссыздар үшін онлайн 25 жәрмеңке (оның ішінде: пробация қызметінің есебінде тұрған адамдар және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдар үшін 6 онлайн-бос жұмыс орындары жәрмеңкесі), 19 офлайн бос жұмыс орындары және азаматтарды көшіру бойынша 19 офлайн жәрмеңке өткізілді.

Ал, биыл жыл басынан бері 8 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтіп, жұмыссыздар үшін 2 онлайн жәрмеңке (оның ішінде: пробация қызметінің есебінде тұрған адамдар және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдар үшін 1 онлайн-бос жұмыс орындары жәрмеңкесі), 4 офлайн  бос жұмыс орындары жәрмеңкесі (пробация қызметінің есебінде тұрған адамдар және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға 1 офлайн-бос жұмыс орындары жәрмеңкесі, алимент бойынша берешегі бар тұлғалар үшін 1 офлайн-бос жұмыс орындары жәрмеңкесі) және азаматтарды көшіру бойынша 2 офлайн бос жұмыс орыны жәрмеңкесі өтті. Аталған шаралардың барлығы тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді», - дейді жұмыспен қамтуды үйлестіру бөлімінің басшысы.

Жұмыссыз азаматтарды, оның ішінде жастарды жұмыспен қамту, гранттар беру Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы шеңберінде жүргізіледі. Жыл басынан бері мыңнан астам жас тұрақты жұмысқа орналасыпты.

«2022 жылдың басынан Жұмыспен қамту орталығына 1 645 жастар сұраныс жасады, жұмыспен қамту шараларымен 1 024 жастар қамтылды (62,2%). 2021 жылы жұмыссыздықтың әлеуметтік қорғау шараларымен 5 856 жастар қамтылды, оның ішінде: тұрақты жұмысқа - 2 934; жұмыспен қамтудың жол картасы жобаларына - 81; жастар практикасына - 914; әлеуметтік жұмыс орындарына - 56; қоғамдық жұмыстарға - 1 105; алғашқы жұмыс орны - 75; қысқы мерзімгі оқытуға - 37; жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар берілгені – 217 және Бастау Бизнес жобасы бойынша оқытудан – 366 жас маман өтті», - дейді Айгүл Нүрекенова.

Жастардың жұмысқа орналасу кезінде кездесетін басты проблема – тәжірибенің жоқтығы. Бүгінде аталған мәселені шешу үшін бірнеше жоба қарастырылған.

«Қазір жұмыссыз жастар үшін көптеген шаралар ұйымдастырылады. Атап айтатын болсақ, тұрақты немесе уақытша жұмыс орындарына жұмысқа орналасуға жәрдемдесу; білім беру ұйымдарының түлектері үшін «Жастар тәжірибесі» жобасына қатысу (қатысу мерзімі 12 ай, еңбек ақысы 40 АЕК айына - 122520 теңге); «Қоғамдық жұмыстар» жобасына қатысу (қатысу мерзімі 12 ай, еңбек ақысы 35 АЕК - 107205 теңге);  «Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысу (қатысу мерзімі 18 ай, еңбек ақысы 30 АЕК - 91 890 теңге);  «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына қатысуға болады (қатысу мерзімі 6 ай, еңбек ақысы 30 АЕК - 91 890 теңге).

Сондай-ақ «Әлеуметтік жұмыс орындары» жобасы бар (қатысу мерзімі 12 ай, белгіленген жалақы мөлшерінің 35% мөлшерінде субсидиялар төлеу, бірақ 20 АЕК-тен көп емес - 61260 теңге). Кәсіпке икемді жастар үшін жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға грант беру (грант мөлшері 400 АЕК – 1 225 200 теңге); жұмыс берушілердің сұрауы бойынша кәсіптік оқыту (стипендия 21 787 теңге); enbek.kz платформада талап етілетін дағдыларға онлайн-оқыту; жастарды жұмысқа орналастыру бойынша бос орындар жәрмеңкесіне қатысу сияқты көптеген бағдарламалар бар. Оқу орынын жаңа бітірген кез-келген жас маман аталған жобаларға қатыса алады», - деді жұмыспен қамтуды үйлестіру бөлімінің басшысы Айгүл Нүрекенова.

Еске салсақ, қаңтар оқиғасынан кейін үкімет елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру бойынша жедел іс-шара жоспарын қолға алды. Онда жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту мақсаты көрсетілген. Нақтырақ айтқанда «Жастар тәжірибесі» және «Бірінші жұмыс орны» жобалары аясында жалақы мөлшері артып, тәжірибеден өту мерзімі ұлғайтылатын болды.

«Жастар тәжірибесі» жобасы бойынша тәжірибеден өту 12 ай, ол бойынша төленетін айлық мөлшері 40 АЕК-ті құраса, «Бірінші жұмыс орны» жобасы қатысу мерзімі 18 айдан басталып, бірінші жылы жұмыспен қамту орталығы 30 АЕК негізінде айлық қарастырылған.

Еліміздегі жұмыссыз жастардың басым көпшілігі Алматы мен Нұр-Сұлтан және Қарағанды қалаларында тұрады. Жұмыссыздықтың ең төменгі деңгейі Атырау, Ақтөбе және Павлодар облыстарында байқалған.