Ол қант диабетінен болған көз түбі ауруларын 91 пайыз дәлдікпен анықтауға мүкіндік береді
Халықаралық диабет федерациясының дерегі бойынша, өткен жылы әлемде қант диабетімен ауыратын 537 млн ересек адам тіркелген. Қазақстанда бұл көрсеткіш шамамен 400 мың адамды құрайды. Адам ағзасындағы қант диабеті қаншалықты ұзақ болса, асқыну қауіпі де соғұрлым жоғары болады. Қант диабетінің асқынуы жүрек қан-тамырлары, жүйке жүйесі, бүйрек, есту қабілетінің бұзылуы, депрессия мен көздің зақымдануы сияқты ауруларды тудыруы мүмкін. Отандық ғалымдардың әзірлеген жобасы диабеттік ретинопатияны қашықтан диагностикалауға арналған, яғни көз түбінің ауруларын 90% дәлдікпен анықтауға мүмкіндік береді.
Azattyq Rýhy тілшісі аталған жобаның жүйесін әзірлеген Еркебұлан Жәнібекұлымен сұхбаттасып, қант диабеті асқынуларын қашықтан анықтаудың жолдары, жобаның мақсаты мен тиімділігі жөнінде сөйлесті.
Диабеттік ретинопатия (көз түбі) қауіпі туралы
Аталған жобаны ҚР Білім және ғылым министрлігі қаржыландырады. Ол қазірдің өзінде Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Ақмола облыстарындағы 17 мемлекеттік және жекеменшік емханада енгізілген.
«Диабеттік ретинопатия қант диабетінің ең ауыр асқынуларының бірі болып табылады, бұл көз торының ауыр ауруы, ол емделмеген жағдайда толық соқырлыққа әкелуі мүмкін. Диабеттік ретинопатия дүние жүзінде соқырлық себептерінің құрылымында 5-ші орын алады. Оны емдеудің құны аурудың сатысына байланысты болады. Сондықтан асқынуды тез анықтап, қажетті шара қолдану өте маңызды.
2021 жылғы 11 маусымда өткен «Қазақстан Республикасындағы қант диабетінің ауыртпалығы» жобасының нәтижелеріндегі презентацияға сәйкес, Қазақстанда диабеттік ретинопатияны емдеуге кететін шығын 22,9 млрд теңгені құрайды. Диабеттік ретинопатияның бастапқы кезеңдерінде симптомсыз болатынын атап өткен жөн, сондықтан науқастардың көпшілігі бұл жағдайды білмейді», - дейді «EyeLab» ЖШС жоба жетекшісі.
Еркебұлан Жәнібекұлының айтуынша, көз түбін суретке түсірудің жаңа цифрлық әдісі офтальмоскоптың көмегімен көз түбін тексерудің қолмен жасалатын әдісіне қарағанда объективті болып есептеледі. Сондай-ақ, ол дәрігер мен пациенттің уақытын және қаражатын үнемдейді.
«Біздің жүйе диагностикада жаңа тәсілді көздейді. Енді науқастың көз түбін суретке түсіруді шалғай ауылдық елдімекендегі медициналық персонал жүргізе алады, ал аудан немесе облыс орталығындағы офтальмолог дәрігер қашықтан қорытынды жасай алады. Сонымен қатар, жасанды интеллект алгоритімі диабеттік ретинопатияның болуын, оның сатысын жоғары дәлдікпен анықтайды және көз түбінің толық сипаттамасын береді. Біз жасаған жүйедегі жасанды интеллект алгоритмінің дәлдігі 91 пайызды құрайды», - деп түсіндірді бірегей скрининг жүйесін әзірлеуші.
Бағдарламаның тағы бір ерекшелігі – дәрігердің қорытындысы EyeLab платформасы мен Damumed медициналық ақпараттық жүйесін біріктіру арқылы пациенттің электронды денсаулық паспортына тіркеледі. Алдағы уақытта платформаны енгізу арқылы диабеттік ретинопатияның скринингтік процедурасын толығымен цифрландыру жоспарланып отыр. Еркебұлан қазір диабеттік ретинопатияны қашықтан диагностикалауға арналған бағдарламалық өнімді клиникаларға енгізу және ары қарай дамыту бойынша жұмыстар жүргізіп жатқанын айтты.
«Скрининг диабеттік ретинопатияны ерте анықтау үшін ықтимал шешім болып табылады. Сент-Винсент декларациясының хаттамасына сәйкес, диабеттік ретинопатияға скрининг жүргізу науқастардың шамамен 60%-да 10 жылға дейін көру мүмкіндігін сақтайды. Көз түбінің камералары көптеген елдерде скрининг үшін пайдаланылады. Біздің компания Ғылым қорының грантын жеңіп алып, қазір қарқынды жұмыс істеп жатыр. Жоба тобында техникалық мамандардан басқа, медицина ғылымының кандидаттары да жұмыс істейді. Бұл ұжымдық еңбектің нәтижесі», - деді Еркебұлан Жәнібекұлы.
Отандық ғалымдар әзірлеген қант диабетінің асқынуларын қашықтан диагностикалаудың жаңа жүйесі халыққа медициналық қызмет көрсетудің тиімділігін, қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Қант диабетінің негізгі екі түрі бар. Бірінші типтегі қант диабеті ұйқы безінің өздігінен инсулин өндіре алмауы салдарынан туындаса, екінші түрі керісінше ұйқы безі тым көп инсулин түзіп, бірақ глюкоза молекуласының ағза жасушаларына жеткізілуін қамтамасыз ете алмауы кезінде болады. Қазіргі таңда қант диабетінің екінші түрі көп таралған.
Айта кетейік, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жер ғалашмарындағы тұрғындардың шамамен 6%-і қант диабетіне шалдыққан. Ең өкініштісі, бұл дерт жылдан-жылға жасарып келеді: егер бұрындары қант диабетінің 2-ші түрі көбіне 50 жастан асқан адамдарда кездессе, қазір бұл ауру 30 жастағы науқастардан да анықталып жатыр. Осыдан 30 жыл бұрын қант диабеті көбіне қарт адамдардың арасында кездескен.