Шетелде тіркелген көліктердің жүріп-тұруын шектеу туралы құжат желіде тарап кетті

Автор: Azattyq Rýhy

Жол полициясы әзірге ескерту шараларымен шектеліп отыр 

Құжат Нұр-Сұлтан қаласы Көліктегі Полиция Департаменті бастығының міндетін атқарушы  Қалижан Қобылдандинге жолданған. Министрдің тапсырмасы деп көрсетілген құжаттта Еуразиялық экономикалық Одақ аясында шетелден кіргізілген автокөліктердің қозғалысына тыйым салу туралы жазылған. Сондай ақ, тапсырманың қалай орындалғаны жайлы ақпаратты бүгін яғни 20 қаңтар,  сағат 15:00-ге дейін өткізу жүктелген. Алайда, ІІМ-нің баспасөз қызметі бұл ақпарды жоққа шығарып отыр.

«Қазір шетелден әкелінген көлік иелеріне тек түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал, профилактикалық шараның нақты қай уақытқа дейін жалғасатыны белгісіз»,- деді баспасөз қызметінің өкілі.

Еске салайық, 14 қаңтар күні Ішкі істер министрлігі Армения мен Қырғызстаннан әкелінген көліктерді Қазақстанда тіркеуге шақырды. Ал ескертуді елемеген тұлғалардың көлігі елден шығарылатыны айтылды. Министрліктің мәлімдемесі мыңдаған жүргізушінің наразалығын туғызды. Демалыс күндері еліміздің батыс өңіріндегі облыстарда көлік иелері бас көтеріп, өз талаптарын айтқан болатын.

Әсел Тұмашқызы, Нұр-Сұлтан