Жазасын өтеушілердің арасында 80-нен асқан әжей де бар
Алматы облысында орналасқан Жауғашты түрмесінде жазасын өтеп жатқан әйелдер қаңтар қасіретіне қатысты қойылым қойды. Елдегі жаппай тәртіпсіздіктен қайтыс болғандар мен жараланғандардың арасында қамаудағы әйелдердің де туыстары болған. Қапаста жатқан қалың әйел бостандықтың қадірі туралы өлең жазып, қаңтар қасіретінен жапа шеккен елге өз үндерін қосты. Қамаудағы әйелдердің бірі қираған Алматыға өлең арнаса, келесісі елге ойран салған содырлардың сорақысын айтыптап, жұртпен жүрегі бірге екенін жеткізіпті.
Гүлмира Қайрақбаеваның бұл мекемеге келгеніне жылға жуықтаған. Жала мен арандатудың құрбаны болдым деген 42 жастағы әйелді үйінде кәмелеттік жасқа толмаған екі ұлы күтіп жүр. Табиғатынан шығармашылыққа жақын әйел концерттік шараның ұйымдастырушысы, әрі жүргізушісі. Айналасына өзі сияқты жандарды жинап, түзету мекемесіндегі мәдени іс-шараларға ұйытқы болып жүреді екен. Қаңтар қасіретіне қатысты қойылым бостандықты сағынып, ет жақындарына жете алмай жүрген әйелдері ғана емес, мекеменің қызметкерлерін де жылатқан.
«Іс-шарамыз қаңтар қасіретіне арналды. Тәуелсіздік осы бір қиын жағдайды басынан кешкен адамдарға демеу болады. Қаза тапқандардың рухына арналған жыр төгілмек. Халық үшін күтпеген жағдайлар орын алды. Кімнің кім екенін ажыратудан қалған бұл қырғында қаншама бейбіт тұрғын көз жұмды. Біз олардың рухына тағзым етеміз», - деді жазасын өтеуші.
Ла 155/4 мекемесінде 551 әйел жазасын өтеп жатыр. Арасындағы 80 жастан асқан қарт әжейде бар. Бас бостандығынан айырылған әйелдердің көбі жоғары білімді, түрлі жауапты лауазымды қызметтерді атқарған. Жазаға тартылғандардың арасында экономикалық қылмыс бойынша жазаға кесілгендер аз емес.
«Бұл оқиға кезінде бәріміз шок болдық. Қаңтар оқиғасы туралы біз алдымен туыстарымыздан естідік. Олар қалада түсініксіз оқиғалардың болып жатқанын айтты. Ресми мәлімдемелер де өте қорқынышты болды. Қамауда, қоғамнан оқшауланған болсақ та біздің жүрегіміз қорқынышқа толы болды. Оқиғадан қаза болғандардың арасында осы жерде отырған кейбір әйелдердің туыс, таныстары да бар. Оқтың дауысын да естідік. Қамауда отырғандар үшін қаңтар қырғыны өте қорқынышты, себебі біз сырттағы туыстарымыздың қандай күйде, олар қандай қиындықты бастарынан өткізіп жатқанын білмедік. Сол уайым бізді осындай іс-шара өткізуге, жүрек түбіндегі ойларымызды шығаруға әкелді. Бұл жерде шығармашылықпен айналысатын, талантты әйелдер өте көп», - деді жазасын өтеуші Гүлнар Смағұлова.
Содырлардың соққысы мен атқан оғынан өліп кеткен жазықсыз жандар. Қираған қала, қауқарсыз халық, жақынын жоқтап еңіреген ел. Сотталған әйелдер өздері шығарған өлеңдеріне осы тақырыптарды арқау қылған. Жазасын өтеушілер тек өлең оқып, мұңды ән орындап қана қоймай, көңіл-күйін қолдан жасаған бұйымдары арқылы да көрсеткен. Өздері жасаған бұйымдардың көрмесін де ұйымдастырды. Мекеме басшыларының сөзінше, сотталғандардың қолөнермен де еркін айналысып, қалауынша кітап оқуына мүмкіндік бар. Қыздар би үйренуден бөлек, спортпен де айналыса алады.
«Бұл шараны сотталғандар өз идеясы, ұсыныстарымен ұйымдастырды. Олар бұл шараға көп уақыт дайындалды. Іс-шараға белсенді қатысқан сотталушылардың жазасына қатысты құжатқа оң мінездеме алуына міндетті түрде көмектеседі. Сотталушылар калонияның өміріне белсене араласып, мәдени шараларға қатысам десе ешқандай кедергі жоқ. Мекеменің ішінде «Шығармашылық үйі» қарастырылған. Қамалғандардың 30% жоғары білімді қыз-келіншектер. Заңға сәйкес мекеменің ішінде жалпы білім беретін мектеп бар. 30 жасқа толмаған сотталушылар міндетті түрде оқиды. Одан бөлек, техникалық училищеден бес түрлі мамандық алуа болады», - деді Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің ЛА 155/4 мекемесінің бастығы Вилорий Ким.
10 жылға бас бостандығынан айырылған Гүлмира Қайрақбаева өкінішті өмірін жұбатып, қайғысын тарқататын іспен бостандыққа шыққанша осылай айналыса бермек. Қызметкерлер мен сотталғандардың сөзінше, қамаудағы әрбір әйелдің басынан өткен оқиғалары шығармашылықтың сан түрлі жанрына арқау бола алады.