$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстандықтар Украинаға гуманитарлық көмек жіберіп жатыр – фоторепортаж

Бүгін 2,5 тонна жүк тиелген тағы бір ұшақ Нұр-Сұлтаннан Варшаваға жіберіледі

Қазақстандықтар Украинаға гуманитарлық көмек жіберіп жатыр – фоторепортаж

Әлеуметтік желілерде Қазақстандағы Украина елшілігінде қазақстандықтардың гуманитарлық көмек көрсетіп жатқаны туралы ақпарат тарады. Елшілік өкілдері заттарды сұрыптау үшін еріктілерден көмек сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Елшілік орналасқан көшеде кішігірім кептеліс пайда болған. Елордалықтар гуманитарлық көмекке өз еріктерімен түрлі тауарлар әкелуде.

Елшіліктің алдындағы жүк көлігіне заттар тоқтаусыз тиеліп жатыр. Қазақстандағы Украина елшілігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша кеше дәл осындай екі жүк көлігі мен екі джип жөнелтілген.

Бұған дейін гуманитарлық көмек тиелген екі ұшақ Атыраудан Польшаға жөнелтіліп үлгерді. Ал бүгін 2,5 тонна жүк тиелген тағы бір ұшақ Нұр-Сұлтаннан Варшаваға жіберіледі. Қазір елшілікте шамамен 7,5 мың тоннаны құрайтын гумкөмек жиналған. Алдағы күндері гуманитарлық көмекті тек Польша арқылы ғана емес, сонымен қатар Ыстанбұл арқылы да жіберу қарастырылып жатыр екен.

Заттарды сұрыптау үшін елшілік еріктілерден көмек сұрады. Қала тұрғындары таңнан бері ағылып келуде. Араларында Украина азаматтары да бар.

Елордалық Айман Байқазақова гуманитарлық көмекті жүк көлігіне тиеу жұмыстарына көмектесу үшін жолдасымен бірге келген екен.

«Көмек қажет екенін кеше әлеуметтік желілерден көрдік. Біз қыз-келіншектер мұнда заттарды сұрыптаумен айналысып жатырмыз. Балалардың заттарын жастарына қарай бөліп, киімдерді және тағамдарды бөлек қораптарға салып реттеп жатырмыз. Ал ер азаматтар дайын қораптарды жүк көлігіне тасумен айналысады. Өзіміздің атымыздан балалар киімін, жамылғылар, орамаладар алып келдік», - дейді Айман.

25 жастағы Болат Тілеубаев та таңнан бері Украина елшілігінде көпшілікпен бірге асарласып жүр. Ол заттарды жүк көлігіне тиеу жұмыстарын атқарды.

«Бұл жерге бір өзім келдім. Өзімнің қарындасым қант диабетіне шалдыққан болатын. Оның еміне бейтаныс жандар көмек көрсетті. Сондықтан мен де өзім танымайтын адамдарға көмек көрсетейін деп шештім», - дейді ол

Сонымен қатар, бүгінде Украинаның Ұлттық банкі қаржылай көмек көрсетемін деушілерге арнайы шот ашқан. Ақшалай көмек әскери қажеттіліктерге бағытталмақ. Украинаның мемлекеттік ресми сайттары істен шыққандықтан, елшіліктер хабарландыруларды әлеуметтік желілер арқылы таратуға мәжбүр. Өз кезегінде Қазақстан Украинаға қазіргі уақытта 100 млн теңге көлемінде қаржылай ақша аударғаны белгілі болды.

Серіктес жаңалықтары