Алматыда жолаушы тасымалымен айналысатын көліктер тексеріліп жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

Бір айда автобус жүргізушілерінің кінәсінен 35 жол-көлік оқиғасы болып, 2 адам қаза тапты

Алматыда жолаушылар тасымалымен айналысатын көліктер тексерілуде, деп хабарлайды Polisia.kz.

«Автобус» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында жолаушылар тасымалымен айналысатын автокөлік кәсіпорындарын шаһардың жол жағдайында автобустардың техникалық жағдайына, дұрыс жұмыс істеуіне мұқият тексеру ұйымдастырылды.

«Осылайша, біз автомобиль көлігінде жолаушылар мен жүкті тасымалдайтын жүргізушілердің көлік және еңбек тәртібін жақсарту, техникалық ақауы бар немесе қайта жабдықталған жолаушылар көлігін пайдалану деректерін алдын алу, сондай-ақ, заңсыз жолаушылар тасымалының жолын кесу мақсатын көздеп отырмыз. Бұл жұмысқа мүдделі мемлекеттік органдардың да, азаматтық альянстың өкілдері де барынша жұмылдырылған», – деді Алматы қалалық ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Нұрлан Аманбек.

Полицияда қабылданған шараларға қарамастан, автобус жүргізушілері жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, жол-көлік оқиғаларына жол беріп жатқанын атап өтті. Бір айдың өзінде автобус жүргізушілерінің кінәсінен 35 жол-көлік оқиғасы болды, соның салдарынан 2 адам қаза тауып, тағы 38 адам жарақат алған.

«Бүгінде Алматыда жолаушылар тасымалымен айналысатын қалалық автокөлік кәсіпорындарының саны айтарлықтай қысқарғанын айта кеткен жөн. Алайда олардың басшылары тарапынан жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар қабылданбай отыр, сондай-ақ Қазақстанның басқа аймақтарынан көлік ағыны жоғары жағдайда жүруге бейімделмеген, төтенше жағдайлар туғызатын, ауыр зардаптармен жол-көлік оқиғаларын жасайтын автобус жүргізушілерін тартады. Осыған байланысты, жүргізуші құрамының көліктік тәртібін тиісті бақылауда ұстамағаны үшін 4 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды», — деді Н. Аманбек.

Қазіргі уақытта қала сыртындағы жолдарда, сондай-ақ қалалар мен елді мекендерде патрульдік полиция нарядтарының тығыздығы артты. Профилактикалық және рейдтік іс-шаралар жалғасуда.