«Сметаны қайта жасайды»: Алматы облысының бұрынғы әкімдігі 240 км газ құбырын тартуға 70 млрд теңге жұмсамақ болған
Облыс аумағындағы ауылдарды толық газдандыру жұмыстары 2030 жылға дейін созылуы мүмкін
Алматы облысының шет аудандарына табиғи газ тек 2030 жылдары бірақ барады. Оның өзінде сметалық құжат мақұлданып, қомақты қаражат бюджеттен бөлінсе ғана. Көгілдір отын қазіргі таңда тек Талдықорған қаласына дейін ғана барған. Ақсу, Сарқанд, Алакөл аудандарының халқы жуық арада табиғи газдың қызығын көре алмайды, хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Алматы облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, Үшаралға дейін газ тарту туралы сметалық құжат жасалған. Алайда, мемлекеттің қырауар ақшасына жасалған бұл құжат тағы өзгертіліп, қайтадан бекітілмек. Басқарманың мәліметінше, алғашқы құжат бойынша көрсетілген сома тым жоғары. Талдықорған-Үшарал бағытындағы газ құбыры желісін тартудың шығынын әлдеқайда төмендетуге мүмкіндік бар. Небәрі 240 км құбырға республикалық қазынадан 70 миллиард теңге жұмсалу керек деп бағаланыпты. Алматы облысының бұрынғы әкімі Амандық Баталовтың кезінде жасалған құжатты Басқарма енді қайтадан өзгертпек.
«Талдықорған қаласынан Үшаралға газ тарту қаралып жатыр. Жобалық сметалық құжаттары жасалды. Құжаттарға түзету енгізіледі. Үшарал жобасына қатысты құжаттар 2023 жылдың бірінші жартысында дайын болуы мүмкін. Одан кейін алты ай көлемінде сараптамадан өтеді. Қаржыландыру үшін республикалық бюджеттен ақша сұрауға мәжбүрміз. Сонда біз бұл жобаны 2023 жылдың аяғы немесе 2024 жылдың басында республикалық комиссияға шығара аламыз. Сол кезде олардың бұл жобаны мақұлдауы немесе қабылдамауы белгілі болады. Мақұлдағанның өзінде бұндай ауқымды жобаға қаржы бірден ала алмаймыз. Алдын ала есептеулер бойынша қазір Талдықорған-Үшарал газ құбырының құны 70 миллиард теңгеге түсіп отыр. Бірақ біз бұны өзгертіп, техникалық шарттармен бағасын түсіруге мүмкіндік бар. Қаралған тенхикалық, технологиялық шешімдерді өзгертеміз, газ құбырының гидравликасын әлі де қарап жатырмыз. Оңтайландырамыз, мүмкіндігінше арзандата отырып, кең көлемде ауылдарды қамту жағын қарастырып жатырмыз. Республикалық бюджет мақұлдағанның өзінде ең аз дегенде екі-үш жыл газ тарту жұмысы жүргізіледі. Сонда кемінде 5 жылдан кейін Үшаралға газ баруы мүмкін», - деді «Жетісу облгаз» мемлекеттік мекемесінің бас директоры Зияш Қалдыбекұлы.
Алматы облысының аумағынан арнайы екі газ көзі тарап жатыр. Қазақстан-Қытай магистарлыды арнайы газ құбыры және Алматы-Талдықорған газ құбыры. Осы екі магистарльды желі аймақты түгел газдандыруға мүмкіндік береді. Облыс көлемінде барлығы 742 елдімекен бар. Бүгінгі күнге дейін тек 164 елдімекеннің халқы табиғи газды пайдаланып келеді. «Талдықорған-Үшарал» магистральдық газ құбырынан халық саны 156,4 мың адамды құрайтын 148 елді мекенді газдандыру көзделіп отыр. Басқарманың мәліметінше, өңірдің барлығына магистарльды желілерді тарту тиімсіз, әрі шығыны жоғары болғандықтан қазынаға айтарлықтай салмақ түсіреді.
«Техникалық және экономикалық тұрғыдан шалғайда жатқан, халық аз тұратын ауылдарға газ құбырын тартудан қарағанда, ол жаққа көгілдір отынды тасудың өзге де әдістерін қарау керек. Техникалық және технологиялық мүмкіндіктер бар. Қазір бізде тек газ құбыры желілерін тарту мәселесін қарап жатырмыз. Одан бөлек, сұйытылған табиғи газды тасу жолын да пайдалану керек. Ол дегеніңіз, сұйытылған газды шалғайдағы өңірлерге көлікпен тасып, сол жерлердегі станциялар арқылы тұтынушыларға тарату. Бірақ қазіргі уақытта Қазақстанда сұйытылған табиғи газды өнідертін өндіріс орындары жоқ. Сондықтан бұл келешекте қаралатын вариант. Егер осы әдісті қолдансақ, бұл әдеттегі газ құбырын салудан қарағанда әлдеқайда арзан болады. Мысалы, Жамбыл, Панфилов, Ұйғыр, Кеген аудандарының алыс өңірлеріне сұйытылған газды тасымалдауға болады», - деді «Жетісу облгаз» мемлекеттік мекемесінің бас директоры.
Алматы облысында 2,2 млн халық өмір сүреді. Қазіргі таңда 1,3 млн адам тұратын елдімекенде ғана табиғи газ бар. Бұл өңірді газдандырудың 63% құрайды. Облыстың шығысы мен оңтүстігіндегі аудандарға қатысты жұмыстың құжаты мен бюджеті бекітілгенде, барлығы 474 елдімекенді газдандыруға мүмкіндік туады. «Шелек-Кеген-Нарынқол» магистралыды газ құбырын салудың құжатын дайындау басталған. ЖСҚ жасауға облыстық бюджеттен 316,3 млн. теңге бөлініпті. Бұл өңірде 17 мыңнан астам халық табиғи газды күтіп отыр. Құны кемінде 45 миллиард теңге болатын 227 км желінің нақты қашан басталатыны белгісіз. Нарынқол мен кегендіктерге де табиғи газды кемінде тағы бес жыл күтуге тура келеді.
«Алматының маңайындағы облысқа тиесілі аудандарға мемлекеттен бюджет бөлінбеген. Бюджеттің қаражаты барлық елдімекенге жетпейді. Талғар сынды халық тығыз орналасқан аудандарда газды жеке инвесторлар жүргізіп келеді. Өткен жылы 19 жаңа жобаны іске асыруға 5,0 млрд. теңге бөлінді. Бүгінгі таңда Талдықорған қаласын газдандыру толық көлемде аяқталды. Жоба IV кезеңге бөлінген. Желілердің ұзындығы – 926 км. Талдықорғанды газбен қамтамасыз етудің құны – 19,4 млрд. теңге. Табиғи газға 54,3 мың абонент қол жеткізді», - деді Алматы облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бағлан Әбілқасымов.
Жауапты басшылардың сөзінше алыс ауылдар тұрмақ, Талдықорған қаласындағы Ынтымақ, Жастар сынды бірнеше ықшам ауданның халқы табиғи газға әлі қол жеткізе алмай келеді.
Облыстық ТЖД мәліметінше өңір тұрғындары көмірден көп уланады. Соңғы екі айдың өзінде облыста 135 өрт тіркелген. Соңғы үш жылда Алматы облысында 48 адам түтінге уланып қайтыс болған.
Ал жуырда ғана Талдықорғанның жанындағы Еңбек ауылында табиғи газға қол жеткізе алмаған бір отбасының төрт адамы көмірге уланып, түгелдей қайтыс болды.