«Еңбек» нәтижелі еңбекпен қамту бағдарламасы нәтиже берді ме?

Теріскейде 200 үй бос тұр

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

Қазақстанда 2017-2021 жылдар аралығында халықты нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылды.  Көзделген мақсат – жұмыс күші тапшы аймақтарға халқы тығыз орналасқан өңірлерден еңбек етуге қабілетті азаматтарды тарту. 4 жылда еліміздің оңтүстігінен солтүстік өңірлерге 9 мыңнан астам отбасы қоныс аударып, оның 250-ге жуығы туған жеріне кетіп қалған. Шыққан өңіріне оралғандардың басым бөлігі – Солтүстік Қазақстан облысына көшіп барғандар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

БАҒДАРЛАМАНЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУҒА 20 МЛРД ТЕҢГЕ ЖҰМСАЛДЫ

4 жылға жоспарланған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту мемлекеттік бағдарламасы аяқталды. Бірақ ол нәтижелі болды ма? Бағдарламаны қорытындылап, сандарды сөйлетуді жөн санадық.

Бағдарламаны жүзеге асыруға мемлекет қазынасынан 20 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсалған. Түстіктен теріскейге 10 мыңдай адам қоныс аударды. Оның мыңға жуығы шыққан өңірлеріне қайта кетіп қалған. Солардың 600-і – Солтүстік Қазақстанға көшіп барған азаматтар. Олардың тұрақтамауына не себеп? Бұл сауалды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жолдап, төмендегідей жауап алдық:

«Қоныс аударушылардың шығу өңірлеріне қайтуының басты себептері климаттың өзгешелігі, денсаулық жағдайына байланысты, отбасылық жағдайлар болып келеді», - делінен құзырлы орган жолдаған жауапта.

Ал мемлекеттік бағдарламаға қатысушылар солтүстіктің қатаң климатын емес, жағдай жасай алмаған жергілікті шенділерді айыптайды. Басты мәселе жұмыссыздық пен үйлердің сапасыздығы. Теріскейге жақсы өмір іздеп келіп, қарызға белшеден батып кеткендердің бірі – Болат Көжеков. Былтыр отбасымен бірге Түркістан облысындағы Жетісай қаласынан Солтүстік Қазақстандағы Тимирязев ауылына қоныс аударған. Сапасыз үй қыста сыр беріп, көгере бастаған. Әкімдіктен талай көмек сұрағанымен, қайыр болмапты. Жұмыссыздық пен жоқшылықтан қажыған азамат туған жеріне қайта көшіп кетті.

«Үй сыз тартып, көгеріп жатыр. Төбеден де су сорғалайды. Малға салған қор сияқты. Жылыта алмадық. Қатты жақсаң пештің суы қайнап кетеді. Бір сөзбен айтқанда ит байласа тұрғысыз. Кесірінен балалар ауыра береді. Жұмыс мүлде жоқ. Көршілер де осылай күнелтіп отыр. Шамалары келгендері қайта көшіп жатыр. Мен де отбасымды алып, кетіп қалдым. Екі бала интернатта қалды. Оқу жылының ортасында ауысуға рұқсат жоқ екен. Енді сол балаларды алып келуім керек. Ондағы жағдай жақсы болса тұра беремін ғой. Екі балам далада қалғандай болып қалды», - дейді Болат Көжеков.

ТЕРІСКЕЙДЕ 200 ҮЙ БОС ТҰР

Қоныс аударушыларға арналып салынған үйлердің сапасын қадағалай алмаған Есіл және Айыртау аудандарының әкімдері Президент бұйрығымен жұмыстан босатылған. Алайда бұл оқиға басқаларға сабақ болмаған сыңайлы. Қазір өңірде мемлекеттік бағдарлама бойынша сатып алынған 1 мың үйдің 200-і бос тұр. Олардың тағдыры не болары белгісіз.

«Солтүстік Қазақстанда 1003, Павлодар облысында 307 пәтер сатып алынды. Басқа өңірлерде тұрғын үй сатып алу тетігі жүзеге асырылмады. Павлодар облысындағы пәтерлер бүгінгі күні толық қоныстандырылған. Сатып алынған тұрғын үйлердің сапасы бойынша бақылаудың жеткіліксіздігі және уақытылы шаралардың қабылданбағаны үшін облыс әкімінің орынбасары, Аққайың, Есіл, Жамбыл, Уалиханов, Қызылжар және Тимирязев аудандарының әкімдері, сондай-ақ жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды», - дейді ҚР ЕХӘҚМ халықты жұмыспен қамту департаменті директоры Руслан Тілеубаев.

СОЛТҮСТІККЕ ҚОНЫС АУДАРУШЫЛАРДЫҢ 20 ПАЙЫЗЫ ЖҰМЫССЫЗ

Өткен жылы СҚО-ға қоныс аударушылардың 79 пайызы екі қолға бір күрек тапқан. Қалғандары жұмыссыз.

«Қазіргі уақытта тұрғындардың мобильділігінің артуы және халықтың табиғи қозғалысы нәтижесінде макроөңірлер арасындағы демографиялық дисбаланс күшеюде. Өңіраралық қоныс аудару тетігі жұмыс күші тапшы облыстарды жұмыс күшімен қамтамасыз ету, өңірлік диспропорция мен демографиялық теңгерімсіздікті жоюға бағытталған. Қоныс аударушылардың 16,4 мыңы еңбекке қабілетті жастағы адамдар. Оның ішінде 11,9 мың адам жұмысқа орналастырылса, 1 мыңға жуық адам кәсіпкерлік қызметпен айналысуда, сондай-ақ 262 адам оқуға жолдама алды. Өңіраралық қоныс аудару тетігін іске асыру жұмыс күші тапшы өңірлерді жұмыс күшімен қамтамасыз етуге, бірқатар ауылдарды, жабылу қаупі бар мектептерді қайта жандандыруға өз септігін тигізді», - дейді Руслан Тілеубаев.

«ЕҢБЕК» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯҚТАЛДЫ, КӨШ ЖАЛҒАСА МА?

Бағдарлама жүзеге асырыла бастаған уақыттан Ақмола облысына 464, Шығыс Қазақстанға 2414, Қостанай өңіріне 1264, Павлодар облысына 2777, Солтүстік Қазақстанға 2960 отбасы қоныс аударған.

«Қоныс аударушылар мен қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасы облыстағы еңбек нарығының ахуалына және жұмыс берушілердің сұранысына, әлеуметтік инфрақұрылымға байланысты бекітіледі. Бүгінгі күні квота толықтай орындалды. Барлық өңірлер қоныс аударушылар мен қандастарды қабылдау бойынша жағдай жасауда, көшуге және тұрғын үй жалдап алуға субсидия төленеді», - деді ҚР ЕХӘҚМ халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Руслан Тілеубаев.

«Еңбек» бағдарламасын іске асыру 2021 жылы аяқталды. Өңіраралық қоныс аударуды мемлекеттік қолдау шараларын одан әрі іске асыру жаңа «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында жалғасады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.