«Жұмыстан босатылмайды»: Аза тұту күні той тойлаған Ерейментау әкіміне қатаң ескерту берілді

Автор: Azattyq Rýhy

Аудан басшысы екінші рет ерсі қылық көрсеткен жағдайда қызметінен босатылады

Ақмола обылысының Әдеп жөніндегі кеңесі Ерейментау ауданының әкімі Абай Әлжановқа қатаң ескерту беріп, облыс әкіміне ұсыныс жолдады. Ал, бір жылдан бері әкім боп отырған Әлжановтың өзі болса ерсі қылығын мойындаған жоқ деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Көкшетаудан Ерейментауға арнайы келген комиссия болса аудан әкімінің қаралы күні Жаңа жылды тойлағанын әшкерелеп берді. Әдеп кеңесінің отырысында әкімдік қызметкерлерінің Аза тұту күнінде Жаңа жылдық көңілді кеш өткізгені дәлелмен айтылды.

Абай Әлжановтың өзі болса бұл күні туысын мерейтойымен құттықтау үшін мейрамханаға кіріп шыққанын айтып отыр. Алайда, пікір сұраған тілшілерге өзін жайсыз сезініп тұрғанын айтып, сөйлесуден бас тартқан.

«28 желтоқсанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланса, Ерейментау ауданының кәсіпорындары мен ұйымдары осы күні Ерейментау ауданы әкімінің қатысуымен ұжымдық Жаңа жыл кешін өткізді. Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі талаптарының осылайша бұзылуы қоғам тарапынан сынға ұшырады. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің өкілдерімен көрсетілген дерек бойынша қызметтік тексеру жүргізіліп, оның шеңберінде Ерейментау ауданына іс-сапар жасалды. Іс-сапар барысында әкімдіктің және ауданның басқа да жергілікті атқарушы органдарының лауазымды тұлғалары, аудан ұйымдарының қызметкерлері арасында тергеу жұмыстары жүргізіліп, істің мән-жайына қатысты материалдар тексерілді», - делінген ведомство хабарламасында. 

Әдеп жөніндегі кеңес тәртіптік істі қарау қорытындысы бойынша қызметтік тергеу материалдарын зерделеп, Ақмола облысының әкімі аудан әкімі А.Әлжановқа «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдануды ұсынды. Президенттің жарлығын елемеген аудан әкіміне қатысты нақты шараны облыс басшысы қабылдайды. 

Әмірболат Құсайынұлы