Қазақстанда ең аз жалақыны кімдер алып жүр?

Әсел Оршыбекова

Біздегі орташа айлық 245 мың деп есептелді

Қазақстанда ең аз жалақыны кімдер алып жүр?

Жуырда ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұрт арасында айлық табысы 50 мың теңгеден аспайтын азаматтар бар екенін, мұндай ақшаға өмір сүру мүмкін еместігін мәлім етті. Azattyq Rýhy тілшісі еліміздегі кей сала қызметкерлерінің ең төменгі жалақыларының статистикасын әзірледі.

Ұлттық статистика бюросының былтырғы мәліметтеріне сәйкес, 2020 жылы табысы ең төмен өңір ретінде Түркістан облысы белгіленді. Осы ретте Түкістан облысының Созақ ауданы мектептеріндегі кіші қызметкерлердің жалақысын білу мақсатында аудандық білім бөлімінің баспасөз қызметіне хабарластық. Алайда ондағылар нақты цирфларды айтпады. Тек өтемақылардың мөлшері Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес айқындалатынын мәлімдеді.

Десе де табысы төмен өңірлердің қатарына кіретін – Жамбыл облысындағы Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі ауыл мектептеріндегі кіші қызметкерлердің жалақысын жасырмады. Белгілі болғандай, бұған дейін жұмысшылардың жалақысы 58 241 теңгені құраған болса, 2022 жылдан бастап 23 пайызға өсіп, 70 822 теңгеге дейін жеткен екен.

Ауыл мектептеріндегі кіші қызметкерлердің жалақысы жақсарғанмен, ел астанасында орналасқан Ұлттық музейдегі жұмысшылардың табысы әлі де көңіл көншітпейді. Нақтырақ айтқанда, мекемедегі киім ілушілер мен еден жуушылардың табысы осы жылдан бастап 60 мың теңгеге дейін өскен. Ал музейге келушілерге қызмет көрсететін гид мамандардың жалақысы әлі де 100 мың теңгеге жететін емес. Олар бар болғаны 90-95 мың теңге аралығындағы жалақыға жұмыс істеуге мәжбүр.

Президент «айлық табысы 50 мың теңгеден аспайды» дегендердің қатарына мәдениет саласында жұмыс істеп жүрген техникалық қызметкерлерді қосуға болады. Мәселен елордадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрындағы сахна шеберлерінің ең төменгі жалақысы 49-55 мың теңге аралығында екен. Сондай-ақ, оларға ешқандай қосымша үстемақы төленбейді, ал сыйақылар тек мемлекеттік маңызды мерекесі бар айларда беріледі.

Бұған дейін БАҚ «Самұрық-Қазына» АҚ қаржыландыратын «Қазпошта» АҚ жұмыс істейтін пошташылардың жалақысына қатысты өзекті сұрақтарды талай мәрте қозғады. Алайда баяғы жартас сол жартас. Ауылдық жерде газет пен хат таратып, нанын тауып жүрген пошташылардың сөзіне сенсек, қолдарына ай сайын 40 мың теңгеден аспайтын жалақы алады екен. Осыған орай, компанияның баспасөз қызметіне хабарласып, нақты сандарды білуді көздедік. Бірақ жартылай мемлекеттің ақшасымен қаржыландырылатын компанияның баспасөз хатшысы ең төменгі жалақы сомасын айтудан бас тартты.

Белгілі экономист Сапарбай Жобаев аз жалақы алатын азаматтардың ай сайынғы табысын бірден 100 мың теңгенің үстіне шығарып жіберу қисынға келмейтінін айтты.

«Біздегі орташа айлық 245 мың деп есептелді. Халықтың басым бөлігінің алып жүрген жалақысы 140 мың теңгенің төңірегінде. Кейбір жерлерде азаматтар 70-80 мың теңге алуда. Ол адамдардың біліктілігіне қарай төленетін сома. Еден жуушы, көше тазалаушылардың жалақысын 150 мың теңгеге бәрібір шығара алмайсың. Себебі біліктілігі жоғары мамандар 150 мың теңгеден алып жатыр, оларға сол себепті 70-80 мың төленеді», - дейді ол.

Десе де соңғы жылдары болып жатқан қымбатшылық кім-кімді болмасын қаржылай қыспаққа алғаны рас. Сол себепті 100 мың теңгеге де жетпейтін жалақы қай жыртықты жамауға жеткілікті болмақ? Бұл ретте экономист сарапшы азаматтарға біліктіліктерін арттыруға кеңес берді.

«Бюджеттен қаржыландырылатын қызметкерлерге келетін болсақ, олардың қатарына оқытушы, дәрігер сынды мамандар кіреді. Бүгінде оларға 200-300 мың теңгеге жуық жалақы төленіп жатыр. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандарға, әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтарға 60 мың, 42 500 теңгеден көмек беріліп жатыр. Қазақстанның бүгінгі жағдайында осындай мұқтаждықтың деңгейін 2 пайызға төмендетуге мүмкіндік бар. Бірақ меніңше сандар өзгергенімен, ауыз толтырып айтарлықтай өзгеріс болмайды. Адам өзінің біліктілігін арттырып, жоғары жалақы беретін жұмысқа орналасуға әрекет жасауы керек», - дейді маман.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.