Оқиға Жаңа жыл қарсаңында болған
Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Әймен ауылының мектебінде қызметкердің балалар алдында стриптиз билегені туралы бұған дейін жазған болатынбыз. Осы жайтқа байланысты аудандық білім бөлімі пікір білдірді.
Еске салайық, оқиға 28 желтоқсанда Жаңа жыл мерекесі қарсаңында болған. Мектепте іс-шаралар ұйымдастырумен айналысатын қызметкер Аяз ата киімін киіп, бастауыш сынып оқушылары алдында стриптиз билеген. Ал, сынып жетекшісі мен сол маңда болған ата-ана оны тоқтатудың орнына қосыла билепті. Аталған оқиғаның видеосы әлеуметтік желіге тараған соң мектеп директоры қызметінен кетті.
Мектеп ауласындағы жағдай «Педагог мәртебесі туралы» Заңның талаптарына қайшы келеді. Заң талаптарының нормалары орындалмағандықтан, директорға ҚР Еңбек кодексіндегі 49-бабының 6-тармағы, 2019 жылғы 27 желтоқсанындағы «Педагог мәртебесі туралы» Заңының 5-бабының 1, 2-тармақтарына сәйкес білім бөлімі шара қолданып, арнайы бұйрықпен жұмыстан босатқан. Бірақ бұл бұйрықпен келіспеген директор комиссияға жүгініп, арызданды. Сондай-ақ, ауыл тұрғындары да директорды қайтарыңдар деп аудандық білім бөліміне бірнеше рет шағымданыпты.
«Педагогтардың қызметіне нұқсан келетін жағдай орын алған, оны мойындаймын. Көргенде кірерге тесік таппадық. Отырған орнымнан тұра алмай қалдым. Мектептің мұғалімі де жұмыстан босатылғанмен, кейін оны белгілі жағдайларға байланысты орнына қайта алдық. Сол күнгі кезекші де жұмыстан босатылған. Аталған жағдайдан кейін жүзден аса ауыл тұрғынын қабылдадым. Педагогтар қауымы бар, бәріне бұл жағдайды түсіндірдім. Халықтың талабы директорды қайтарып, бұрынғы орнына қайта тағайындау. Әдетте директор кемшілік жібергенде алдымен ескерту, сосын сөгіс, үшіншісінде қатаң сөгіс беріледі. Ал, біз Мақсат Жайлыбайды бірден жұмыстан босаттық. Педагогикалық этика нормаларын сақтамағаны үшін арнайы баппен жұмыстан шығарылды. Жұмыстан шығаруға келіспеймін деп директор қайта арыз жазып отыр. Оның арызын ережеге сәйкес комиссия қарауға міндетті. Оның бұрын ескерту, сөгіс алмағанын ескерсек, орнына қайта келуі де мүмкін, оны алдағы бейсенбі күні өтетін арнайы комиссия шешеді» - деді Еңбекшіқазақ аудандық Білім бөлімінің басшысы Бәтес Аманова.