«Жолдағы өлім көбейеді» Алматыда техникалық байқау орталықтарының басшылары депутаттың үндеуіне қарсы шықты

Автор: Әмірболат Құсайынұлы

Аталған орталықтарды жапса Алматының өзінде 1 мыңға жуық кәсіпкер банкрот болады

Фотолардың авторы Әсет Құндақбаев

Алматыда кәсіпкерлер депутаттың техникалық байқау орталықтарын жабу туралы мәлімдемесіне қарсы шықты. Осы салада жұмыс істейтін кәсіпкерлердің сөзінше, депутаттың ұсынысын іске асыру дәл қазіргі таңда қисынсыз. Арнайы жиын өткізген кәсіпкерлер міндетті техникалық байқауды алып тастау апаттың артуына әкеледі деп санайды.

Елде көліктің техникалық сапасына мән беру онсыз да төмен. Соңғы үш аптада көлік апатынан 100 адамның өлуі осының дәлелі. Заң талабының қаталдығына қарамастан жылына он мыңнан астам жол көлік оқиғасы болады. Жол жүру ережесіне қатысты кейбір міндеттерді алып тастау онсыз да жауапсыз жүргізушілердің санын көбейтеді, деп санайды техбайқау орталықтарының өкілдері.

«Депутаттардың бұл жолғы айтқаны тағы сол Ресейдің заңын көшіріп, бізде қолдану. Техникалық байқаудан барлық көлікті босату ешқандай елде жоқ. Мәселен, бұл ұсыныс жүзеге асса экологияның өзі нашарлайды, халық машинаның сапасына мән бермейді. Бақылау болу керек. Жолда көлік апаты артып, адам өлімі көбейеді. Елде онсыз да көлік апаты азаймай тұр. Жылдамдықты асыру, мас күйінде рөлге отыру, ережені сақтамау – апатқа себеп. Егер осындай жағдайларға көліктің қауіпсіздігі сәйкес келмесе, онда өлім-жітім, жарақат алу одан сайын көбейіп кетеді. Жүргізушілер бұл мүмкіндікті теріс пайдаланады, сондықтан қадағалау болу керек», - деді кәсіпкер Әсет Еркінов.

Жиынға қатысушылардың сөзінше, депутаттардың ұсынысы қабылданса тек Алматының өзінде мыңға жуық кәсіпкер банкротқа ұшырайды. 10 мыңға жуық адам жұмыссыз қалады. Техникалық байқау орталығын ашу үшін әрбір кәсіпкер 11-ден 20 миллион теңгеге дейін шығындалған. Барлығы да қондырғыларын шетелден алдырған.

Елімізде жыл сайынғы техникалық байқаудан өтуге міндетті 2,7 млн көлік құралы (жалпы көлік санының 72%) бар. Автокөлік иелерінің 2-5 мың теңге аралығында тиісті төлемді төлеп, техникалық байқаудан өткені туралы акт алады. Депутат Айқын Қоңыровтың айтуынша, автокөлікті техникалық байқаудан өткізу рәсімі формальды түрде ғана атқарылып, сыбайлас жемқорлыққа айналып кеткен.

«Техбайқау орталықтарын тексеру керек, қондырғыларын да, олардың жұмысын да қатаң қадағалау керек дегенмен келісемін. Бірақ, түбегейлі жауып тастау деген дұрыс емес. Алматы қаласынның өзінде 10 мың адам, 1 мың кәсіпкер жұмыссыз қалады. Құрал жабдық несиеге алынғандықтан жағдай қиындап, барлығы банкротқа ұшырайды. Несие төленбесе банк үйлерін тартып алады. Аппараттарды несие арқылы алдық. Мен сияқты қаншама кәсіпкер бар. Менің өзім 7 отбасына жұмыс беріп отырмын. Бәрі несие төлеп отыр», - деді тағы бір кәсіпкер Бақтияр Бекеев.

Бүгінгі таңда Алматы қаласында 170-ке жуық техникалық байқау операторы бар. Соңғы жылы автокөліктердің саны Нұр-Сұлтан қаласында 7,7%-ға, Алматы облысында 4,6%-ға, Жамбыл облысында 3,7%-ға өскен. Еліміздегі ең моторлы аймақ – Алматы қаласы саналады. Бір миллионға жуық көлік күнделікті қала көшелерінде жүреді. Әр 100 адамға 25 көліктен келеді. Екінші орында Солтүстік Қазақстан облысы – 100 тұрғынға 24 автокөлік, үшінші орында – Алматы облысы мен Нұр-Сұлтан – 100 адамға 23,9 автокөліктен келеді екен.

«Автокөліктерді техникалық байқаудан өткізу туралы бұрынғы заңнан бас тартуға болмайды. Біз, кәсіпкерлер, ел нарығындағы станциялардың қожайындары – жауапсыз адамдар үшін жауапкершілікке тартылмауы керек деп санаймыз. Бұл процедураның күшін жою қоршаған ортаның нашарлауына әкеледі, сонымен қатар газ жабдығымен жұмыс істейтін автокөліктер арасында өрт, жарылыс және апаттардың саны артуы мүмкін. Бизнесмендер бұл нарықта бақылауды күшейтуді сұрайды, бірақ оны ешбір жағдайда жоймау керек. Өйткені бұл сыбайлас жемқорлық құрамдастарының күшейе түсуіне әкелуі мүмкін. Депутат стацияаларды жауып тастау туралы айтқанмен, кәсіпкерлердің шығындарын өтеуден мүлдем қалыс қалды», - деді жиында сөз сөйлеген кәсіпкерлер.