Алматыдағы бүлік кезінде ауыр жарақат алған тағы екі полицей жансақтау бөлімінде жатыр

Автор: Әмірболат Құсайынұлы

Барлығы 1097 қызметкер зардап шеккен

Алматыда бүлік кезінде ауыр жарақат алған тағы екі полиция жансақтау бөлімінде жатыр. Бұзақылар полицейлердің 165 арнайы көлігін бүлдірген. Олардың 64-і мүлдем жарамсыз, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Қақтығыс кезінде 1097 полиция жарақат алса, олардың 9 қайтыс болып кеткен. Қалалық Полиция департаменті басшысы Қанат Таймерденовтің сөзінше, терроризмге қарсы операция басталғаннан бері ішкі істер органдарына барлығы 2600 адам жеткізілген. 236 бүлікші мен жаппай тәртіпсіздікке қатысқандар қамауға алынған. Коменданттық сағатты бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке 84 адам тартылыпты. Мародерлер қаладағы 1600-ден астам сауда нысандарын тонап кеткен.

«Тәртіпті қамтамасыз етуге және қаладағы аса маңызды нысандарды қорғауға 3800 полейцей мен әскерилер жұмылдырылған. Қалада үш ауысымдық режимде күшейтілген жаяу патрульдеу жасақтары жұмыс атқарып жатыр. 5 блок-бекет жұмыс істейді, оған 390 адам жұмылдырылған. Қорғаныс министрлігі әскери қызметшілерінің қорғауында қаланың барлық стратегиялық (Әуежай, ЖЭО-1, ЖЭО-2, "Көктөбе" ТВ, қаланың барлық бас тоғаны, "Ақсай Нан" нан зауыты және т.б.) маңызды объектілері тұр. Полиция күшімен банктердің есеп айырысу кассалық 46 бөлімшесі күзетіледі», - деді Алматыдағы қазіргі ахуалды баяндаған Қанат Таймерденов.

Бұзақылар құқық қорғау органдарының 356 көлігіне зақым келтірген. Барлығы 1097 қызметкер зардап шеккен. Қазіргі күні медициналық мекемелерде 5 адам, оның ішінде 2 қызметкер әлі де ауыр халде, жансақтау бөлімінде жатыр. Жаппай тәртіпсіздіктен 9 (ДП-3, Шекара. ҰҚК Академиясы-5, Қорғаныс Мин. - 1) қызметкер қаза тапты. Полицияға тиесілі 5 фронт-офис жанып кеткен.

«ПД және Алмалы ауданының ПБ ғимараттары, модульдік 19 және экологиялық 13 полиция бекеті, зақымдалған автокөлік – 165, оның ішінде қалпына келтірілмейтіні – 64, оның 53-і өртенді. Қалпына келтіруге жататындар – 101 актокөлік. Біз, тәртіпсіздікке қатысушыларды анықтау, оларды ұстау және тиісті жауапкершілікке тарту бойынша іс-шараларды жалғастырудамыз. Мүдделі қызметтермен бірлесіп қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша барлық шараларды қабылдап, қала тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасап жатырмыз», - деді Алматының бас сақшысы.  

Бүлікшілер алаңның периметрі мен қаланың орталық көшелеріндегі 493 бейнебақылау камерасы сындырып тастаған.