Қазір террорлық актілерге қарсы операциялар жалғасып жатқанмен, елдегі ахуал тұрақталды
Қазірге дейін 5135 күдікті ұсталған. Оның 134-і ауыр қылмыс жасағандар. Шекарадан өтпек болған қылмыскерлер де қолға түсті. Қазір террорлық актілерге қарсы операциялар жалғасып жатқанмен, елдегі ахуал тұрақталды. Бұл туралы Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы Ерлан Тұрғымбаев мәлімдеді.
Қоғамдық тәртіпті және елдің қауіпсіздігін сақтау кезінде 16 полиция қызметкері содырлардың қолынан мерт болды. Полиция, Қорғаныс министірлігі және Ұлттық ұланның 1330-дай қызметкері жараланды. Ерлан Тұрғымбаев қаза болғандардың отбасы мен жақындарына көңіл айтып, елге оқ атқан кінәлілердің бәрі анықталып, жазаға тартылатынын жеткізді.
Ішкі істер министірнің міндетін атқарушы Ерлан Тұрғымбаев өз мәлімдемесінде елді сабырлық сақтап, сақтық шараларына жауапкершілікпен қарауға шақырды.
«Арандатуға ермей, күдікті жағдайлар мен тұлғалар жайында полицияға хабарлауыңызды сұраймыз. Сол арқылы құқық қорғау органдарына елдегі тәртіпті сақтауға көмектесесіз. Бұған қоса, жалған ақпарат таратпау жөнінде ескертемін. Осындай қиын кезеңде тек мемлекеттік ресми дереккөздерге сену керек», – деді ҚР ішкі істер министрінің міндетін атқарушы Ерлан Тұрғымбаев.