Жыл басынан бері 224 заңсыз ағаш кесу фактісі тіркелген
Жаңа жыл қарсаңында шыршаларды заңсыз кесу азаймай тұр. Сенатор Ақылбек Күрішбаев Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында жазаның қатаңдағанына қарамастан, жыл басынан бері 224 заңсыз ағаш кесу фактісі тіркелгенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сенат депутатының сөзінше, бірнеше күндік қызыққа бола, ормандарға зиян келтіріп, өсіп тұрған ағашты қырқу ата дәстүрімізде болмаған.
«Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, Ресейден алып келіп, ресми тіркелген шыршалардың саны 78 мыңды құрайды. Ал Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің берген ақпаратында 106 мың дана делінген. Осыдан кейін орынды сұрақ туындайды. Импорттық ағаш деп көрсетіліп, өзімізде заңсыз кесілген ағаштар сатылып жатқан жоқ па?» – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақылбек Күрішбаев.
Сенатордың бұлай секемденуіне бақылаудың әлсіздігі себеп. Бүкіл ел бойынша орман тыныштығына жауап беретін 147 ғана инспектор бар екен. Бірақ қыстың суығында шырша сатып отырғандардың айтуларынша, саудалап жатқандарының барлығы да заңды. Құжаттарында тауардың Ресейден әкелінгені жазылыпты. Әрі жаңажылдық шыршаларды кесу орманды отау емес деп отыр. Яғни сатылымға шығаратын қылқан жапырақтыларды арнайы өсіреді екен.