Қоғамдық көліктің азайғанынан такси қызметіне сұраныс артты
Ақтөбеде сыйақыдан қағылған автобус жүргізушілері наразылыққа шықты, деп хабарлайды КТК арнасы.
Автопарк басшылығына өкпелегендер жолға шықпай қойған. Соның кесірінен жолаушылар діттеген жеріне жете алмай, қоғамдық көлікті сағаттап күтуге тура келді.
Қоғамдық көліктің азайғанынан такси қызметіне сұраныс артты. Таң атысымен автобусты күтіп шаршағандар жол бойында қол көтеріп көлік тоқтатуға мәжбүр. Ал жүргізушілер наразылығын кешке бастаған. Сыйақыларының қиылғанын естігендері жолға шығудан бас тартқан. 37 автобусты гаражға қаңтарып қойыпты.
Бүгін жүргізушілердің жартысы райынан қайтса, қалған 17 адам басшысына талап қойып жатыр. Автопарктегілер жүргізушілерді жұмыс барысындағы кемшіліктеріне байланысты жазаладық деп отыр. Сыйақыны қиюға олардың электронды төлемақы қабылдамауы, бағыттан ерте шығуы себеп болған.
«Сыйақы мөлшері 10 мың теңгеден 40-50 мың теңге арасында қиылды. Ол тек мына жай дүниеден не істеп отырған жоқпыз, кішкентай ілік іздеп жатқан жоқпыз. Ол бір жүргізушінің бірнеше рет қайталауы, дөрекі жайттар. Мысалы, жолаушылардан шағым түсті деп айта аламын», - дейді «Автопарк» ЖШС Ақарыс Тілеулесов.