Алматыда қалалық Полиция департаментіне қарасты емхананың бас дәрігері пара алды деген күдікпен ұсталды
Қазіргі уақытта тергеу жұмыстары жүргізілуде
Алматыда қалалық Полиция департаментіне қарасты емхананың бас дәрігері Әлия Сармасаева пара алды деген күдікпен ұсталды. Ақпаратты сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі растады, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Алматы қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің мәліметінше, Сармасаеваға қатысты қылмыстық іс уақытша еңбекке жарамсыздық парағын ашқаны, ұзартқаны, жапқаны үшін бірнеше рет пара алу дерегі бойынша тергеліп жатыр.
"Алматы прокуратурасы күдікті деп тану және әрекетті саралау туралы қаулыны мақұлдаған. Тергеу барысында Сармасаева қылмыстық процестің қатысушысына қысым көрсетіп, өзін әшкерелейтін айғақтарды өзгертуді талап еткен. Осыған орай сот Сармасаеваға қатысты екі ай мерзімге күзетпен ұстау түрінде бұлтартпау шарасын қолдануға санкция берді", - деді ведомство қызметкері.
Сонымен қатар, адвокат Көпжановаға қатысты "соталды іс жүргізу деректерін жария еткені үшін іс жүргізу шешімі" қабылданатыны айтылды.