Мектеп директоры «ауызбастырғы» беремін деп алаяқ атанған ба?!

Автор: Azattyq Rýhy

Алматыда мектеп директоры алаяқтық жасады деп айыпталып жатыр

Қысқы демалыста жүрген мұғалімдер тиісті орындардан әріптестеріне араша сұрап, бүгін сот ғимаратының алдына жиналды. Екі айдан бері қамауда отырған Алматы қалалық №17 орта мектеп-интернатының директоры Серік Қалиев әріптесін алдап, ақша жинаған деген күдікке ілінген. Бүгін тергеу органдары оның уақытша оқшаулау изоляторында отырған мерзімін тағы да бір айға созу үшін сотқа жүгінді. Қалалық тергеу сотының алдына жиналған мектеп басшысының әріптестері мен туыстарын Azattyq Rýhy тыңдап қайтты. 

Оқиға биыл күзде болған. Алматы қалалық білім басқармасына қарасты №17 мектеп–интернаттың директоры Серік Қалиевке Наркес Мамедова есімді әйел келіп, оның үстінен бөтен біреулердің шағым жазғанын айтады. Ол жақында Бас прокуратураның қарауына баратынан мәлімдеген. Осы мектеп-интернатта әлгі әйелдің туыстарының баласы оқығандықтан, директор оның сөзіне сенеді. Білім ошағына тексеру келетінін ескерткен әйел алдау, арбау жолымен мектеп басшысынан 6 млн. теңге ақша алған.

Серік Қалиев көп ұзамай өзге әріптесі, Алматы қаласындағы «№ 2 арнаулы (түзету) мектеп-интернаты» КММ-нің директоры Бақыт Ермековаға тексеру келе жатқанын ескерткен. Бұл мектеп-интернат директоры да Наркес Мамедоваға 5 млн. теңге көлемінде «ауызбастырғы» береді. Алайда алданғанын түсінген мектеп директоры құзырлы органдарға шағымданады. Көп ұзамай алаяқтық күдігімен Наркес Мамедова қамауға алынады. Оның берген түсінігімен №17 мектеп-интернатының директоры Серік Қалиев те «сыбайлас»  ретінде ұсталған.

«Осы 17-ші мектепте 23 жыл бойы директор болып жұмыс істедім. Ал Серік менен кейін 8 жыл еңбек еткен. Мектептің оқу тәрбие жұмысы, санитарлық жағдайы, қаржылық жағдайы бірнеше рет тексерілген. Бірақ шикі табылып көрген емес. Наркес Мамедова мен сонда директор болып жүрген кезде де, мен Медеу аудандық салық инспекциясында істеймін. Медеу аудандық прокуратурада да істеймін, егер мәселе туындаса, маған айтыңыздар, көмектесемін деп жүретін. Оның туыстарының балалары біздің мектепте оқығандықтан, жиі келіп жүрген. Бірақ мен оның көмегіне ешқашан жүгініп көрген емеспін. Бірақ мына Серіктің жастығын пайдаланып, алдап түсірген. Оған да осындай мәселелермен жиі келіп жүріп, «қызметім өсті, қалалық прокуратурада істеймін» деген. Оның алаяқ екенін мектеп директоры білмей ақша берген. Ол Серікке бас прокуратураға онлайн арыз кетіп барады, соны тез жаппасаң сотталасың, деп алдап сеніміне кірген»,- дейді мектептің бұрынғы басшысы.

Күдіктінің адвокаты Алмагүл Мусина тергеу кезінде қорғауындағы азаматты босатуға толық негіз барын айтады. ҚР ҚК 153 бабы негізінде қоғам үшін қауіпті қылмыскер немесе күдікті саналмайтын азаматтарды сотқа дейін үйде болуға немесе кепілдікпен босауға заң мүмкіндік береді. Сондықтан оны үкім шыққанға дейін бостандықта болуын сұрап арыз түсірдік, дейді қорғаушы.

«Негізі қылмыстық іс бойынша Серік Қалиев жәбірленуші болуы керек еді. Бірақ ол айыпталушылар қатарына өткен. Себебі оған жала жабылып отыр. Күдікті адамның түсініктемесін, оның беттестеру хаттамасын және өзге берген жауаптарын оқып шығып Серік Қалиевтің кінәлі екеніне күмәнмен қарап отырмыз. Себебі «Н» деген азаматша оны және тағы бір мектеп директорын алдаған. Осы адамның негізсіз түсініктемесімен ол қамалып отыр. Заң бойынша күзетпен бұлтартпау шарасы қай кезде жүзеге асады? Беттестіру, түсінік хаттамаларының барлығы алынды. Тергеуге кедергі келтіреді, қашады деген ешқандай негіз жоқ. Біз мектеп директорын үй қамаққа шығару немесе кепілдікпен босатуын сұрадық»

Отыз тоғыз жастағы мектептің директорына ҚР ҚК 190 бабы, алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен иемдену  деген айып тағылған.  Бүгін оның адвокаты Алмагүл Мусинаның талап арызын тергеу соты қанағаттандырмады. Күдікті С. Қалиевті тағы бір айға қамауда ұстау туралы қаулы шығарды. Енді қорғаушы үш күн ішінде қалалық сотқа аппелияциялық шағым түсіру құқығын пайдаланбақшы.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы