Өйткені кәсіпорындар құрылыс материалдарының қымбаттауынан шығынға батуда
Қызылжарда ірі құрылыс компаниялары банкрот болудың алдында тұр. Мемлекеттік бағдарлама аясында тұрғын үйлерді салып жатқан кәсіпорындар құрылыс материалдарының қымбаттауынан шығынға батуда, деп хабарлайды Астана арнасы.
Құрылыс саласында 26 жылдан бері еңбектеніп келе жатқан Сергей Тимофеев алғаш рет тығырыққа тіреліп отырғанын айтады. Оның кәсіпорны Петропавлда ондаған тұрғын үй мен мектеп салып, аймақтағы ең ірі құрылыс компанияларының біріне айналған. Алайда бүгінде болашағымыз бұлыңғыр дейді ол. Себебі биыл құрылыс материалдары бірінен соң бірі қымбаттап, компания мойнына алған бірнеше нысанды өз қаражатына салуға мәжбүр болғандарын жеткізді.
«Біз бүгінде мемлекеттік тапсырыс бойынша бес тұрғын үйдің құрылысын жүргізіп келеміз. Алайда материалдар қымбаттаған соң, бізде өндіріс қуаты әлсіреп қалды. Өзіміздің жеке жобаларымызды ысырып қойып, айналымдағы қаражаттың барлығын бюджеттік үйлерге салуға мәжбүр болдық. Әкімдік шілде айында бес үйдің үшеуіне сараптама жасап, қосымша шығынды өтеп береміз деп уәде еткен. Бірақ қаражат әлі күнге дейін түскен жоқ. Егер борышын өтемесе, біз банкротқа ұшырауымыз мүмкін», - дейді құрылыс компаниясының басшысы Сергей Тимофеев.
Жыл басынан бастап қымбатшылық құрылыс материалдарының барлық түрін қамтыды. Мәселен, ақпан айымен салыстырғанда қазанда кірпіш пен шынының бағасы шамамен 50 пайызға өскен. Ал ағаш пен металлдың құны мүлде екі есеге артыпты. Құрылыс заттары жаппай орта есеппен аймақта 20 пайызға көтерілген дейді сала мамандары.
Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, қазір қалада 20 тұрғын үй кешені бой көтеріп жатыр. Шенеуніктер оған сараптама жүргізіп, он жетісінде материалдардың тым қымбаттап кеткенін растаған. Қосымша шығынды өтемекші, бірақ биыл емес.
«17 жоба экспертизадан өтті. Әр жоба бойынша қосымша 150-200 миллион теңге бөлінеді. Бірақ бұл қаражат биылғы бюджетте қарастырылмаған. Тек келесі жылы бірақ төленеді. Ақпан айынан бастап», - дейді Петропавл қалалық Құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Болат Қанғужинов.
Жалпы қала бойынша 14 мыңнан астам тұрғын пәтер кезегінде тұр. Ал құрылыс компаниялары жергілікті әкімдік сметаның құнын көтермесе, мемлекеттік бағдарлама аясында үй салудан мүлде бас тартуға бекініп отыр.