Қала әкімі мерзімнің кешіктірілуіне пандемияны кінәлады
Құрылысы 2018 жылы басталып, 2020 жылы пайдалануға берілуі тиіс болған Шымкент қаласының халықаралық әуежайы әлі салынып бітер емес. Көпшілік асыға күтіп жүрген жаңа ғимараттың құрылысы қашан аяқталатынын қала әкімі Мұрат Әйтенов Елордадағы ОКҚ-да өткен брифинг барысында айтты.
Шаһар басшысы құрылыстың ұзаққа созылуын пандемия жағдайымен байланыстырды. Десе де кейбір жұмыстардың аяқталғанын да атап өтті.
«Бұл – толықтай инвестициялық жоба. Оны инвестор өз қаражатына салып жатыр. Ал мемлекеттің қаражатына салынған көлік тұрағын эксплуатацияға бердік. Алдағы уақытта ол ақылы болмақ. Әуежайға баратын арнайы жолды салдық. Сондай-ақ, біздің тарапымыздан әуежайға тартылатын инженерлік инфрақұрылымдық жұмыстарды атқарып жатырмыз. Пандемияға байланысты экономика тұралап қалғандықтан инвестор объектіні өткізу уақытын кейінге шегерді. Бүгінде ол 2022 жылдың алғашқы жартыжылдығында барлық жұмыстарды аяқтауға уәде беріп отыр», - деді Шымкент әкімі.