Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы қазақстандықтардың несиесі кешіріледі деген ақпарат тараған
Алматыдағы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің алдына бүгін ондаған адам жиналды. Олар елімізде несие амнистиясы жүргізіледі деген жалған ақпаратқа сеніп қалған деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Несиенің кешірілетіні туралы ақпарат азаматтардың мессенджеріне келген. Олар бүгін аталған агенттіктің алдына палатка құрып, кредиттік амнистия жүргізуді талап етті.
«Біз кеше осындай ақпарат естідік. Мен көпбалалы анамын, өзімнің төрт балам бар және мүгедек қайынінімнің бір баласын асырап отырмыз. Жалпы бес бала. Олардың үшеуі студент. Осыларды жетілдіру үшін 500 мың теңге несие алғанмын, енді төлей алмай қиналып жатырмын, жағдай елде қиын. Ақшаның бәрі дәрі-дәрмекке жұмсалады. Менің ойымша, үкімет біз сияқты көпбалалы аналардың несиесін кешіру керек. Осы жаңалықты естіп, таңғы 7:40-та осында келдім», - дейді Алматы тұрғыны Гүлзада Әбілтаева.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұған дейін әлеуметтік желілер арқылы жалған ақпарат тарап жатқанын халыққа ескерткен болатын. Олардың сөзінше, бүгін несие амнистиясы туралы фейкті белсенді Жанболат Мамай таратқан.