Олар мемлекет қарауындағы жерлерді заңсыз сатып жіберген
«Іле-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің басшыларына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталған. Заңгер Бақытжан Базарбектің хабарлауынша, лауазымды тұлғалар құнды жердегі учаскелерді заңсыз жекеменшікке берген. Экобекеттерде туристер төлеген қаржыны да жымқырумен айналысқан.
«Іле-Алатау ұлттық табиғи паркі» МҰТС лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс қозғалды! Ерте ме, кеш пе, қылмыстық іс қозғалады деп уәде еткенімдей, орындалды! Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Алматы облысы бойынша Өңіраралық тергеу департаменті «Іле-Алатау» ұлттық табиғи паркі» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағының лауазымды тұлғаларына жер телімдерін иеліктен шығару, табиғатты қорғау мақсатында заңсыз құрылыс салу фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады», - деп жазды заңгер өзінің Facebook-парақшасында.
Оның сөзінше, Ұлттық парк аумағындағы жер телімдерінің 115 кадастрлық нөмірінің тізілімі жасалған. Тау бөктерлерінде ондаған демалыс үйі заңсыз салынып, рұқсаты жоқ болса да сәнді де, зәулім ғимараттар пайда болған. Оның айтуынша жер телімдерінің заңды немесе заңсыздығы турасында прокуратура мен өзге де уәкілетті органдар әлі күнге дейін баға бермеген.
«2019-2020 жылдары Алматы облысының Талғар, Еңбекшіқазақ аудандарындағы мемлекеттік ұлттық табиғи саябағында жер телімдерін заңсыз иеліктен шығаруына қатысты өзімнің жеке тексеруімді қалай жүргізгенім бәрінің есінде. Ол үшін Ұлттық саябақтың шекарасында орналасқан жер учаскелерінің 115 кадастрлық нөмірлерінің тізімін жасау қажет болды. Мен Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік департаментіне тексеру жүргізу және сотқа дейінгі тергеуді бастау туралы өтініш бердім. Осыған дейін Ұлттық парк шенеуніктерінің әрекетінен зардап шеккен кәсіпкерлерге өтініш білдіремін. Бірігіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметті қолдап, ортақ ұлттық меншігіміз, Іле-Алатауы ұлттық паркі жерлерін ретке келтіретін кез келді», - деп жазды Бақытжан Базарбек.