Олар АҚШ-та қайтыс болған қазақ Әсия Сардарбекқызының ұл-қыздары мен немерелері
АҚШ-та өмір сүріп, 105 жасында қайтыс болған Әсия Сардарбекқызының ұл-қыздары мен немерелері қазақ халқына алғыс айтып, хат жолдады. Кейуана XX ғасырдың екінші жартысына дейін Ауғанстанда билік құрған Мухаммед Захир-шах әулетінің келіні. Оның үрім-бұтағы бүгінде Американың Вирджиния штатында өмір сүріп жатыр.
«Ассалаумағалейкум Ұлы Қазақстан халқына! Көңіл айту хабарлама үшін Қазақ қызы Әсияның ұрпақтары атынан алғыс айтамыз. Иә, біз мейірімді әжемізді қатты сағынамыз. Ол бір ғасырдан астам өмір сүрді. Оның жүзіндегі әрбір әжім тарихтан сыр шертетін. Ол екі рет Кеңес Одағы шапқыншылығынан аман қалып, көзі тірісінде екі рет босқын болды. Жас босқын қыз бөтен елге келгеніне көп уақыт болмаса да келін атанып, бір жылдан кейін жастай ана атанды. Ол көп балалы болғанмен, оның бесеуі ғана аман қалды. Олардан 19 немере, 20 шөбере және 2 шөпшек сүйді», - деді Әсия апаның қызы Рона Амири Нассири.
Патша әулетінің ұрпақтары өздерін қазақ ұлтының бір бөлшегі санайтынын жазған. Айтуынша, аналарының қазақ болғанын бүкіл ұрпағы мақтан тұтады. Ғасыр жасаған қарт ана туған жерін өле өлгенше сағынып, қастерлеп өткен.
«COVID-19 пандемиясы кезінде де оның барлық жақындары, соның ішінде балалары, немерелері мен шөберелері қоршап алды, ол соңғы демін алған кезде де қасында болды. Оның ағасы мен оның балалары да Қазақстан мен Түркиядан бейнеконференция арқылы онымен қоштаса алды. Әлхамдулиллах, оның құлағында соңғы сәтте де Алла Тағаланың Құран Кәрімінің әдемі сөздері болды. Ол Жаратушысына тыныш және ризашылықпен оралды. Біз оның отбасы ретінде анамыз Әсияны, оның күш-қуатын, алтын, кең жүрегін және қайсарлығын әрқашан мақтан тұтамыз. Оның нұрлы бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады. Оның ұрпақтары Әсияның өздеріне ана, апа және ұлы әже болғанын мақтан тұтады, әрі өте бақытты сезінеді. Біз, отбасымыз тамаша қазақ халқының және Қазақстанның бір бөлігі болғанымызды мақтан тұтамыз! Анамыз Әсияға көрсеткен сүйіспеншілігі, қолдауы және мейірімділігі үшін қазақ халқына және Қазақстан үкіметіне шексіз алғысымызды білдіреміз. Осы қайғылы уақытта қолдау білдірген және көңіл айтқан жылы сөздеріңізді тағы да шын жүректен жоғары бағалаймыз. Алла Тағала қазақ қызының туған елін, өзі сүйіп, қастерлеген Қазақстанын сақтасын!», - деп жазған Ә.Сардарбекқызының ұрпағы жазған хатта.
Еске салайық, ғасыр жасаған қарт ана соңғы қырық жылға жуық уақыт АҚШ-та өмір сүрді. Ол қазақ даласынан небәрі 10 жасында әкесі Сардарбекпен бірге кетуге мәжбүр болған. Туған жерінен жырақ кеткеніне 90 жылдан асса да Әсия Сардарбекқызы ана тілін ұмытпаған.