Ол өзінің жұмыстан заңсыз қуылғанын айтып отыр
Алматы қаласы Алмалы ауданына қарасты №7 балабақшасының бұрынғы меңгерушісі Күлшат Рыспаева биыл мамыр айында өзін жұмыстан қуған қалалық Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаевамен соттасып жатыр. 30 жылдан аса балабақша саласында қызмет етіп келе жатқан Рыспаева өзі басқарған мекеменің екі қызметкерін жұмыстан босатқаннан кейін Білім басқармасындағылар соңымнан шам алып түсті деп отыр.
Экс-меңгеруші жарты жыл бойы жұмыссыз жүр. Ол Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаевадан моральдық қысым көргенін айтады. Әділдік орнату үшін сотқа жүгінген. Десе де, бұл жағдайға Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов те назар аударуы керек деп есептейді ол.
Даудың басы неден басталды?
- 2018 жылдың қазан айынан 2020 жылдың мамыр айына дейін мен осы балабақшаның меңгерушісі болып жұмыс істедім. №7 балабақша қаладағы ең проблемалы балабақшалардың бірі болатын. Маған дейін де бес-алты меңгеруші ауысқан. Онда әдіскер Одырова.П және тәрбиеші Зубайдаева.Г деген проблемалы қызметкерлер бар. Сол кісілер меңгерушілерге жұмыс істеуге мүмкіндік бермеді. Түске дейін жедел жәрдем, түстен кейін учаскелік полиция қызметкерлерін шақырып, шаршаған бірталай меңгеруші өз еркімен қызметтен кеткен. Ол кезде Білім басқармасының басшысы Г.Ходжабергенова болған және осы балабақшаға мені тағайындаған да сол кісі еді. Мен барғанда балабақша ғимараты апатты жағдайда тұрды. Қабырғалары қақырап, іші көктен тұтап кеткен болатын. Одан бөлек, жоғарыда мен фамилияларын атаған екі қызметкер сол балабақшаны үйіне айналдырып алған. Екеуі екіден балаларын әкеліп, сол балабақшада тұрды. Яғни, сонда жұмыс істейді, тамақ ішеді, ұйықтайды. Сонымен мен ол екі қызметкердің үстінен арыз жазып жүріп, заңды түрде орындарын босатуына ықпал еттім, - дейді К.Рыспаева.
Екі қызметкерді жұмыстан шығарамын деп, басы дауда қалған
Күлшат Рыспаеваның айтуынша, 2020 жылдың 21 қаңтары күні Алматы қаласы әкімінің орынбасары мен қалалық Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева сенбі екеніне қарамастан, меңгерушіні кабинетіне шақырған.
- Екеуі менің жеке басыма қатысты ауыр сөздер айтып, алдыма екі еңбек кітапшасын лақтырды. Осылайша заңды түрде жұмыстан шығартқан Зубайдаева мен Одырованы бір күнде жұмысқа алдырып, бір күнде қайта шығартты. Сосын екеуін басқа балабақшаларға меңгеруші етіп жіберді. Аталған жағдайға Мектепке дейінгі тәрбие бөлімінің бастығы Сагиева куә. Міне, осы уақыттан бастап 1,5 жыл тексерістен көз ашпадық. Білім басқармасы біресе қаржылай құжаттарды ақтарды, біресе «балаларды ұрады» деп тәрбиешілерге тексеру жүргізеді. Ең соңында «сен неге балаларға ақсерке балығын бересің?» деген уәж айта бастады, - дейді экс-меңгеруші.
14 балабақшаға 14 миллион теңгеден бөлінген
2020 жылы ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін Алмалы ауданындағы 14 балабақшаға 14 миллион теңгеден қаражат бөлінгенімен, қаражатты рұқсатсыз пайдаланды деген айыппен Күлшат Рыспаева ғана қызметінен босатылған.
- 2018 жылы мен балабақшаның мүшкіл жағдайын көріп, қалалық Құрылыс және Білім басқарламаларына балабақшаға күрделі жөндеу жұмыстары қажеттігі жөнінде ресми хат апарып, жағдайды түзетуді сұрадым. Сол хаттың негізінде 2020 жылы жобалық смета құжаттары жасалып, тамыз айында ағымдағы жөндеу жұмысын жүргізуге 14 миллион теңге бөлінді. Аталған қаржыға ауладағы орындықтар мен топтардың жөндеу жұмыстары жасалынды. 2021 жылдың қаңтар айында балабақшаға тағы тексеріс келеді. Ол кезде қоластымдағы тәрбиешінің үстінен бір ата-ана түсірген шағым бойынша тексеру жұмыстары жүргізіліп, бейнебақылау камералары тексерілді. Кейіннен тәрбиеші жұмыстан шығарылды. 22 ақпанда денсаулығыма байланысты ауруханада жатқанымда Білім басқармасы басшысының орынбасары балабақшаға келіп, есепшілердің құжаттарын, ғимаратты тексерген. Тексеру нәтижесі бойынша «14 миллионның жөндеу жұмыстары жоқ» деп 5 бірдей балабақшаның үстінен анықтама жазған. Менің ол анықтамадан 12 мамырға дейін еш хабарым болмады. Мұндай «заң бұзушылық әрекеттерге жол бергенімді» мамыр айында, телефоныма кадр бөлімінің маманынан «жұмыстан босатылдыңыз» деген хабарлама келгенде білемін. Бізде менен басқа бес меңгеруші бар. Бірақ аталған анықтамаға сүйеніп, мені ғана жұмыстан шығарып отыр. Енді басқа жерге де жұмысқа бара алмаймын. Мені мұндай баппен жұмыстан қудалағаннан гөрі, алдағы «миллиардтаған теңге бөлінетін күрделі жөндеу жұмыстарына бөгет болғалы отырсың...» деп айтқандары әлдеқайда жеңілірек болар еді, - дейді ол.
Іс сотта қаралып жатыр
Күлшат Рыспаева қазіргі таңда жұмыссыз және қалалық Білім басқармасының мамандары тарапынан әлі күнге дейін қысым көріп жүргенін айтты. Себебі аталған жағдайға қатысты ашылған іс сотта қаралып жатыр. Бүгінгі күнге дейін бірнеше тыңдалым өткен.
- Қазіргі таңда жұмыссызбын. Енді маған телефон арқылы «Арызыңды қайтарып ал. Балаларың бар ғой, солардың болашағын ойла. Біз прокуратура, Білім басқармасы, анау жоғары жақтан бастап біргеміз. Кімге қарсы келіп отырғаныңды білесің бе, ойлан» деп телефон арқылы психологиялық қысым жасап отыр (жылап). Сол балаларымның болашағын ойлағаным үшін, журналистерден араша сұрап отырмын. Бәлкім, осы материалдан соң Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов біздің жағдайымызды өз назарына алатын шығар... 10 жыл бойы бір рет те Білім басқармасы аталған балабақшаға бас сұқпаған. Бар кінәм балабақшаға жағдай жасап, екі коррекциялық топ аштырып, құрылыс жұмыстарын жүргізуге мұрындық болғаным.
Жұмыстан мені Еңбек кодексінің 52-бабының 13-ші тармақшасына сүйене отырып шығарған, ол негізсіз. Мен бұл шешіммен келіспеймін. Себебі мен ешқандай да өрескел заң бұзған жоқпын. Екіншіден, балабақшаға жөндеу жұмыстарын жүргізуге ақша бөлу Алмалы ауданының әкімшілігінің құзырында, және МКҚК №7 бала-бақшаға бөлінген қаражат Алмалы ауданының әкімі Б.Н. Торғаевтың нұсқауымен берілген. Мен өз еркімен мемлекеттік бюджеттен мұнша қаражат алып, жөндеу жасайтын жұмыс мердігерлерін таңдай алмаймын. Жөндеу жұмыстары мемлекеттік сатып алу ережесі бойынша жүргізіледі. (Тиісті келісім-шарт көшірмелері бүгінгі күні алынды, сотқа қосымша тапсырылады). Үшіншіден, жауапкердің жөндеу жұмыстарын жүргізуге тыйым салған дегені негізсіз деп есептеймін, себебі ондай тыйым туралы ешбір хабарлама маған келіп түспеді, - дейді жұмыссыз жүрген маман Күлаш Рыспаева.
Бұл оқиғаның мән-жайын толығырақ білу үшін Алматы қалалық білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаеваның телефонына хабарласып көрдік, жауап бермеді. Редакция атынан басқармаға ресми хат жолданды.